Атырау, 20 қараша 15:09
 дождьВ Атырау +6.7
$ 448.72
€ 493.86
₽ 5.49

Грузияда газ жарылысы: ұлттық аза тұту күні жарияланды

67 рет қаралды
Фото x.com/thecaspianpost
Фото x.com/thecaspianpost

Грузия астанасында қайғылы оқиға болды: бес қабатты тұрғын үйде болған күшті жарылыс салдарынан алты адам, оның ішінде екі бала қаза тапты. Ғимараттың бір бөлігі опырылып, ондаған отбасы баспанасыз қалды.

Civil Georgia басылымының хабарлауынша, ел билігі 22 қарашаны ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Жарылыс 19 қараша күні таңертең Тбилисидің шетіндегі Квемо-Поничала ауданында болған. Алдын ала болжам бойынша, оған тұрмыстық газдың таралуы себеп болуы мүмкін. Жарылыс бес қабатты үйдің жоғарғы қабатында болып, соның салдарынан ғимараттың бір бөлігі опырылып түскен.

Оқиға орнына құтқарушылар, өрт сөндірушілер мен дәрігерлер жетті. Адамдар үйінді астында қалған. Іздестіру-құтқару жұмыстары түннің бір уағына дейін жалғасты. Нәтижесінде алты адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған екі баланың мәйіті табылды. Құтқарушылар үйінді астынан үш жасар қызды тірідей алып шықты.

Зақымданған үйді тексергеннен кейін мамандар екі кіреберісті тұруға жарамсыз деп таныды. Тбилиси билігі 28 отбасын, яғни шамамен 143 адамды қонақүйлерге уақытша орналастырды.

Грузия БАҚ-тарының мәліметінше, құтқару операциясы шамамен 15 сағатқа созылған. Бес адам тірідей құтқарылды. Зардап шеккендердің арасында жарылыс болған пәтерде болған деген болжам бар 31 жастағы ер адам да бар. Оның денесінің 80 пайыздан астамын күйік шалған. Қазіргі уақытта жағдайы өте ауыр.

Грузия Ішкі істер министрлігінің алдын ала мәліметі бойынша, жарылыс газ жылытқышын қосу әрекеті кезінде болуы мүмкін. Алайда қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Прокуратура қауіпсіздік ережелерінің ықтимал бұзылуына байланысты қылмыстық тергеу бастады.

Жексенбі, 22 қарашада Грузияның бүкіл аумағында мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Ел билігі қаза тапқандарды еске алу мақсатында жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.

Бүгін, 13:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.