
18 қыркүйек күні Әзиза Аркенова сотты әділетсіз деп айыптап, Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураның араласуын талап еткен шағымын жариялады.
«3 қыркүйекте судья күдіктіні қамауға алу туралы шешім қабылдайды, ал 12 қыркүйекте оны үйқамаққа шығарады. Бұл әділетті ме? Біреуіне жеңілдік беріледі, ал қалғандары түрмеде қалады, бұл қалай?» — деді ол.
Аркенова үйқамаққа шығарылған адам тергеуге кедергі келтіруі немесе қашып жүргендерге көмектесуі мүмкін екенін атап өтті.
«Мен 23 жаста жесір қалдым, кішкентай балам бар. Күйеуімді көшенің қақ ортасында атып кетті, ал енді күдіктілерді үйлеріне жіберіп жатыр. Бұл әділеттілік пе?» — дейді әйел.
Еске салсақ, 17 тамызда Химпосёлокта атыс болып, оған Жұмыскер мен Авангардтан 30 шақты жігіт қатысқан. Көрген адамдардың айтуынша, олар бірнеше қару қолданған, кейбірі әлі табылған жоқ.
Фельдшерді алдымен ұрған, содан кейін жақын жерден атқан, оқ жүрегіне тиген. Барлық күдікті ұсталған жоқ, кейбірі қашып жүр. Дереккөздің хабарлауынша, солардың бірі полиция қызметкерінің туысы екен.
Қала тұрғындары әйелдің шағымын қолдап, сот шешімін қайта қарауды сұрап жатыр. «Егер кісі өлтірген адамды үйқамаққа шығару мүмкін болса, біздің қауіпсіздігімізге кім кепіл?» — деп жазуда әлеуметтік желілерде.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +2