
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Атырау облысында ерлі-зайыптының өліміне қатысты резонансты іс бойынша екі күдіктінің ұсталғанын түсіндірді.
ІІМ мәліметінше, Қазақстан полициясы Интерпол және Индонезия құқық қорғау органдарымен бірлесіп, 29 жастағы ер адамды Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұстаған. Ол екі және одан да көп адамды өлтірді деген күдікке ілінді.
Әділовтің сөзінше, күдіктімен бірге оның бұрынғы жұбайы — қаза болғандардың кенже қызы да ұсталған. Бұған дейін ол жоғалып кеткен деп саналып, халықаралық іздеуде болған. Қазір екеуі де осы іс бойынша күдікті ретінде қарастырылып отыр.
Тергеу болжамына сәйкес, қылмыс 2025 жылдың қарашасында пайдакүнемдік мақсатпен және ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдар негізінде жоспарланған. Күдікті қылмыстан кейін мәйіттерді қораның ішіне көміп, қан іздерін жойып, марқұмдардың ақшасы мен мүлкін иемденген.
«Қазақстандық полицейлер Интерпол және Индонезия полициясымен бірлесіп үлкен жұмыс атқарды. Күдіктілер ұсталды, жақын арада Қазақстанға жеткізіледі. Қазір олардың экстрадициясы мен елге жеткізілу мәселесі шешіліп жатыр», — деді ІІМ орынбасары Сенат кулуарында.
В Атырау -10