
Үш орындаушы қазір бір жарым жылдан бері түрмеде отыр. Ал негізгі ұйымдастырушы осы уақыт бойы халықаралық іздеуде болып, тек 2025 жылдың көктемінде қолға түсті. Жақында оған сот үкімі жарияланды.
Бұл оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде басталған. Атырау әуежайында багажды тексеру кезінде үш чемоданнан Қызыл кітаптұа енгізілген 28 тірі ителгі табылды. Құстар байланған, арнайы орналастырылып, қарапайым жүк сияқты тасымалдауға дайындалған еді.
Орындаушылар ретінде Османов Э., Дощанов Ж. және Алхусейни А. анықталды. Осылардың чемодандарынан құстар табылып, тасымалдаушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олар кінәларын мойындап, ұйымдастырушыны «Абдулла» деп атады. Кейін анықталғандай, оның шын есімі – Сабел Махмуд Дея, 55 жастағы Сирия азаматы екен.
Алайда сотта бұл адамдар өз сөздерінен бас тартты. Соған қарамастан, сот олардың тергеу кезінде берген алғашқы айғақтарын сенімді деп таныды.
2024 жылдың тамызында үш орындаушыға жеті жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, оларға сирек жануарларға қатысты кез келген қызметпен айналысуға бес жылға тыйым салынды. Бұл үкім апелляциядан және Жоғарғы соттан өтіп, өзгеріссіз қалды.
Ал Абдулла–Сабел ол кезде тергеуден тыс жерде жүрген. 2024 жылдың қаңтарында халықаралық іздеуге жарияланып, тек 2025 жылдың 9 сәуірінде ұсталды. Ұсталған сәтінде ол Ақтауда тұрып жатқан.
Сотта Сабел кінәсін мойындамай, түсініктеме беруден бас тартты. Ол тек өзін толық ақтауды сұрады. Айтпақшы, тағы бір жайт анықталды: 2013 жылы ол Ақтөбе облысында сирек құстарға қатысты осындай қылмыс үшін сотталған екен. Сот бұл деректі оның тыйымды жақсы білгенін және әрекетті қасақана жасағанын дәлел ретінде ескерді.

Бұл жолы мемлекет шығынды шамамен 101 миллион теңге деп бағалады — әр ителгіге орта есеппен 3,6 миллион теңгеден. Алайда бұл ақшаны сириялық азаматтан өндіріп алмады, себебі барлық 28 құс тірі, жақсы жағдайда болған еді.
Әрине, жартылай өлі ителгілерді ешкім сатып алмайды, олар тек толыққанды, сау әрі «тауарлық» күйінде ғана бағаланады.
Айтпақшы, ителгі тек біздің ел үшін ғана емес, Таяу Шығыс елдері үшін де ерекше құс саналады. Ол жақта сұңқармен аң аулау дәстүр әрі мәртебе белгісі болып есептеледі. Аукциондарда аңшылық ителгілердің бағасы ондаған мың доллардан асып кетуі мүмкін. Дәл осы сұраныс жылдар бойы Қазақстанды қоса алғанда, олардың таралу аймағындағы елдерде заңсыз аулауды күшейтіп келеді.
Сондықтан құстарды кейін сатуға жарамды болуы үшін олардың ешқандай жарақаты болмауы және аң аулауға қабілетті күйде болуы маңызды еді. Сол себепті оларды жақсы күтіп-баққан. Тінту кезінде Өркен және Нұрсая ықшамаудандарындағы жеке үйлерден құстарды тыныш әрі сау ұстауға арналған барлық құрал: желдеткіш тесіктері бар қораптар, құстардың еркін мінезін басатын дәрі-дәрмектер, шприцтер, қанат байлайтын ленталар, көзге арналған қаптамалар және жыртқыш құстарды қамап ұстауға қажет басқа да заттар табылды.
...Сот контрабандашыға жеті жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын минималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, оған сирек жануарларға қатысты кез келген қызметпен айналысуға бес жылға тыйым салынды.
Ал құстарды арнайы күтімнен өткізіп, оңалту шараларынан кейін табиғатқа жіберді. Бүгінде олар қайтадан Атырау облысының даласында еркін қалықтап жүр.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -10