Атырау, 30 наурыз 13:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 482.53
€ 555.44
₽ 5.92

Атырауда миллиардтар жұмсалған теміржол вокзалы қайта бұзылды

Сурет
120 рет қаралды

Атыраудағы теміржол вокзалы бүгінде толықтай дерлік бұзылған. Оның орнында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, ал жолаушылар пойызды уақытша қойылған шағын будка мен дүңгіршікте күтуге мәжбүр.

2015 жылы Атырау теміржол вокзалына ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген еді. Қала әкімдігінің мәліметінше, сол кезде нысан заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, тәулігіне үш мың жолаушыға дейін қабылдай алатын деңгейге жетті. Күту залдары, VIP-аймақ, ана мен бала бөлмесі ашылып, платформалар мен іргелес аумақ жаңартылды.

2024 жылы да абаттандыру жұмыстары жалғасып, ғимаратқа LED-экран орнатылды, вокзал алдындағы автотұрақ кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі жаңартылды, 90 шырша отырғызу жоспарланды. Бұл жұмыстар толық бөлшектеу жұмыстарына дейін жасалған еді.

Бүгінде Атырау теміржол вокзалының ғимараты толық бұзылған. Алдыңғы алаңдағы абаттандыру элементтері әлі сақталғанымен, ғимараттың өзі соғыстан қираған нысанға ұқсайды.

Қазір жолаушыларға қызмет көрсету жағдайы өте қолайсыз: олар пойызды шағын будка мен киоскіде күтуге мәжбүр.

Тұрғындар: «Жақсы вокзал еді, жақында бәрін жаңартып, экран қойды, абаттандырады. Енді бәрін сүріп тастады, адамдар будкада тұр» – деп шағымдануда.

Әкімдік түсіндіргендей, вокзал теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасына байланысты бұзылған.

«Теміржол вокзалдарын жөндеу және жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылғы қыркүйекте басталды. Биылғы жылдың бірінші жартысында бірнеше вокзалдағы жұмыстарды аяқтау жоспарланған, ал қалған нысандар екінші жартыжылдықта пайдалануға беріледі», – деп хабарлады жолаушылар тасымалы басқармасының бөлім басшысы Данияр Ғарифулла.

Жаңа вокзал жобасында инженерлік желілерді ауыстыру, қасбеттерді жаңарту, жарықтандыру мен навигация жүйесін орнату, пандустар мен заманауи санитарлық тораптары бар қолжетімді орта құру қарастырылған.

Қала тұрғындары жаңа вокзал бұрынғы реконструкциядан ұзақ қызмет етеді деп үміттеніп отыр.

Айгүл МАНСУРОВА

Суреттерді түсірген автор

Бүгін, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.