Атырау, 12 қаңтар 13:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 509.94
€ 593.88
₽ 6.43

Әйел бейнесі және насихат: Нара Бейбіттің ерекше көрмесі

92 рет қаралды

Атыраудағы YEMAA кеңістігінде жас суретші Нара Бейбіттің ерекше көрмесі ашылды. Ол қоғамдағы көзқарастар мен насихаттың әйелге және зорлық-зомбылыққа деген қатынасты қалай қалыптастыратынын зерттеуге арналған.

Абстрактылы бейнелер мен бейнежұмыс арқылы автор көрерменге: «Неліктен мойынсұну әлі күнге дейін норма ретінде қабылданады және әйелдер бұған қандай баға төлеп жүр?» деген ойға жетелейді.

Нара Бейбіт 22 жаста. Ол Атырауда туып-өскен. Қазір визуалды өнер мен зерттеу тоғысында жұмыс істейді, шығармашылықты әлеуметтік және тарихи процестерді талдаумен ұштастырады. Мұндай бағыт көбіне отбасы мен алған білімінің ықпалымен қалыптасқан.

Суретші шығармашылық ортада өскен. Атасы — композитор, Құрманғазы атындағы консерваторияда сабақ берген, қобызда ойнаған әрі батыс әуендерін ұлттық аспапқа бейімдеген. Әжесі жас кезінде театр қойылымдарына қатысқан. Нараның айтуынша, екі жақтағы ата-әжесі оған үлкен ықпал етіп, мәдениетке, өнерге және шығармашылыққа құрметін қалыптастырған.

Қазақстанға оралған соң Нара Бейбіт шығармашылық ортада тәжірибе жинады. Алматыда ол «ШАМ» шығармашылық мектебінде тәжірибеден өтті. Бұл мектепті «Ирина Кайратовна» тобының бұрынғы продюсері Қуаныш Бейсек құрған. Нара онда стажер әрі шығармашылық бөлімнің ассистенті болды, сонымен қатар жеке сабақтар өткізген. Оның ішінде креативті ойлау мен видеомонтаж бойынша дәрістер бар.

Осыдан кейін Нара шетелде білімін жалғастырды. 11-сыныпта ол FLEX академиялық алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-қа барды. Кейін Оңтүстік Кореядағы университет жанындағы тіл мектебінде оқыды, ал Малайзиядағы Sunway University-де грант негізінде «коммуникациялық дизайн» мамандығы бойынша білім алды. Бұл бағдарлама британдық Lancaster университетімен бірлесіп жүргізілді. 

Суретшінің айтуынша, коммуникациялық дизайн визуалды ойды жеткізудің кешенді тәсілін қамтиды. Ол бейнемен жұмыс істеуді, визуалды сторителлингті, сценарий жазуды, анимация мен маркетингті біріктіреді. Бұл тәжірибе көрме жобасының форматы мен құрылымына тікелей әсер еткен.

Қазір Нара Бейбіт визуалды өнер мен білім саласында жұмыс істейді. Ол шығармашылық жобалармен қатар онлайн сабақ береді және болашақта академиялық әрі кураторлық бағытта дамуды ойластырып жүр. 

«Біз түрлі дүниелер мен құндылықтардың шекарасында өмір сүріп жатырмыз»

«...Бір жағынан, бізге батыстық үлгідегі еркіндік идеясы жақын, екінші жағынан дәстүрімізді сақтап, құрметтейміз. Ішімізде осы екі таразыны теңестіргіміз келеді», — дейді Нара Бейбіт. 

Біз суретшімен көрме концепциясы, жобаның зерттеу бөлігі және оның жұмыстарының неге қарама-қайшы пікір тудыратыны жайлы сөйлестік.

— Сіздің көрмеңіз жай ғана жұмыстар жиынтығы емес, тұтас жоба сияқты көрінеді. Оның негізгі идеясы неде? 

— Мен үшін бұл көрме жеке-жеке қойылған заттардың экспозициясы емес. Әр жұмыс — мен жүргізген зерттеудің нәтижесі.

Мен насихаттың қалай жұмыс істейтінін зерттей бастағанда, оның тәсілдері мен зорлыққа негізделген теңсіз қарым-қатынастар арасында ұқсастықты байқадым. Осы ойдан фильм туындады. Ол менің дипломдық жұмысым әрі бүкіл жеке, зерттеу және шығармашылық жолымның қорытындысы болды.

Әйел туралы түсірген бейнежұмысымды Жапония, Малайзия, Германияда көрсетті. Бірақ көрме — бұл жерде өткен жеке соло, толыққанды өнер туындысы ретінде ұсынылды. 

— Фильмді жобаның өзегі деп айттыңыз. Оның мәні неде? 

— Бұл фильм — отарлау мен некенің метафорасы іспетті. Оның ішінде тұрмыстық зорлық бар. 

Алғашқы деңгейде әйел күйеуіне — оған азап шектірген, қорлаған және еркіндігінен айырған адамға тіл қатқандай көрінеді.

Сонымен қатар, туындыда басқа қыр да көрініс табады. Отарланған халық отаршыға үн қатқанындай әсер береді. Сол мәтін мен сол интонация қолданылады.

«Саған менің еркіндігім ұнады — сен оны тартып алдың. Саған менің жанымда сүйікті адамдарымның болғаны ұнады — сен олардан мені ажыратып қойдың». 

— Сіз өз еңбектеріңізде отарлау мен кеңестік идеологияның қазақ әйелдерінің санасына ықпалын қарастырасыз. Бұл тақырып сіз үшін қай тұстан бастау алды?

— Мен үшін зерттеудің бастапқы нүктесі Салтанат Нүкенованың оқиғасы болды. Арнайы пікірлерді қарап, оқып, талдадым. Көп адамдардың, шамамен жартысы, жағдайды талқылаумен шектелмей, Салтанаттың өзін кінәлағаны мені қатты таңғалдырды. Олар «өзі кінәлі», «лайықты болды», «оның өмір салты зорлық жасауға негіз болды» деген пікірлер жазды.

XXI ғасырда әлі күнге дейін зорлықты ақтайтындардың көптігі мені әрі шошытты, әрі ойландырды. Көбіне мұндай ақтау дәстүрлік түсініктермен бүркемеленеді. 

Әйел жәбірленушіге айналады, бірақ айып оған тағылады. Тіпті өз отбасы да кінәлайды. Мұның бәрі «солай қалыптасқан», «күйеуінің жазалауға құқығы бар» деген түсінікпен түсіндіріледі.

— Көрермендердің көбі сіздің жұмыстарыңызды бірден түсіне бермейміз дейді. Бұл саналы түрде жасалған тәсіл ме?

— Иә. Бұл — абстракция, мен мұны әдейі қолданамын. Образдар, фигуралар, символдар нақты мағынаға ие емес. Бұл менің жауабым немесе тұжырымым емес, бұл — қойылған сұрақ. 

Мен көрерменді ойлануға шақырамын, дайын түсіндірме бермеймін. Зерттеу нысаны ретінде мені визуалды тіл және әр дәуірде қазақ әйелінің, сондай-ақ Орталық Азия халықтарының бейнелену ерекшеліктері қызықтырды.

Көптеген визуалды дереккөздерде — суреттерде, иллюстрацияларда, кинода олар «артта қалған», «жабайы» кейіпте көрсетілген. Бұл — насихаттың ең мықты түрлерінің бірі, себебі бейне санаға бірден әсер етеді. 

— Сіз кеңестік киноны мысалға келтіріп отырсыз ғой. 

— Иә. Мысалы, 1969 жылғы «Шөлдегі ақ күн» фильмінде бір көрініс бар: аулада әйелдер тұрғанда ер адам кіріп келеді, олардың бірі бетін жабу үшін етегін көтереді, бірақ денесі ашық қалады. 

Бұл — мысқыл, Орталық Азия әйелдерін қорлайтын бейне. Мұндай образдағы әйел — жай ғана декор, оның дауысы жоқ, пікірі жоқ. 

— Бірақ тарихта мықты әйелдердің бейнелері бар.

— Біз эпостарымызды білеміз, Томирис секілді мықты әйелдердің бейнесімен мақтанамыз. Бірақ бүгінгі тұрмыста әйелден мойынсұну мен толық бағыну талап етіледі. Өткен шақтағы қайсарлық мен қазіргі әлеуметтік талаптар арасындағы бұл айырмашылық әйелдің ішкі қайшылығын туғызады. 

— Көрмедегі жұмыстар сатылымға қойылған екен. Неліктен осындай баға белгіленді? 

— Жұмыстардың құны 100–150 мың теңге шамасында. Бұл символикалық баға әрі жобаның коммерциялық бөлігі. 

Осы бағытта мен арт-дилер Кенжебек Айтқожинді шақырдым. Ол сатылым мен клиенттермен жұмыс істейді. 

— Әңгімеңізге рақмет. 

Айнұр САПАРОВА

Автор түсірген суреттер

Бүгін, 12:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.