
Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) айтарлықтай серпіліс жасап, 24-орыннан 16-орынға көтерілді. Ел алғаш рет рейтингтің ең жоғары санатына еніп, Германия, Жапония және Швециядан озып шықты.
Екі жыл ішінде Қазақстан өз позициясын бірден 8 сатыға жақсартты. БҰҰ баяндамасында бұл өсім көшбасшы елдер арасындағы ең қарқынды нәтижелердің бірі ретінде аталды. Қазақстанның индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өсті (әлемдік орташа көрсеткіш — 0,6675).
Ең жоғары рейтингтік санатқа (VH) электрондық үкіметі барынша дамыған небәрі 21 мемлекет кіреді. 2026 жылы бұл санатқа алғаш рет тек үш ел қосылды: Қазақстан, Ирландия және Польша. Осылайша, Қазақстан енді Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ және Эстониямен бір қатарда тұр. Соңғы екі жылда Эстониямен арадағы алшақтық төрт есе қысқарды.
ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш бастап тұр. Салыстыру үшін: Өзбекстан — 32-орында, Әзербайжан — 38-орында, Ресей — 50-орында.
Көрсеткіштердің өсуіне қандай факторлар әсер етті:
Байланыс және интернет. Ұялы байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 41-орыннан 13-орынға көтеріліп, инфрақұрылым деңгейі жағынан Эстониямен теңесті.
Цифрлық сауаттылық. Азаматтардың цифрлық дағдыларының көрсеткіші 1,5 есе өсті. Ал білім деңгейі бойынша ел 42-орыннан 28-орынға көтерілді.
Жүйені жаңғырту. 2026 жылы, яғни Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған кезеңде, жаңа буын eGov жүйесі іске қосылды. Мемлекеттік базалар азаматтарға анықтамаларды қолмен жинаудың қажеті болмайтындай етіп біріктірілді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. Жыл басынан бері eGov арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетілген, оның үштен екісі смартфон арқылы жүзеге асқан.
Жаңа технологиялар мен заңдар. Елде Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды, өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған AI-ХҚКО-лар ашылды, alem.ai халықаралық орталығы жұмысын бастады. Сонымен қатар қазақстандық суперкомпьютер әлемдік TOP500 рейтингіне енді.
БҰҰ eGov.kz және eGov Mobile экожүйесін мемлекеттік органдар жұмысының үйлесімділігі, цифрлық сәйкестендіру және сервистердің тиімді өзара байланысының үлгісі ретінде ерекше атап өтті.
«Рейтинг біз үшін ешқашан түпкі мақсат болған емес, ол ауқымды жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жасанды интеллектке басымдық беруіміз дұрыс шешім болды: ол бюрократиялық жұмыстарды өз мойнына алып, адамға стратегиялық немесе шығармашылық міндеттерге уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Алдымыздағы келесі міндет — азамат өзі сұраныс білдірмей тұрып-ақ, оған қажетті қызметті ұсынатын мемлекет құру», — деп түсіндірді нәтижелерге қатысты Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Анықтама: UN E-Government Survey зерттеуі БҰҰ-ға мүше 193 ел арасында екі жылда бір рет өткізіледі. Сарапшылар онлайн қызметтердің сапасын, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капиталды бағалайды.
В Атырау +6.4