
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиында еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Басқосуға әкім орынбасарлары, басқарма басшылары және мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері қатысты.
Жиында өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу басты назарға алынды. Әкімнің айтуынша, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір жұмыс берушінің негізгі міндеті.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы төрт айында өңірде 24 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Оқиғалардан 25 қызметкер зардап шеккен. Негізгі себептер ретінде жұмыс берушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы және қызметкерлердің ережелерді орындамауы аталды. Әр жағдай бойынша комиссиялар құрылып, тексерулер жүргізілген.
Жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған 33 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 15,9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Жиын қорытындысында Серік Шәпкенов кәсіпорындарда еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
В Атырау +13.8