
103 қызметінің жас фельдшерін өлтіруге қатысты қоғамдық резонанс тудырған іс соттың қорытынды кезеңіне жетті: бірден 19 адам айыпталып отыр.
Күдіктінің барлығы дерлік 20–25 жас аралығындағы жігіттер. Олардың арасында жұмыссыздар, зауыт жұмысшылары, жеке фирма қызметкерлері, тіпті заңгер де бар. Бұған дейін олардың ешқайсысы заң алдынлдағы жауапкершілікке тартылып көрмеген.
Сол күнгі қайғылы оқиғаға әкеліп соққан жағдай болмашы бір нәрседен туындаған.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2025 жылғы 16 тамызда «Ляпиза» мейрамханасында той өтеді. Тойдағы қонақтар ойнап-күліп, демалып отырады. Сағат 22:30 шамасында екі жігіт бір-бірімен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан. Екеуін де далаға шығарғанымен, төбелеске екі жақтың да достары қосылған. Олар жағдайдың ақ-қарасы шешілмей бір-бірімен жұдырықтасып кетеді.
Кейін Жұмыскер кентінің жігіттері өздерін қорлады деп санап, «беделді» қалпына келтіру үшін бейресми көшбасшы саналатын танысы Д.А.-ға хабарласқан. Осыдан кейін жай төбелес алдын ала дайындалған қарулы қақтығысқа айналған.
Бір-бірімен келісіп, мәселені шешу үшін кездесетін жерді белгілеп, қосымша адам жинай бастайды. Тергеу мәліметі бойынша осы жерде кейбірінде бұл мәселені күшпен жеңу мақсаты болған.
Түнге қарай жағдай ушыға бастады.
Жұмыскердің жігіттері 16-ға жуық адам жинап, көліктеріне аңшылық мылтық, шолақ мылтық (обрез) және қайта жасалған тапаншалар салып алған. Бұл қарулар кейін белгілі болғандай заңсыз сақталып, тасымалданған.
Түн ортасында екі топ Химпоселок ауданындағы Менделеев көшесінің маңындағы бос алаңда кездескен. Атыс түн ортасында басталған. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үрейленіп, бір пәле болғанын сезген. Соған қарағанда, қару қолданған жігіттер айналадағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін екенін тіпті ойламаған.
Қарсы тарап бірінші болып оқ атқан соң, Д.А. да өз тобына оқ атуға бұйрық берген. Осыдан кейін кәдімгі атыс басталған.
Осы атыс кезінде жедел жәрдем қызметінің 23 жастағы фельдшері Азамат Асылбековтің кеудесіне оқ тиіп, ол оқиға орнында көз жұмды.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдіктілер қаруды жасырып, іздерін суытуға тырысқан. Кейін бұл істен құтылып кетудің жолын іздестіріп кездесіп тұрған.
Іс бойынша бір адам пистолетті тығып, қылмысты жасыруға көмектескені үшін жеке айыпталып жатыр.
Айыпталушылардың бірқатарына адамдар тобымен кісі өлтіру, енді біріне бұзақылық, тағы біріне қаруды заңсыз сақтау және тасымалдау айыптары тағылып отыр. Тағы бірі ұйымдастырушы, бірі орындаушы, біреу "жәй қолдағаны үшін" тергеліп жатыр.
Қазір күдіктілердің бір бөлігі тергеу изоляторында (СИЗО), қалғаны үй қамағында отыр. Іс Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.
Айта кетерлігі, бұл тек айыпталушы тарапқа қатысты процесс. Қазіргі уақытта қаза тапқан фельдшердің достарына (жәбірленуші тарапқа) қатысты да сот жүріп жатыр, өйткені олардың да қару қолданғаны анықталған. Сот процесі аяқталуға жақын.
Толығырақ «АЖ»-ның келесі материалынан оқисыздар.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10