Атырау, 4 ақпан 13:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 503.44
€ 593.35
₽ 6.55

«Мұнайшы» стадионы қайта жаңғыртудан өтеді

Бейнежазба
610 рет қаралды

Атыраудағы «Мұнайшы» стадионы толық реконструкциядан кейін сегіз мыңнан астам көрерменді қабылдай алады. 

Қазіргі таңда спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттары толық аяқталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жоба аясында қолданыстағы үш трибуна бұзылып, олардың орнына заманауи жаңа мінберлер салынады. Жаңартылған стадионда күрес, бокс, таэквондо және теннис залдары, медициналық және массаж бөлмелері, VIP-аймақтар, конференц-зал, телестудия мен оператор бөлмесі қарастырылған. Жанкүйерлер үшін барлық қажетті жағдай жасалмақ.

Футбол алаңы жылыту және автоматты суару жүйесімен жабдықталады. Ойын алаңы биіктігі 53 метрлік төрт жарықтандыру мұнарасымен жарықтандырылады. Сонымен қатар стадион аумағы толық абаттандырылып, спортшылар мен көрермендерге қолайлы жағдай жасалады.

Құрылыс басқармасында атап өткендей, стадионды реконструкциялау Атыраудағы спорт инфрақұрылымының деңгейін айтарлықтай арттырып, спортшылар мен көрермендер үшін заманауи жағдай жасайды.

Облыс орталығындағы ең көне стадион (1950 жылы ашылған) соңғы екі жыл бойы бірнеше рет жаңарту жоспарымен жарияланған. Осы уақыт ішінде «Мұнайшы» газон сапасы мен инфрақұрылымына байланысты елдегі ең нашар стадион атағын алған.

«АЖ»-ға Атырау облысы әкімдігінен хабарлағандай, жобалық-сметалық құжаттаманы «ҚазақЭнергоПром» ЖШС 2024 жылы әзірлей бастаған. Бұл мақсатқа 34,3 млн теңге бөлінген. Биылғы тамыз айында мемлекеттік сараптама ПСД-ға оң қорытынды беріп, реконструкцияның сметалық құны 7,4 млрд теңге деп бекітілді.

Жоспарланған іске асыру кезеңі – 2026–2028 жылдар.


9 қаңтар, 15:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.