Атырау, 21 желтоқсан 09:43
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Нұрым Дүйсенов: «Біз - палуандар еліміз!»

4 152 просмотра

«Жас батыр» спорт залында біз Қазақстан жастарқұрамасының аға жаттықтырушысы Нұрым ДҮЙСЕНОВТІ (суретте) кездестіріп, бірнеше сұрақтар қойдық.

- Нұреке, бізге қандай мақсатпен келдіңіз?

- Мен қазір демалыста жүрмін, алайда жұмыстар жіберер емес. Мырзабек Атбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысушыларды қарауға келдім. Құрамаға үміткерлерді іріктеймін. Мен турнир басталмастан он күн бұрын «Жас батыр» спорт клубында Қазақстанға еңбек сіңірген бапкер Рашид Мусин жаттықтыратын №1 мектеп-интернаттың шәкірттерін дайындауға келдім. Біз Рашид екеуміз доспыз.

Нұрым Сапарұлы Дүйсенов, 43 жаста, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарына қатысушы

- Қазір Атырауда еліміздің бокстан жастар құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Қанат Орақбаев жұмыс жасап жатыр. Сіз де «мұнайлы астанаға» келгіңіз келмей ме?

- Менің Алматыда жұмысым көп. Алайда спортшыларды дайындауға қол ұшын беруге дайынмын. Менің мақсатым – Қазақстан ересектер құрамасына сенімді резервтер дайындау. Елімізде грек-рим күресінің жақсы дәстүрі бар. 1996 жылы Юрий Мельниченко олимпиада чемпионы болды. Бахтияр Байсейітов, Георгий Цурцумия, Әсет Мәмбетов және Нұрбақыт Теңізбаев Олимпиада жүлдегерлері атанды. Біз Қажымұқан Мұңайтпасұлын ардақтап еске алып, жеңісті жолдарымызды жалғастыра беруіміз керек.

Мен әлем чемпионы Артур Үмбетқалиевті, әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Айсұлтан Байзақов пен Жансерік Сәрсембиевті жаттықтырдым. «Біз – палуандар еліміз» деп қорықпай айта аламын!

- Атыраулық палуандардан кім көзіңізге шалынды? 

- Жақында Сербияда өткен әлем чемпионатына Евгений Паливадов қатысты. Ол екі белдесуінде  жеңіске жетіп, өкінішке орай, үшіншісінде ұтылып қалды. Мирас Рахметоллаев 1996 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатында «күміс» алып, Дондағы Ростов қаласында өткен ағайынды Самургашевтарды еске алуға арналған халықаралық турнирде «қола» иеленді. Осы турнирде тағы бір атыраулық палуан Исраил Изатов та осындай жетістікке жетті.

Осы жерде жетім балалардың қалай құлшыныспен жаттығу жасайтындарына сүйсіне қараймын. Мұндағы балалардың біразы жетістікке жете алатынына сенімдімін. Жаттықтырушылар үшін мұнда «материалдар» өте көп.

- Сіз қазір №1 мектеп-интернаты шәкірттерімен не туралы сөйлестіңіз?

- Спортшының ар-намыс кодексі туралы айттым. Бапкерлер міндетті түрде шәкірттерімен осы тақырыпта әңгімелесу өткізу керек деп ойлаймын. Өмірдің маңызды түсініктерін түсіндіретін ата-аналары жоқ жетім балалармен бұл әңгімені жиі өткізіп тұру керек. Спортшылардың міндеті – жарыстарда ел намысын қорғау. Көшеде жанжалды жағдайлардан аулақ болулары қажет. Қанша жұмыс жасап жатырмын, бірақ менің шәкірттерімнің көшеде күш көрсеткендерін естімеппін. Бапкер шәкірттерінің моральдық, психологиялық жағдайларына көңіл бөлмесе, келеңсіз жағдайлар туындауы мүмкін. Бапкер екінші әке болуы керек....

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

19 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.