
Сот шешімімен оң жақ жағалаудағы «Квадрат» булану алаңдарын жабу экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.
Бұған дейін хабарланғандай, эколог-белсенділердің «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ға қарсысот процесі барысында кәсіпорынның «Квадратты» пайдалануға берілген мерзімдік жеңілдіктері жоқ екені белгілі болды. 2025 жылғы 20 қаңтарда экономикалық соттың бес жыл бұрынғы тыйым салу туралы шешімі заңды күшіне енді, соған сәйкес қала әкімдігінің балансындағы бұл тоған жабылуға тиіс.
„Ақ Жайық“ редакциясы сот шешімінің орындалуы бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады, бірақ жауаптар, әрине, айқын еді.
„Атырау облысы Су Арнасы“ кәсіпорны „Квадраттың“ қаладағы оң жақ жағалаудағы 150 мыңнан астам тұрғын үшін кәріздік су бұру жүйесінің жалғыз әрі баламасыз элементі екенін атап өтті. Қазіргі уақытта ағынды суларды бұрудың басқа техникалық немесе ұйымдастырушылық шешімдері жоқ.
«Сот шешімін орындау Атырау қаласында сумен жабдықтау мен су бұруды толық тоқтатуға, инженерлік инфрақұрылым нысандарының жұмысын тоқтатуға әкеледі. Бұл қоғамда үлкен резонанс туғызып, ауыр әлеуметтік және санитарлық-эпидемиологиялық салдарға соқтыруы мүмкін.
Булану алаңдарының жұмысын дереу тоқтату қысқа мерзім ішінде кәріз жүйесінің толық салдануына, кәріздік желілердің бақылаусыз толып кетуіне, тазаланбаған ағынды сулардың жаппай төгілуіне, тұрғын үйлерді, медициналық мекемелерді, балалар ұйымдарын және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарды су басуына алып келеді», – делінген КМК директоры Мейірім Қалауи қол қойған хатта. Осыған байланысты «ағынды суларды төгуге тыйым салу туралы сот шешімін қазіргі жағдайда орындау объективті түрде мүмкін емес» деп көрсетілген»
Ол сондай-ақ оң жақ жағалаудағы кәріздік тазарту құрылыстарының (КТҚ) реконструкциясы мен «Квадраттың» өзінде жүргізіліп жатқан тазарту жұмыстары туралы еске салды. Сондықтан булану алаңдарын реконструкция аяқталғанға дейін пайдаланудан шығару техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Өйткені бұл қаланың су бұру жүйесінің толық тоқтауына әкеледі. Осылайша, сот шешімін орындаудың мүмкін еместігі кәсіпорынның әрекетсіздігінен емес, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға және су бұру жүйесін заң талаптарына сәйкестендіруге бағытталған стратегиялық маңызды нысанды реконструкциялау жұмыстарымен байланысты».
Кәсіпорын КТҚ реконструкциясы аяқталғанға дейін мерзімді ұзарту туралы өтінішпен сотқа қайта жүгінді. Бұл жұмыстарды биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ал қала әкімдігі («Квадрат» пен КТҚ бойынша жұмыстардың тапсырыс берушісі) реконструкция мен тазарту жайлы жалпы сөздермен шектеліп, әкім аппараты КМК-ға мерзімді ұзартудан бас тартқан бірінші және апелляциялық инстанцияның сот актілеріне қайта шағымданбақ екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, тазартылған «Квадратты» және реконструкцияланған КТҚ-ны пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Бұған түрлі себептер: жобаға түзетулер енгізу, жұмыстар мен құрылыс материалдарының қымбаттауы, қосымша геологиялық зерттеулер жүргізу, қаржының болмауы, сондай-ақ бас мердігер — «Павлодар өзен порты» АҚ-ның кадр тапшылығы әсер етті. Бұл мәселе 2022 жылдан бері жалғасып келеді.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау -10