Атырау, 5 ақпан 14:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 498.65
€ 589.06
₽ 6.49

Атыраудағы иіс - жел бағытына тәуелді

112 рет қаралды
Әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желідегі видеодан стоп-кадр

Атыраудағы жағымсыз иістер қазір ешкімді таңқалдырмайды. Олар толқын сияқты келеді: көбіне түн ортасында бірнеше ауданға бірдей жайылып, таңға қарай жоғалып кетеді. Кейде жоғалмайды да. Тек желдің бағыты мен сол сәтте «көбірек иіс жұтқан» мекенжайлар ғана ауысады.

«Ақ Жайық» газеті соңғы он жылдағы материалдарды қарап шықты. Тұрғындардың шағымдарын желдің бағытымен салыстырды, бұрынғы жарияланымдарды зерттеді және қалалықтан бастап республикалық деңгейге дейінгі барлық тиісті мекемелерге сұрау салды. Біз осы мәселе бойынша бірдеңе өзгерді ме, әлде Атырау әлі күнге дейін шіріген жұмыртқа немесе аммиак иісінің «кестесімен» өмір сүріп жатыр ма – соны білгіміз келді.

Атырауда қазір құрал-жабдық та, дерек те жеткілікті. «Қазгидромет» РМК мен Экология министрлігінің жауабына қарағанда, қалада атмосфералық ауаны бақылайтын кеңейтілген жүйе жұмыс істейді. Автоматтық бекеттерден алынған мәліметтер онлайн режимде беріліп, халыққа қолжетімді.

Ал тұрғындар жайлы айтсақ. Барлығымыз соңғы (немесе одан бұрынғы) шығарындылардан кейінгі АМӨЗ-дегі тексерістің нәтижесін күтіп отырмыз. Себебі қаладағы кейбір аудандарда зиянды заттардың шекті мөлшерден асып кеткені тіркелген.

Тексеріс нәтижесінде бірдеңе анықталса, АМӨЗ айыппұл алады. Немесе оны басқа біреу алады. Бірақ одан кейін не болады? Айыппұл төленгенімен, ауа ешқашан тазарып кеткен емес.

Ведомстволардың жауаптары 

Біздің сауалымызға әр мекеме өз шындығын айтты. Метеорологтар көрсеткіштерді өлшеп, жариялайды. Экологтар тіркеп, материалдарды ары қарай жолдайды. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы халық арасында ауадағы иістерге байланысты ауруға жүгіну көрсеткіштерінде статистикалық тұрғыда айтарлықтай өсім жоқ екенін нақтылап отыр. Ал қала әкімдігі ақпарат әлі нақтыланып жатқанын хабарлап, түсініктемені тиісті бөлімдерден алуды ұсынады.

Ақыры бәрі тұйық шеңберге айналады. Иіс бар, шағымдар да бар, тіпті сандар да бар. Біреуді бәлкім жазалайды. Ал біз уланған өкпемізбен «құзыреті шегінде» мен «қарау нәтижесі бойынша» деген тұжырымдардың арасында қалып қоямыз.

Желді қала

Әдеттегіше, жұртшылық ең алдымен АМӨЗ-ді кіналайды. Ол қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Ал «Қазгидрометтің» көпжылдық деректеріне сүйенсек, Атырау өңіріне оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бағыттағы желдер тән.

Атыраудағы иістің қайдан шығатынын түсіну үшін белгілі бір күнгі шағымдар кезінде желдің бағытына қарау жеткілікті. Жел әрқашан ластануды өз бағытына қарай, көзінен алып кетеді. Сондықтан әртүрлі бағыттағы жел кезінде қаланың әр бөлігіне әсер етеді.

Оңтүстік жел соққанда ауа оңтүстік өндірістік аймақтан тікелей қалаға келеді. Яғни АМӨЗ-ден, АЖЭО аймағынан, өндірістік алаңдардан, мұнай қоймаларынан және басқа да инфрақұрылымнан. Мұндай жағдайда Авангард, Жилгородок, Лесхоз, қала орталығы, Привокзальный, Сарықамыс ықшамаудандары иістің ықпалында қалады. Егер жел қатты болса, иіс солтүстік ықшамаудандар мен шеткі аймақтарға дейін жетуі мүмкін. Бұл – ең тікелей тасымал сценарийі.

Атыраудағы жиі соғатын желдің бірі – оңтүстік-шығыс желі. Ол қыста және маусымаралық кезеңдерде басым болады да, шлейфті қалың қоныстанған аудандар арқылы солтүстік-батысқа қарай алып өтеді. Бұл жел тағы да АМӨЗ жағынан, Қарабатан бағытынан, оң жағалаудағы коммуналдық нысандардан, «Квадрат» булану алаңдарынан, оң жағалаудағы кәріз-сорғы станцияларынан келеді. Көріп отырғанымыздай, бұл жел бірден бірнеше ықтимал көздерді жинайды.

Мұндай жел кезінде ең алдымен Балықшы, Авангард, Жеңіс саябағы маңы, Лесхоз, Жилгородок, Сарықамыс және қаланың орталығының бір бөлігі зардап шегеді. Дәл осы бағытта тұрғындар көбіне түнгі иістерге шағымданады. Бұл ең жиі соғатын әрі ең қолайсыз жел, өйткені ол тығыз құрылыстардың арасымен өтіп, қаланы желдетпей, шлейфті ықшамаудандарға таратып жібереді.

Оңтүстік-батыс желі солтүстік-шығысқа қарай соғып, АМӨЗ-ден (кейде жел бағыты өзгергенде ішінара), теміржол торабының жуу және буландыру станцияларынан, құю-түсіру эстакадаларынан, мұнай қоймаларынан және басқа да нысандардан ластануды алып келеді. Алдымен Химпосёлок ықшамауданына жетеді, кейін Жилгородок пен Лесхозға тарайды. Мұндай бағыт көбіне әлсіз жел жылдамдығымен, жоғары ылғалдылықпен қатар жүреді және Авангардқа, Жеңіс саябағы маңына, қаланың орталығының бір бөлігіне дейін жетуі мүмкін. Бұл желдің иісі ұзақ уақыт тарамай, ауада тұрып қалуы ықтимал.

Солтүстік және солтүстік-шығысқа жақын солтүстік желдер басқаша әсер етеді. Солтүстік жел соққанда көрініс ерекше айқын болып, оны қарапайым түсіндіру қиынға түседі. Атырауда солтүстік жел карта бойынша жоғарыдан төмен қарай, яғни қаланың солтүстік және солтүстік-шығыс шет аймақтарынан оңтүстік өндірістік аймаққа, әрі қарай далаға қарай соғады. Бұл бағытта ауа ағыны Тасқала, Кеңөзек, Балықшының солтүстік-шығыс бөлігі арқылы өтеді, оң жағалаудағы коммуналдық нысандарды, кәріз-сорғы станцияларды, ескі коллекторларды және булану алаңдарын қамтып, содан кейін тұрғын үйлердің үстімен өтіп оңтүстікке кетеді. Осы сценарийде АМӨЗ-ден шыққан шығарындылар солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарды физикалық тұрғыда жаба алмайды, себебі зауыт ауа қозғалысының бағыты бойынша жол үстінде қалады, бірақ оның көзі емес.

Солтүстік-шығысқа жақын солтүстік жел диагональды бағытта соғып, қаланың солтүстік-шығыс секторынан оңтүстік-батысқа қарай қозғалады. Мұндайда ауа ағыны Тасқала мен Кеңөзектен басталып, оң жағалаудағы аудандар арқылы өтіп, Химпосёлок, Лесхоз және Жилгородокқа жетіп, кейін далаға қарай кетеді.

25 қаңтарда дәл осы бағыттағы жел кезінде Химпосёлок пен Тасқалада күкіртсутектің шекті мөлшерден аса жоғары деңгейі тіркелді. Мұндай метеожағдайда ластану оңтүстік өндірістік аймақтан келді деу мүмкін емес, себебі ауа қозғалысы оны жоққа шығарады. Бұл жағдайда ластану көзі не осы аудандардың солтүстігінде орналасқан, не қаланың өз ішіндегі тұрғын аймақтар мен коммуналдық инфрақұрылымда болуы ықтимал.

Атыраудағы солтүстік желдер қоғамдық талқылауларда сирек айтылады. Бірақ дәл осы желдер қаланың бір ғана шығарындылар көзінен емес, кешенді мәселеден зардап шегіп отырғанын айқын көрсетеді. Солтүстік және солтүстік-шығысқа жақын бағыттарда ауа соққанда қала өткір иіске толып кетсе, бұл ластану көздері тек тұрғын аудандардың сыртында ғана емес, олардың ішінде де бар екенін білдіреді. Әрбір осындай жағдай жылдар бойы кінәні бір жаққа ғана аударып келген ыңғайлы схеманы бұзады.

Жалпы осы желдер көрінісінен өте қолайсыз, бірақ шынайы қорытынды шығады. Атыраудағы жағымсыз иіс «кейде жел бағытына байланысты» емес. Қай бағытта соқса да, ауа тасымалы аймағында міндетті түрде өнеркәсіп, коммуналдық инфрақұрылым немесе екеуі қатар болады.

Бұл енді метеорологияның мәселесі емес. Бұл – қаланың қалай салынғаны және әлі күнге дейін қалай өмір сүріп келе жатқаны туралы мәселе.

«АЖ» анықтамасы

«Қазгидромет» РМК өңірлік филиалының деректеріне сәйкес, Атырау қаласында атмосфералық ауаның сапасын бақылау тұрғын аудандар мен қаланың шет аймақтарында орналасқан стационарлық бақылау бекеттерінде жүргізіледі.
Қазіргі уақытта мынадай бақылау пункттері жұмыс істейді:
Самал ықшамауданы
Құрсай ықшамауданы
Жұлдыз ықшамауданы
Химпосёлок ауданы
Береке ықшамауданы
Дамбы ауылы
Ақшағала ықшамауданы
«Мұнайшы» стадионы ауданы
Самал ықшамауданы (екінші нүкте).

Қалада атмосфералық ауаны бақылау үшін өнеркәсіптік кәсіпорындар орнатқан автоматты станциялар деректері де қолданылады. Олардың ішінде АМӨЗ, ТШО және НКОК бар (113-станция, Авангард ықшамауданы). Сонымен қатар тұрғындардың шағымдары бойынша шығатын жылжымалы зертханалар да жұмыс істейді.

Жекелеген өлшеулер қала маңындағы елді мекендерде де жүргізіледі. Оған Кеңөзек пен Тасқала кіреді. Бұл елді мекендер белгілі бір жел бағыттарында ластаушы заттардың таралу аймағына түседі.

«Квадрат». Тек зауыт қана емес

Оң жағалаудағы «Квадрат» булану алаңы бөлек атап өтуге тұрарлық. Бұл нысан бірнеше жылдан бері ресми жауаптарда және «Ақ Жайық» басылымының материалдарында күкіртсутек пен аммиак иістерінің тұрақты көзі ретінде көрсетіліп келеді.

2024–2025 жылдары экология департаменті мен әкімдік «Квадраттың» белгілі бір метеожағдайларда ауа сапасына әсерін жалғастырып отырғанын ашық мойындады. Шығыс және оңтүстік-шығыс желдері кезінде булану алаңынан шыққан иістер Балықшыға, оң жағалаудағы ықшамаудандарға, ал қолайсыз жағдайда қаланың орталығына дейін жетеді. Әлсіз жел мен жоғары ылғалдылық кезінде шлейф тұрғын үйлердің үстінде ұзақ уақыт тұрып қалуы мүмкін.

Бұл нысан ресми түрде бірнеше жылдан бері рекультивация кезеңінде тұр. Жабу және жаңғырту мерзімдері бірнеше рет кейінге шегерілгенімен, «Квадрат» осы уақыт ішінде ағынды суларды қабылдауды жалғастырып келді. Бұл дерек мемлекеттік органдардың жауаптарында да, соңғы жылдардағы сот және қоғамдық бастамаларда да тіркелген.

«Квадратты» иістермен байланыстыра айтуөнеркәсіптік кәсіпорындарға қатысты күмәнді сейілтпейді, әрі басты себепті өзгертпейді. Бұл тек Атыраудағы ауа мәселесі бір ғана нысанға байланысты емес екенін тағы бір дәлелдейді. Қала өнеркәсіп пен коммуналдық инфрақұрылым кезекпен тасымал аймағына түсетін жүйеде өмір сүріп отыр. Жел қай жақтан соқса, сол жақтағы бір «кінәлі» міндетті түрде табылады.

Үйреншікті иістің тұтқынында

Атырау мәселесі ешқашан бір ғана себеппен шектелген емес. Бұған он–он бес жыл бұрынғы «Ақ Жайық» басылымындағы сарапшылардың жарияланымдары да ашық дәлел. Ол кезде экологтар батылдау сөйлеп, қаланың іс жүзінде өнеркәсіптік және коммуналдық «шеңберде» қысылып тұрғанын тікелей көрсеткен. Мұнай өңдеу, жуу және буландыру станциялары, эстакадалар, мұнай қоймалары, кәріз-сорғы станциялары мен булану алаңдары ондаған жылдар бойы тұрғын аудандармен қатар орналасып келеді. Сол жарияланымдарда күкіртсутектің нормадан ондаған есе артық көрсеткіштері тіркелген, бұл бір реттік жағдай емес, қаланың жалпы экологиялық жүктемесін көрсеткен. 

Содан бері сыртқы тұрпғыдан көп нәрсе өзгерді. Жаңа қондырғылар, мониторинг жүйелері, қосымшалар мен карталар пайда болды. Бірақ риторика да өзгерді: ол сақтықпен, жұмсақтау, заңдық тұрғыдан мұқият қалыптасты. Енді әрбір жағдай жеке қаралып, әрбір иіс нақты жағдайға байланысты түсіндіріледі. Бүгін – зауыт, ертең – кәріз дегендей.

Зауыт нұсқасы

Бұл хикаядағы бөлек бір бағыті – АМӨЗ омбудсмені Артур Шахназарянның әлеуметтік желілерде белсенді жариялаған түсіндірмелері. Ол өз жазбаларында мұржалардан шыққан бұлттар түтін емес, бу екенін атап өтті және қаладағы күкіртсутектің жиі коммуналдық сипатта болып, кәріз инфрақұрылымының жұмысына байланысты екенін меңзеді.

«Экология департаменті АМӨЗ-ге автоматты мониторинг жүйелерін орнатуды өзі талап еткен. Сонда «егер бұл деректер пайдаланылмаса, не үшін орнатылды?» деген сұрақ туындайды. Кәсіпорынның деректеріне сәйкес, күкіртсутек пен басқа заттар бойынша нормадан асқан көрсеткіштер жоқ. Соған қарамастан, зауытты кінәлі деп көрсетуді жалғастыруда», — деген еді ол.

Осы логикада зауыт күдік аясынан тыс қалып, иістің көзі өндірістік алаңнан тысқары жерге ығыстырылды.

Алайда экология департаменті мен «Қазгидромет» ресми жауаптарында зауыттағы автоматты мониторинг жүйелерінің деректері қаңтар айында талданғанын және жұмыста пайдаланылғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, дәл осы деректер мен басқа материалдарды талдаудан кейін АМӨЗ-ге қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындалған.

Қоғамдық алаңда Авангард ықшамауданындағы №113 мониторинг станциясы туралы да әңгіме көтерілді. АМӨЗ өкілі бұл станцияны ажыратылған немесе алынып тасталған деп мәлімдеді. Ол иістің себебі КСС, «Квадрат» пен ескі коллекторларда деді. Бірақ бұл сөздер 113-станцияны жоққа шығару үшін «зауыт емес, басқа нәрсе кінәлі» деген уәжге айналды.

№113 станциясының жағдайын анықтау үшін «Ақ Жайық» редакциясы «Қазгидрометке» бөлек сұрау жолдады. Ресми жауапқа сәйкес, бекет жұмыс істеп тұр, деректер түсіп жатыр және 2025 жылы онда ауаның қатты ластануы тіркелген. Яғни станция ажыратылмаған да, алынбаған да.

Атыраудың мәселесі, шын мәнінде, басқа жерде. Мәселе – жұмыс істеп тұрған құралдардың өзі жүйелі өзгерістерге алып келмейтінінде.

Біздің сүйікті қаламыз барлық ықпал көздерінің ортасында орналасқан. Бір жағында – тексерілетін, айыппұл салынатын әрі ашық талқыланатын өнеркәсіп. Екінші жағында – ауа сапасына кем түспей әсер ететін, бірақ жүйелі шешімдерге әлдеқайда сирек айналатын коммуналдық инфрақұрылым. Ал олардың ортасында – тұрғындар қалып отыр. Оларға, түптеп келгенде, иістің түнде қайдан шыққаны маңызды емес, тек тезірек жоғалса болғаны

«Ақ Жайық» редакциясы ҚР Экология министрлігіне бөлек хат жолдады. Бұл хатты жай ғана ресми сұрау емес, қала тұрғындарының атынан көмекке үндеу деп те қабылдауға болады. Біз мониторинг бекеттерінің саны, өлшеу әдістемелері немесе жол карталары туралы техникалық мәліметтерді сұраған жоқпыз. Сұрақ барынша қарапайым әрі адами тұрғыда болды.

Атыраудағы ауаға қатысты болып жатқан жағдайға жол беруге бола ма? Қаладағы түрлі аудан тұрғындары бір мезетте өткір иістен тұншығып, кейін «неге мұны ешкім нақты бір көзбен байланыстыра алмайды» деген түсіндірмелерді апталапоқып отыруын қалыпты жағдай деп санауға бола ма?

Бұл сұраққа ақыры жауап берілген жоқ.

Оның орнына бағдарламалардың, станциялардың, мобильді топтардың және іс-шаралардың мұқият тізімі ұсынылды. Шын мәнінде, бізге былай деп жауап қайтарылды: «мониторинг жүргізілуде, тексеру жүріп жатыр, бекеттер жеткілікті, деректер қолжетімді».

Осы жерде бір нәрсе анық байқалады: ешкім болып жатқан жағдайды «жол беруге болмайды» деп атауға дайын емес. Себебі ресми жауапта «қауіпті», «денсаулыққа зиян», «тәуекел» немесе «жүйелі мәселе» деген сөздер пайда болған сәттен бастап ол жай ғана процестің сипаттамасы емес, бағалау болып шығады. Ал кез келген бағалау өзімен бірге саяси, басқарушылық және құқықтық жауапкершілікті тартады.

....Ал енді ауа райына келсек, бүгін жел солтүстік-шығыстан секундына төрт-бес метр жылдамдықпен соғып тұр. Ол зиянды заттарды далаға қарай алып кетіп, Атырауды тұншықтырмайды. 

Бүгін тыныс алуға болады.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Бүгін, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.