
Шығыс және Кавказ билерінің хореографы әрі оқытушысы, Чехияда бизнес-әкімші мамандығын оқыған 32 жастағы Анель Есжанова Ресейде хореография бойынша екінші білім алуды жоспарлап отыр. Оның хикаясы — сүйікті істің өмірдің маңызды бөлігіне айналғанының нақты мысалы.
Біз Анельмен сахна, нәзіктік, дене мен рух күштері және бидің ішкі күйге қалай әсер ететіні жайлы сөйлескен едік.
- Анель, хореографиядағы жолыңыз бірден басталмаған екен. Би сіздің өміріңіздің бір бөлігі бола алады деген ой алғаш қашан пайда болды?
- Бала кезімнен әртіс болуды армандадым: әнші, биші, актриса болғым келетін. Анама бес жасымнан бастап үнемі осы туралы сөз етеді екенмін, ал менің есімде жоқ. Балаларды тыңдаған өте маңызды деп ойлаймын — олар көбіне не қалайтындарын сезеді.
Мен ешқашан кәсіби түрде хореографиямен айналысамын деп ойламаппын. Тек шығармашылыққа тартып тұратын. Мектепте халық билерін билеп жүрдім, бірақ жүйелі емес: бір жыл барып, кейін тастап кететінмін. Сол уақытта жүзумен де айналыстым.

Ал шығыс билері менің өміріме кездейсоқ енді. 2009 жылы Түркияда демалып жүргенде бір мейрамханада ер адамның шығыс биін орындағанын көрдім. Есімі Абдулла еді. Бұл әдемі, нәзік көрініс болатын, бірақ ерсі емес еді. Қатты таңқалдым да: «Неге мен де байқап көрмеске?» деп ойладым.
Кейін Прагадағы университетке оқуға түстім, төрт жыл бойы бизнес-әкімші мамандығын оқыдым. Барлық ұстаздың нақты бизнестері бар, тәжірибелерімен бөлісетін. Бірақ би билеуді тастамадым — қойылымдар қойдым, ансамбль жинадым.
Сол кезде биші тек әртіс еместігін түсіндім. Әрбір қозғалысты, кімнің қашан шығатынын, бәрі қалай үйлесім табуы керектігін мұқият жоспарлау қажет. Бұл инженердің жұмысына ұқсайды.
– Шығыс билері қандай өзгеріс әкелді?
– Көп нәрсе өзгерді. Бұрын мен ұяң, ұялшақ едім. Би ашылып, өзімді жақсы көруге, қабылдауға үйретті. Өзіме сенімді болуды, өзімді сыйлай білуді үйрендім. Шығыс билері — тек тән емес, жан көрінісі.
Менде әйел денсаулығына қатысты проблемаларым болды: эндометриоздан дәрігерлер тіпті бала көтеру мүмкін еместігін айтқан еді. Бірақ биді бастаған соң бәрі өзгерді. Гормондарым қалыпқа келді, цикл тұрақталды. Мен шынымен де тән арқылы сауығуға болатынын сенемін. Әйел өз тәнімен өмір сүре бастағанда, оның өмірінде де көп нәрсе реттеледі.
– Кейде бәрін тастап, кәсібіңізден кетіп қалғыңыз келетін сәттер бола ма?
– Иә, ондай сәттер болады, әсіресе өзіме тым жауапкершілік алған кезде. Менде гипержауапкершілік деген бір қасиет бар. Бәрін өз бақылауымда ұстағым келеді, бәрін өзім жасағым келеді, мұның бәрі шаршатып жібереді. Кейде күшім қалмайды. Сондай кезде үзіліс аламын: табиғатқа шығамын, өзіммен жалғыз қаламын. Содан кейін қайтадан күш аламын.
Демалыс та жұмыстың ібір бөлігі екенін ұмытпау керек. Тіпті ең сүйікті ісіңізден де үзіліс қажет.
– Шығыс билері «әйелдерге арналған» деп жиі айтады. Ал бұл мәдениетте ерлер де билеген емес пе?
– Иә, шығыс билері тек әйелдерге арналған деген пікір — миф. Тарихи тұрғыда шығыс елдерінде ерлер де, әйелдер де билеген. Мысалы, Мысыр мен Түркияда соғыс алдында ритуалдық ерлер биі болған.
Сондай-ақ әдемі бір аңыз бар: әйел күйеуінің қылышын басына көтеріп, оны соғысқа шығарып салатын болған. Сол себепті шығыс биінде қылыш — бас имеудің және күштің символы болып саналады.
Уақыт өте келе би көбінесе әйелдерге тән деп қабылданғанымен, бүгінде ерлер де билейді және өте әсерлі орындайды.

– Көп адам шығыс билері еркектерге ұнаудың амалы деп ойлайды. Әйелдер осы мақсатпен жиі келе ме?
– Иә, кейде солай болады. Бірақ көбінесе процесс барысында бәрі өзгереді. Әйел бастапқыда күйеуін таңқалдыру үшін келуі мүмкін, бірақ кейін алдымен өзі үшін билейтінін түсінеді. Шығыс билері тәніңді сезінуге, сенімділікті арттыруға, әрі нәзік, әрі күшті болуға көмектеседі.
Әйелдер өздеріне күтім жасап, ішкі дүниесі өзгере бастайды. Ал әйел өзгерсе, оның төңірегіндегі барлық нәрсе де өзгереді.
– Шығыс билері бәріне қолайлы деп айтуға бола ма?
– Әрине. Мұнда жасқа, дене құрылысына немесе тәжірибеге ешқандай шектеу жоқ. Ең бастысы — ниет. Көбі алғаш келгенде: «Мен ағаш сияқты қатып қалғанмын» дейді. Бірақ бір-екі айдан соң оларда пластика, еркіндік пайда болады. Бәрі тәжірибе арқылы келеді.
– Атырауда шығыс билері бойынша тренерлер неге аз?
– Себебі бұл жанр басқа қалаларға қарағанда бізде әлі дамымаған. Онымен жүйелі түрде айналысатындар аз. Біреулер оны тек бизнес деп қабылдайды, бірақ өздерін жетілдірмейді, оқымайды. Ал дамымаса, ештеңе шықпайды. Мен халықаралық педагогтарға сүйенемін, үнемі курстар мен мастер-класстардан өтіп тұрамын. Кәсіби түрде өсу мен үшін міндетті.
– Биге дейін мамандығыңыз бойынша жұмыс жасадыңыз ғой?
– Иә, мұнай компанияларында жұмыс істедім. Ресепшннен бастадым, кейін менеджментке өттім. Биді тек декреттік демалысқа шыққанда ғана тастадым. Сол кезде қиын болды: өзімді жоғалтып, салмақ алдым, айнадағы бейнемді танымай қалдым. Өзіме қарауды қойдым.
Содан кейін сүйікті ісіңді жоғалтпау керек екенін түсіндім. Бәрін қайта бастадым да, өзімді қайта таптым. Мен әр адамның өз ісі, өз алданышы болуы керектігіне сенемін. Бұл хобби, шығармашылық, тіпті қарапайым серуен де болуы мүмкін. Ең бастысы — сол жерде адам шын мәнінде өмір сүретін болу керек.
– Қазір тек оқытумен айналысасыз ба?
– Иә. Мен 15 жылдан бері билеп келемін, оның 10 жылын сабақ берумен өткізіппін, ал толық кәсіби түрде осы саламен айналыса бастағанымға бір жыл болды. Шығыс және Кавказ билерін үйрететін бірнеше жерім бар. Әйелдерге де, ерлерге де бағытталған сабақтар бар.
Шәкірттерім сахнаға шығып, байқауларға қатысса деймін. Маған тек шәкірт тәрбиелеу емес, өз бетімен өнер көрсететін бишілерді өсіру маңызды. Өзім де түрлі шараларда өнер көрсетіп жүрмін.
– Ең ересек шәкіртіңіз кім?
– 65 жастағы апай болған. Ол мен декретке шыққанға дейін сабақ алып, бір жыл ішінде бірде-бір сабақты жібермеді. Тіпті сахнада менімен бірге өнер көрсетті. Балалары, немерелері бар, бірақ өте нәзік, күтімді, зиялы, энергиясы күшті әйел. Бұл шынымен шабыт береді.
– Би билеп ақша табуға бола ма?
– Иә. Алғашында мен өзімді, балаларымды асырай аламын ба деп күмәндандым. Екі ұлым бар, ажырасқанмын. Ата-анам көмектесті, бірақ мен қаржылай тәуелсіз болғым келді. Қорқынышты болды, бірақ бәрі жақсы болды. Егер бұған нағыз жұмыс ретінде қарап, жүйе құрып, команда жасап, дамысаң, нәтиже міндетті түрде болады. Қазір менің көмекшілерім бар, әрі қарай ісімді кеңейткім келеді.

– Сізге шетелде билеуге ұсыныс түскені рас па?
– Иә, Түркия мен Мысырда өнер көрсетуге ұсыныс түсті. Араб елдерінде әйелдер өздері сирек билейді, сол себепті шетелдіктерді шақырады. Сол кезде күмәнім болды, ал қазір мүмкін барар ма едім. Бидің отанындағы атмосфераны сезінгім келеді.
– Әлі де оқып жүрсіз бе?
– Әрине. Мен жыл сайын шетелге кәсіби хореографтардан сабақ алуға тырысамын. Жазда Ақтауда боламын — өз ұстазымнан Кавказ билерін жетілдіремін. Бір орында тоқтап қалғым келмейді. Маған ұстаз ретінде формада болып, дамып отыру маңызды.
– Шығыс және Кавказ билері бір бірінен өзгеше. Бірінен екіншісіне көшу қиын ба?
– Иә, бірақ бұл қызық. Шығыс билері — жұмсақтық пен баяу қозғалыс болса, Кавказ билері — абыройдың, күш пен дәлдіктің көрінісі. Әйелдерге арналған Кавказ билерінде құдды аққу секілді тәккапар әрі жеңіл қозғалыста боласың. Ал ерлер билерінде керісінше — құштарлық, күш пен дәлдік қажет.
Қазір мен темпераменті айқын қыздар үшін «Суперлезгинка» деген топ ашып жатырмын. Кавказ және шығыс билері бір-бірін тамаша толықтырады, әртүрлі болғанымен, теңдей маңызды әйелдік күш береді. Кейде өзімді басқа энергетикалық деңгейге ауысқандай сеземін. Кавказ билері менің табиғатыма жақын: онда күш пен абырой барын сеземін.
Билегенде мен ағында жүргендей боламын. Кімнің қарап отырғанын байқамаймын, тек музыканы естимін, денем өздігінен қозғалады. Бұл нағыз бақыт. Мұндай сәтте мен өзімді табамын. Ал би соңында қошемет естіліп, көрерменмен энергия алмасқан сәтті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы сәт үшін сахнаға шығуға болады.
– Биді бастаудан қорқатындарға не айтар едіңіз?
– Ең бастысы — өзіңді тыңдап, қорықпау керек. Би — тек қозғалыс емес, бұл терапия. Шығыс билері әсіресе әйелге өзінің кім екенін еске салуға көмектеседі. Бұл еліктіру немесе өзін көрсету емес, ішкі еркіндік, өзін қабылдау және өзін жақсы көру.
Көп әйел декретте, тұрмыста немесе күнделікті күйбің тірлікте өздерін жоғалтып алады. Барлығын отбасына, балаларына, күйеуіне арнап, өзін ұмытып кетеді. Ал би әйелді өзіне қайтарады. Сол арқылы тіршілік сезімі, қызығушылығы және талғамы қайта оралады.
Тіпті ешқашан билемеген болсаңыз да — бастаңыз. Кеш болып көрінсе де — бастаңыз. Музыканы қосыңыз да қозғалыңыз. Қандай жаста және қандай фигураңыз болса да билеуге болады. Бұл — өзіңізді табу жолы.
Сұхбаттасқан Айнұр САПАРОВА
Автор түсірген және Анель Есжанованың жеке мұрағатынына алынған суреттер
В Атырау +4