
Индер ауданында бұқаралық спорт пен туризмді дамыту мақсатында алғаш рет триатлоннан жарыс өтті. Ауқымды спорттық іс-шараға облыстың 100-ге жуық спортшысы қатысты. Жарысты Индер ауданы әкімдігінің қолдауымен AtyrauIronTeam және RunclubAtyrau клубтары ұйымдастырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарысқа қатысқан спортшылар 3 кезең бойынша бақ сынады. Олар алдымен 600 метрді жүзіп өтіп, 30 шақырымды велосипедпен жүріп өтті. Кейін спортшылар 10 шақырым жүгіріп бақ сынасты. Сондай-ақ үш спортшыдан құралған командалық эстафеталар да ұйымдастырылды.
GALLERY
Аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин мұндай доданың Индербор кентінде өтуі ауданымыздағы спорт пен туризмнің дамуына серпін беретіні сөзсіз екенінп атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Жарыс нәтижесі бойынша ерлер арасында бірінші орынды Нартай Қазиев иеленсе, ІІ орын Дәурен Торпақовқа, үшінші орын Мақсат Қадыровқа бұйырды. Ал қыздар арасында бірінші орынды Бақытгүл Сармекова алса, екінші орынды Шаттық Елеуова қанжығалады. Үшінші орынды Арай Мұстахим иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.
Эстафеталық жарыс нәтижесінде “Велоспорт Атырау” командасы 1-орын, “Атырау Рокетс” 2-орын алса, ал үшінші орын “Атырау Спринт” командасына бұйырды.
Жас ерекшелігі бойынша ерекше көзге түскен спортшыларға да арнайы сыйлықтар табысталды.
В Атырау +1