
Хиуаз Доспанова атындағы әуежай қызметкерлері әуе айлағы тарихында алғаш рет ұшып-қонуға толықтай жабылғанын мойындады.
Ғимаратта жолаушылар қалғанымен, тіркеу жүргізілмейді, тіркеу орындарына жолдар жабық, ал электронды таблоларда барлық бағыттар бойынша бос орын ғана көрсетілген. Ұшулар орындалып жатқан жоқ, рейстердің қайта басталу мерзімі туралы ақпарат жоқ.
Жолаушылар арасында наразылық байқалғанымен, күту залында ашық жанжалдар болған жоқ. Адамдар түсініктеме күтуде: кейде таблоға жақындап, қайтадан орындарына оралады. Билет мәселесін шешу үшін екінші қабаттағы авиакомпания кеңселеріне барады.
Авиакомпания қызметкерлері екі күннен бері қауырт жұмыс істеп жатыр. Олар мұндай жағдайдың бұрын болмағанын айтады. Жолаушыларға ең жақын рейстер 20 қаңтардан кейін ұсынылуда. Билеттер тегін, комиссиясыз ауыстырылады, бірақ жергілікті емес жолаушыларға қонақүйлерге орналастыру қарастырылмаған. Тұру мәселесін әуежай басшылығымен талқылауды ұсынады.
Авиакомпания өкілдерінің айтуынша, рейстердің тоқтатылуына ұшу-қону жолағының күйі себеп болған. Олардың айтуынша, ұшулар жолақ толық тазаланғаннан кейін жалғасады, бірақ нақты мерзімді атамады.
«Ұшу-қону жолағы тазаланған бойда ұшамыз. Бірақ қашан болатынын білмейміз», — дейді қызметкерлер.
Өңірлік коммуникациялар қызметі әуежайда қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстары жүріп жатқанын, оған арнайы техника тартылып, 23 тоннадан астам химиялық реагент қолданылғанын хабарлады. Алайда «Ақ Жайық» тілшісі сол жерде болған кезде техниканың жұмыс жасап жатқаны көзге түспеді. Бүкіл көз жетерлік кеңістік қар жамылған күйде болды.

Ұшу-қону жолағында FlyArystan әуе компаниясының ұшағы тұрды. Ол алдыңғы күні жүру жолынан шығып кеткен болатын. Ұшақ сол орнында қалған, ал жанында жұмысшылар болды. Техникадан тек сұйықтыққа толы ыдысты тасып жүрген тіркемесі бар көк трактор ғана байқалды. Бұл кезде жолақта белсенді жұмыс жүргізілмеді.

Күтуші жолаушылар үшін бірінші қабатта шай ішуге арналған орын ұйымдастырылды. Ғимараттың тұрағында жедел жәрдем көлігі кезекшілік етті, бірақ оның тұру себебі ресми түрде түсіндірілмеді.
Бұл күн хабарландырусыз өтті. Залда үш тілде рейстерді жариялайтын қызметкердің таныс даусы да, оның ерекше акцентпен айтатын ағылшынша сөзі де болмады. Бірден не өзгергенін аңғару қиын еді. Тек үйреншікті дыбыс жоғалды. Қарбалассыз, кездесулерсіз, құшақтасулар мен қоштасуларсыз әуежай өзінің қалыпты бейнесін жоғалтқандай болды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор
В Атырау -8 


