Атырау, 25 желтоқсан 19:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Пикетшілерді полицейлердің «Нивасымен» алып кетті (толықтырылды)

3 039 просмотра

25-сәуірде облыстық әкімдік үйіне кірер есік алдында төрт адамнан құралған топ пикетке шықты: 40 жастағы мұғалім Райхан Әлиханова өзінің үш баласымен биліктен өзінің басындағы тұрғын үй мәселесін шешіп беруді талап етті.

20 жылдық еңбек өтілі бар тарих пәнінің мұғалімі Авангард мөлтек ауданында балаларымен бірге пәтер жалдап тұрады. Сегіз жылдан бері баспаның кезегінде тұр, қазіргі кезегі-1015-ші. Оның айтуынша, ол бұл әрекетке өз хатына қалалық және облыстық биліктегілерден «күтіңіз» деген жауапты жылдар бойына алудан қажып кеткендіктен барған екен.

- Менің асырауымда төрт бала бар, олардың біреуі церебральды сал ауруымен ауырады. Мен біз секілді баспанаға өте мұқтаж жандардың көп екендігін түсінемін. Бірақ, мен одан артық күте алатын емеспін, өйткені мен баларымның тағдырына жауаптымын,-дейді Р.Әлиханова. - Менің президентке жазған арызыма жауап келді, хатта облыстық әкімдікке тапсырылғандығы айтылады. Ал, әкімге мені жіберген жоқ. Сонда біздің елімізде көп балалы аналар көшеде қаңғып қалуы қалыпты жағдай болып сагалатын болғаны ма?

Сол арада облыстық әкімдік үйінен шенеуніктер шықты. Алайда, арадағы әңгіменің қисыны қашты.

Әкім аппаратының жетекшісі Асқар КЕРІМОВ:

- Облыс әкімі бір айда 200-ге дейін адамды қабылдайды. Оған кез-келген адам кіре алады, біз ешкімге бас тартып жатқанымыз жоқ. Адамдар, егер қолыма плакат алып шықсам мәселем шешіледі деп ойлайды, алайда, олар қателеседі. Барлығын заң бойынша жасау керек қой. Ал, бұл тек жай ғана арандату. Кішкене балаларға обал, ал, сіздерге, баспасөзге сенсация керек.

Қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ:  

- Мен құжаттарды қарап көрдім, сіз шынында да баспанаға аса мұқтаждар санатына кіреді екенсіз. Жақында Сырым Датов көшесі бойындағы жалға берілетін тұрғын үй тапсырылады. Әкім жұмысқа шыққасын, біз сізді міндетті түрде тізімге енгізетін боламыз.

-Жоқ, мен сіз жазбаша кепілдеме әкеліп бермейінше ешқайда кетпеймін. Осы жерде қанша уақыт болса да күтетін боламын,- Р.Әлиханованың жауабы осы болды. Қала прокуроры Халидолла ДАУЕШОВТІҢ түсіндірмесіне  де ол сене қоймады.

Әкімдіктен келген келіссөз жүргізушілердің төзімділігі өте тез сыр бергенге ұқсайды, алаңда «арнайы топ» пайда болып, қарсыласқанына қарамастан әйелді полицейлердің «Нива» көлігіне сүйрете апарып тықты, онымен бірге балаларында сүйреп мінгізді (олар әйелдермен, балалармен күресе алады екен ғой). Сол кезде басқа бір полицейлер менің және мені қорғау үшін «тәртіп сақшыларымен» енді болмағанда төбелеске араласып  кетуге ұмтылған біздің фототілшіміздің қолындағы фотоаппаратты күшпен тартып алуға тырысты.

Кейінірек Р.Әлиханова телефон арқылы қалалық ІІБ-да түсініктеме жазып жатқандығын хабарлады.

Атырау облысы ІІД баспасөз-хатшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері облыстық әкімдік үйіндегі күзет қосынынан түскен хабарламаға орай әрекет еткен.

- Ол қоғамдық тәртіпті бұзды, облыстық әкімдікке жұмыс жасауға кедергі келтірді. Полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетті. Түсініктеме жазғаннан кейін оны балаларымен бірге үйлеріне босатты, - деді Г.Мұхтарова. Р.Әлиханова қалалық ІІБ басшылығы оған облыс әкімімен кездесу ұйымдастыруға уәде еткендігін хабарлады.

Кейіннен облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТІҢ хабарлауынша, сәуірдің 26-сы күні мамандандырылған әкімшілік соты судьясы Асхат САУДАБАЕВ Р.Әлихановаға 2 АЕК, яғни 3024 теңге көлемінде айыппұл салған. Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы Кодексінің 355-бабының 2-тармағына сәйкес, құқық қорғау органдары өкілдерінің міндетін атқаруға кедергі жасады, заң талаптарына қасақана бағынбады, тіл тигізіп, зорлық іс-әрекет жасау қатерін төндірді деген айып таққан.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген В.Истомин

27 сәуір 2011, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.