
Алаяқтық үшін сотталған қайырымдылық қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат колонияда әлі жұмысқа орналаспаған, бірақ болашақта жұмысшы мамандықтарының бірін, соның ішінде киім модельері кәсібін меңгеруі мүмкін, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Осыдан жарты жыл бұрын сот Перизат Қайратты 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) мәліметінше, мекемеде бос жұмыс орындарының болмауына байланысты ол қазіргі уақытта жұмыс істемейді.
Бұған дейін, 2025 жылдың қазанында Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков сотталушыны жұмысқа орналастыру мәселесі оның икемі мен бос жұмыс орындарының бар-жоғына қарай шешілетінін мәлімдеген еді.
ҚАЖК-нің редакция сауалына берген жауабында сотталушының жазасын сот шешіміне сәйкес өтеп жатқаны айтылған, бірақ нақты қай мекемеде екені ашып айтылмады. Комитет түзету мекемелерінде сотталушылардың 48 жұмысшы мамандығының бірін иелене алатынын нақтылады. Олардың ішінде аспаз, киім модельері, омарташы сияқты кәсіптер бар. Бұдан бөлек, 34 бағыт бойынша қысқа мерзімді курстар қолжетімді.
«Сотталған әйелдер арасында ең сұранысқа ие мамандықтар — тігінші, шаштараз, визажист, кондитер және пішініші. Әркімнің еңбек бостандығына, қызмет түрі мен мамандығын еркін таңдауына құқығы бар», — деп хабарлады ҚАЖК.
Перизат Қайрат үш жыл бойы Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорын басқарды. 2024 жылдың қарашасында ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, қаражаттың бір бөлігі жылжымайтын мүлік, автокөлік сатып алу және шетелдік сапарлар сияқты жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Кейінірек Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражатты да иемденді деген күдікке ілінді. 2025 жылдың наурызында қор сот шешімімен таратылды.
Шілде айында сот Перизат Қайратты орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айырды. Оның анасы Гайни Алашбаева 7 жылға сотталды.
В Атырау -10