Атырау, 7 ақпан 16:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 494.63
€ 583.22
₽ 6.42

Құлсары мектебіндегі шабуылға күдікті жасөспірім туралы не белгілі?

110 рет қаралды

Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде 10-сынып оқушысы сыныптастарымен жанжалдан соң оларға шабуыл жасаған оқиғадан кейін, жасөспірімнің жеке басына қатысты кейбір деректер белгілі болды.

Дереккөздердің айтуынша, 15 жастағы оқушы бұған дейін ішкі істер органдарында тіркеуде болмаған, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Сондай-ақ мектепте де, мектептен тыс жерде де оның қатысуымен ешқандай жанжал тіркелмеген.

«Жасөспірім бұрын полиция назарында болмаған. Онымен байланысты ешқандай мәселе тіркелмеген», – деді жағдайды білетін дереккөз.

Жергілікті билік өкілдері де жасөспірімнің отбасы құқық қорғау органдарының материалдарында бұрын кездеспегенін айтты.

«Отбасы жағдайы жақсы, бұған дейін ата-анасына немесе балаға қатысты ешқандай шағым не сигнал түспеген», – деп нақтылады әкімдік.

Жергілікті тұрғындар да бұл отбасы туралы пікір білдірді. Олардың айтуынша, бұрын ешқандай жанжалға қатысы болмаған.

«Бұл отбасын көптен бері білеміз. Бұған дейін ешқандай проблема болған емес, бәрі байсалды болатын», – деді отбасының туысы.

Ал мектеп оқушылары арасындағы жанжалдың нақты себебі әзірге жарияланған жоқ.

Еске салайық, 5 ақпанда «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы сыныптастарымен жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабар түскен. Нәтижесінде екі оқушы жеңіл жарақат алған.

Күдікті оқушыны полиция анықтап, ұстады. «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірім уақытша қамау изоляторына орналастырылып, ішкі істер органдарының есебіне қойылды. Оқиғаның мән-жайына сәйкес процессуалдық шаралар қабылданды.

Іс материалдары Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберілді. Ата-анасына қатысты «баланы дұрыс тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін» әкімшілік іс қозғалды. 

Тергеу барысында мектеп әкімшілігінің және күзет қызметкерлерінің әрекеттеріне де құқықтық баға берілмек.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Айгүл МАНСУРОВА

Бүгін, 14:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.