Атырау, 14 сәуір 16:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 474.90
€ 555.30
₽ 6.24

ҚМДБ Атырауда қаза тапқан сотталушыға жаназа неге оқылғанын түсіндірді

141 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау қаласындағы «Иманғали» орталық мешітінде қаза тапқан сотталушыға неліктен жаназа намазы оқылғанына қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды Newtimes.kz.

Діни басқарманың мәліметінше, марқұмның туыстары мешітке келіп, кезекші имамнан жаназа намазын оқып беруді өтінген. Олар мәйітті жерлеу үшін Жылыой ауданына алып кететінін айтқан.

Алайда, дін қызметкерлерінің айтуынша, туыстары марқұмның жеке басы, өмірбаяны немесе оның бұған дейін сотталғаны туралы ешқандай ақпарат бермеген.

ҚМДБ өкілдері имам жаназа намазын өткізу кезінде адамның өткен өміріне қатысты үкім шығармайтынын, тек сол сәттегі қолжетімді ақпаратқа сүйенетінін атап өтті.

Сонымен қатар, басқарма марқұмның сүйегі мешіттің ішіне кіргізілмегенін хабарлады. Рәсім мешіт ауласында өткізіліп, содан кейін туыстары сүйекті өздері алып кеткен.

ҚМДБ мәліметі бойынша, мешіт қызметкерлерінің жаназа шығаруға өтініш білдірген әрбір адамның жеке деректерін толық тексеруге мүмкіндігі жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырауда кәмелетке толмағандарға қарсы ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан 51 жастағы ер адамға жаназа намазының оқылуы қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол 22 наурызда түзеу мекемесінде сотталушылар арасындағы төбелес салдарынан қаза тапқан еді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

БАҚ пен әлеуметтік желідегі жарияланымдардан кейін бұл жағдай қызу талқыға түсті. Куәгерлердің айтуынша, жаназаға көп адам жиналған, олардың бір бөлігі марқұмның бұрын қандай қылмыс үшін сотталғанын білмеген болуы мүмкін.

Бүгін, 10:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.