
Атырау қаласының Жилгородок ықшамауданындағы «жылы» аялдама павильоны тағы да жылусыз қалды. Бұл нысан бірнеше жыл бұрын орнатылған «жылы» аялдамалардың қатарына кіреді.
Бұл мәселе қаладағы соңғы автобус аялдамасында түсірілген.оқырман бейнежазбасынан белгілі болды. Жағдайды анықтау үшін редакцияның тілшісі сол жерге барып, павильондағы жылыту жүйесінің жұмыс істемей тұрғанына көз жеткізді.
Түсініктеме алу үшін редакция қала әкімдігіне жүгінді. Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген бұл шағым тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарына жолданып, аталған жағдай бойынша тексеріс жүргізілетінін хабарлады.
«Бұған дейін барлық жүйе қалыпты режимде жұмыс істеген», — деді ол.
Бірақ әкімдік бүгінде қалада қанша жылыту жүйесі бар аялдама нақты жұмыс істеп тұрғанын және олардың сатып алу мен орнатуға бюджеттен қанша қаражат жұмсалғанын нақтылаған жоқ.
Ал бұған дейін жарияланған деректерге сәйкес, Атырауда алғашқы жылы аялдамалар 2019 жылы сатып алынған. Сол кезде қала тоғыз павильонды 155 миллион теңгеге алған болатын.
Ашық деректерге сәйкес, қалада барлығы 23 «жылы» аялдама орнатылған. Бұған дейін олардың әрқайсысының құны шамамен 14 миллион 300 мың теңге екені хабарланған еді.
Техникалық сипаттамаға сай павильондар кондиционерлермен, тегін Wi-Fi-мен, орындықтармен және полицияның жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларымен жабдықталуы тиіс еді. Алайдажыл соңына қарай кейбір аялдамалар вандализм жағдайларына байланысты түнде жабыла бастаған.
Жалпы алғанда, бұл Атырауда қоғамдық көлік аялдамаларына «ақылды» шешімдерді енгізудің алғашқы мысалы емес. Мәселен, 2016 жылы қалада жолаушыларға автобустардың қозғалысы туралы ақпарат беретін электронды таблолар орнатылған болатын. Оларды сатып алуға 39 миллион теңге жұмсалды. Жоба көлікті интеллектуалдау бағдарламасының бір бөлігі ретінде қарастырылған еді. Алайда таблолар толыққанды жұмыс істемей, кейін бөлшектелді.
Айнұр САПАРОВА
«АЖ» оқырманы жолдаған видео
В Атырау -5