
№2 Атырау қалалық сотында «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің бұрынғы топ-менеджерлері мен серіктес тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Бастапқы сот отырысы 2 мамырда басталды, қазір сот тергеуі жүріп жатыр.
Айыпталушы орнында - «Karabatan Utility Solutions» ЖШС Басқарма төрағасының экономика және қаржы бойынша орынбасары Бақытжан Қалдыбаев, төрағаның өндіріс бойынша орынбасары Жеңісбек Лұқпанов, "Атырау жылу желілері" АҚ-ның тете президенті Асхат Дюсенғалиев, "БатысҚұрылысИнвест" ЖШС басшысы Саламат Жанғалиев және жеке кәсіпкер Тимур Бисембаев.
С.Жанғалиев, Т.Бисембаев және Б.Қалдыбаев аса ірі көлемде пара алу, пара беру және бюджет қаражатын жымқыру деректері бойынша айыпталып отыр. Тергеу бойынша, жалған келісімшарттар арқылы мемлекетке 63 миллион теңгеден астам залал келтірілген.
Қалдыбаевқа пара алу (ҚР ҚК 366-бабы 3-бөл. 3-тармағы) және аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу (ҚР ҚК 189-бабы 4-бөл. 2-тармағы), Жанғалиев пен Бисембаевқа лауазымды тұлғаға алдын ала сөз байласып пара беру (ҚК-нің 367-бабы 3-бөл. 1 және 2-тармақтары, 189-бабы 4-бөл. 2-тармағы) айыбы тағылып отыр. Айыптауға сәйкес Асхат Дүйсенғалиев көмекші ретінде әрекет еткен – ол ресми түрде Karabatan Utility Solutions-та да, "БатысҚұрылысИнвест"-те де ресми мәртебесі болмаса да, параның бір бөлігін жеке өзі алған. Ж.Лұқпанов ақша жымқырудың бір эпизоды бойынша айыпталып отыр.
Қазір Қалдыбаев, Бисембиев, және Жанғалиев қамауда отыр. Дюсенғалиевке үйқамақ белгіленді, ал Лұқпанов - кепілдікпен отыр. Қылмыстық іс ашық сотта судья Н.С.Бөлекбаевтың төрағалық етуімен қаралып жатыр.
Айнұр САПАРОВА
"АЖ" Анықтамасы
«Karabatan Utility Solutions» ЖШС 2014 жылы құрылған және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобына кіреді, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС-нің (бұрынғы «Біріккен химия компаниясы» ЖШС) еншілес құрылымы болып табылады. Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымдық нысандарын салу жобасын іске асыру мақсатында «Karabatan Utility Solutions» ЖШС АЭА «ҰИМХТ»-ның өндірістік және зауытішілік инфрақұрылым нысандарын салу жөніндегі оператор болып айқындалды.
2018 жылы «Karabatan Utility Solutions» ЖШС «Samruk-Kazyna Constructions» АҚ сенімгерлік басқаруына берілді. 2020 жылдан бастап кәсіпорын операциялық кезеңге шығып, толықтай өзін-өзі қаржыландыру режимінде жұмыс істеп келеді.
АЭА инфрақұрылымына газтурбиналы электр станциясы және ағынды суларды тазартумен су дайындау қондырғысы кіреді. Электр станциясы аймақ қатысушыларын электр энергиясымен және жоғары қысымды бумен жабдықтауға арналған. Негізгі отын - "Мақат - Солтүстік Кавказ" магистральдық газ құбырынан келетін газ, резервтік отын - KLPE ЖШС жобасы іске қосылғаннан кейін одан сатып алу жоспарланған этан.
Су дайындау қондырғысы кәсіпорындарды деминералданған, тұзсыздандырылған және өртке қарсы сумен қамтамасыз етеді және ағынды суларды тазартады. Ол үшін "Астрахань - Маңғышлақ" магистральдық су құбырынан өзен суы пайдаланылады.
Негізгі тұтынушылар АЭА кәсіпорындары болып табылады, ал электр энергиясының артық көлемі Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы сыртқы желілерге жеткізіледі. Газды "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ, суды "Магистральдық су құбыры" ЖШС жеткізеді.
В Атырау +3