Атырау, 2 маусым 16:19
 дождьВ Атырау +13.8
$ 488.96
€ 569.49
₽ 6.81

ЭЦҚ, WhatsApp және төлемдер: Жангелдиндегі отбасы ісінде цифрлық іздер қаралуда

98 рет қаралды

Кезекті сот отырысында куәгерлер Наурыз Мұқанғалиевтің атынан жіберілген хабарламалар, есептегіштердің фотосуреттері, Сұлтан Сәрсемалиевтің екінші телефон нөмірі және отбасы жоғалғаннан кейін ЭЦҚ арқылы рәсімделген құжаттар туралы айтты.

Екінші нөмір және ЭЦҚ

Сотта айыпталушының туған жездесі Жасұлан Алдықов куә ретінде тартылды.

Оның айтуынша, бірде Сұлтан «Екеумізді ажырастырып жатыр» деп айтқан, бірақ ол оның себебін сұрамаған. 

— Мен оны жанұясы үшін шырылдап шауып жүрген балдыз ретінде көрдім. 13 жыл бойы ешқандай оғаш әрекетін байқамадым», – деді куә.

Алдықовтың айтуынша, Сәрсемалиевтің екінші абоненттік нөмірі болған, ол біраз уақыт бойы оның әпкесінде сақталған. Дәл осы нөмір арқылы Ақбаянды бірінші топтағы мүгедек деп тану және кейін қамқоршылық рәсімдеу құжаттары жасалған. Сол нөмірге электрондық цифрлық қолтаңба тіркеліп, сотқа құжаттар жіберілген.

Наурыздың атынан хабарламалар

Келесі куәгер ретінде Жангелдин ауылындағы газ есептегішінің контролері жауап берді.

Оның айтуынша, қараша айында Наурыз Мұқанғалиевтің нөмірінен газ есептегіштің көрсеткіштері мен фотосуреті жіберілген. Қараша айының төлемі жасалған, алайда желтоқсаннан бастап төлемдер тоқтаған.

Қарыздың себебін анықтамақ болған газ есептегішінің контролері WhatsApp арқылы отбасы мүшелеріне бірнеше рет хабарласқан. Бірақ Мақсот Қарабалиннің телефоны өшіріліп тұрған, ал хабарламаларға ұзақ уақыт жауап берілмеген.

Кейін Наурыздың атынан әке-шешесінің ауырып қалғанын, емдетуге кетіп қалғанын, төлем жасалғаны айтылған хабарлама келген.

Бұл нұсқа басқа куәгерлердің жауабында да айтылған. Бұған дейін де Наурыздың атынан туыстарына және таныстарына отбасының емделіп жатқаны, уақытша үйде жоқ екені туралы хабарламалар жіберілген.

Тағы бір куәгер — су есептегішінің контролері ұқсас хабарламалар туралы айтты.

Оның сөзінше, бұған дейін Наурыз көбіне аудио хабарлама арқылы сөйлесетін, алайда бұл жолы тек мәтіндік хабарламалар келген.

Контролер отбасының үйіне барған кезде көршілер үй иелерінің көптен бері жоқ екенін, баласын емдетуге кетіп қалғанын айтқан.

Келесі куәлардың бірі – Жангелдин ауылындағы марқұмның отбасының іргесіндегі көршісі.

Оған Наурыздың нөмірі арқылы WhatsApp желісінде бірнеше рет хабарлама келіп тұрған. Хабарламаларда марқұм Қарабалиннің өрістен келетін малын қораға қамап, кейін шығарып отыру сұралған.

Былтыр 7 қараша күні тағы да «Малды бір аптадай қарайсың ба?» деген мазмұндағы хабарлама жазылған.

Бір жолы ол Наурызға бейнеқоңырау шалып, малды қай қораға қамау керектігін сұрамақ болған. Алайда оған жауап берілмеген.

Сондай-ақ Нәсіп Өтешқалиеваның Kaspi қосымшасы арқылы 10 мың теңге аударылған. Алайда куә бұл ақшаны Наурызға қайта жіберген.

Прокурор «бұрын мал шаруашасымен Мақсот Қарабаллин айналысып жүрген кезде Наурыздың малға қатысты хабарламалар жазуы күмән тудырмады ма?» деп сұрады. Куә: «Жоқ», – деп жауап берді.

Куәгерлердің айтуынша, отбасы жоғалғаннан кейін де Наурыздың атынан хабарламалар келіп тұрған. WhatsApp арқылы есептегіштердің көрсеткіштері жіберіліп, фотосуреттер жолданған, ақша аударымдары жасалған. Осы жағдайлар қазір сотта егжей‑тегжейлі қаралып жатыр.

Сотта Мұнайшы ықшамауданындағы сарайды (времянка) жалдауға берген баспана иесінен де жауап алынды. Дәл осы жерде кейін Наурыз бен Мейрамгүлдің денелері табылған болатын.

Оның айтуынша, ол Сәрсемалиевке 2023 жылдан бері жалға беріп келген. Ешқандай күдікті жағдайды байқамағанын айтты. Төлемдер тұрақты түрде жасалып отырған, бірақ олар басқа адамның атынан түсіп отырған.

Сотқа келмеген куәлар

Екі куә шақырылғанымен сотқа келмеген. Сондықтан мәжбүрлеу арқылы алып келуді тапсырды судья. Бұлар да отбасының көршілері. 

Келесі сот отырысы 4 маусымға белгіленді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

Бүгін, 15:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.