
Бұл туралы журналистерге елдің Сыртқы істер министрі Михай Попшой мәлімдеді.
Оның айтуынша, президент Майя Санду парламенттің республиканың ТМД-ға қатысуына қатысты келісімдерді денонсациялау туралы шешімдерін бекіткеннен кейін, 8 сәуірде ұйымның Минск қаласындағы хатшылығына ресми хабарлама жіберілген.
Министрдің атап өтуінше, молдавалық тарап хабарламаның алынғаны туралы растау алған. Осылайша, рәсім ресми түрде басталғаннан кейін 12 ай өткен соң республика Достастықтағы қатысуын толық тоқтатады.
Бұған дейін Молдова парламенті екінші, түпкілікті оқылымда елдің ТМД-дағы мүшелігін іс жүзінде тоқтататын заңдар пакетін қабылдады. Депутаттар Кишиневтің 1990-жылдардың басынан бері ұйымға қатысуының негізін қалаған үш негізгі құжатты денонсациялады.
Атап айтқанда, 1991 жылы Минскіде қол қойылған ТМД-ны құру туралы келісім, 1991 жылғы желтоқсанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыда қабылданған Алма-Ата хаттамасы, сондай-ақ 1993 жылғы ТМД жарғысы сөз болып отыр.
Достастықтан шығуды 101 депутаттың 60-ы қолдап дауыс берді. Шешімді билеуші «Әрекет және ынтымақ» партиясы қолдаса, оппозиция оған үзілді-кесілді қарсы шықты.
Соңғы жылдары Кишинев ТМД құрылымдарындағы қатысуын біртіндеп қысқартып келеді. Хабарланғандай, төрт жыл ішінде Молдова билігі республика бақылаушы мәртебесіне ие болған ТМД және ЕАЭО отырыстарын елемеген, ал 2025 жылдың соңына қарай ел Достастық аясында қол қойылған 255 құжаттың 67-сінен бас тартқан.
Молдова билігі бұл бағытты еуропалық стандарттар мен батыс нарықтарына қайта бағдарланумен түсіндіреді. Сонымен қатар Кишинев нақты экономикалық пайда әкелетін және Еуропалық одаққа қосылу бағытына қайшы келмейтін келісімдерді ғана сақтап қалатынын мәлімдеп отыр.
В Атырау -10