Атырау, 5 желтоқсан 07:09
 ашықВ Атырау +1
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Темірлан Анарбеков - қазақ футболының қаһарманына айналған атыраулық қақпашы

1 245 рет қаралды
Сурет: «Қайрат» ФК Instagram парақшасынан

Күні кеше ғана Атырау ауласында доп қуып жүрген Темірлан Анарбековтың есімі бүгін британдық БАҚ беттерінде аталып жүр. 21 жастағы «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Чемпиондар Лигасында «Селтикке» қарсы ойында қатарынан үш пенальтиді қайтарып, нағыз сенсация жасады.

Темірлан Анарбекұлы Анарбеков 2003 жылы 14 қазанда дүниеге келген. 2017 жылы селекционерлер оның қабілетін байқап, Алматыдағы «Қайрат» академиясына шақырады. Ал осы клубтан қазақ футболының көптеген жұлдыздары шыққан.

2020 жылы 17 жасында, ол «Тараз» командасына қарсы Премьер-лига матчында дебют жасап, кәсіби футболдағы алғашқы қадамын басты.

Капитан белгісі және "Жеңістегі" аренда

2022 жылы Темірлан Бірінші лигада өнер көрсеткен «Қайрат-Жастар» командасында капитан белгісін таққан. Жас қақпашы үшін бұл – сирек кездесетін жағдай, бірақ Темірлан өзіне сенімділігі мен сабырлығымен командаластарының құрметіне ие болған.

2024 жылы астаналық «Жеңіс» клубында жалға ойнап, Премьер-лигада тұрақты ойын тәжірибесін жинаған. Бапкерлер оның реакциясын және ең шиеленісті сәттерде өзін ұстай білетін қабілетін жоғары бағалады.

Анарбековтің «Қайрат» клубымен келісімшарт мерзімі 2027 жылдың соңына дейін, бұл клубтың оған ұзақ уақытқа сенім артқандығының айқын белгісі.

Тарихқа енген матч

2025 жылғы 26 тамызда Алматыда «Қайрат» командасы шотландиялық «Селтик» командасын Чемпиондар лигасының плей-офф қарымта матчында қабылдады. Негізгі уақыт тең нәтиже көрсетіп, жеңімпаз пенальтилер арқылы анықталды.

Темірлан сенсация жасады: ол қатарынан үш пенальтиді – Адам Айди, Люк Маккован және Дайдзен Маэданың тепкен доптарын дарытпады. Сол кеш оны елдің батырына айналдырып, клуб тарихында алғаш рет «Қайратқа» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жол ашып берді.

Әлеуметтік желіде жанкүйерлер: «Тек сен ғана бүкіл елді құтқара аласың» деп жазды. Ал британдық The Guardian газетінде: «Бір түнде Еуропадан мыңдаған миль қашықтықта Темірлан Анарбеков «Селтик» клубының тарихындағы масқараға өз есімін жазды» деген тақырып пайда болды.

Матчтан кейін қақпашы жай ғана: «Мен өз жұмысымды атқардым. Қуаныш сыйлай алғаныма ризамын» деді.

Ойын стилі мен перспективалары

Қақпашының бойы шамамен 190 см, керемет реакциясы, пенальтиді болжай білуі және салқынқандылығы ерекше. Ол қақпа межесінде сенімді ойнайды, қарсыласпен бірге-бір шыққанда батыл әрекет етеді және тәуекелден қорықпайды.

Қазақстанның жасөспірім және жастар құрамаларында көп ойын өткізген. Сарапшылар алдағы жылдары ол ұлттық командада бірінші нөмірге айналатынына сенімді.

Темірлан Анарбековтың хикаясы – Атырау ауласының ойын алаңынан бастап Еуропа ареналарына дейінгі жол. Бар болғаны 21 жаста болса да Қазақстан футболының бет-бейнесіне айналды.

Қазіргі таңда ол «Қайраттың» үміті әрі елдегі жүздеген жасөспірімге үлгі болып отыр. Анарбековтың есімі тек сенсация емес, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ойыншыларды шыңдай білетіндігінің дәлелі ретінде Еуропада әлі талай аталады. 

Айгүл МАНСУРОВА

27 тамыз, 19:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.