
Ұлы Отан соғысы жылдарында алған жарақаттан, аурудан Гурьев госпитальдарында көз жұмған тағы алпыс төрт жауынгердің есімі анықталды.
Алдымен айта кетейін, 1942 жылдың қаңтарынан бастап біздің қалаға Ресейдің орталық аймақтарынан эвакуацияланған әскери госпитальдар келе бастады. Мұндай медициналық мекемелердің нақты саны ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді (түрлі дереккөзде түрлі сандар көрсетілген). Алайда 2020 жылы Атырау облыстық мемлекеттік архивінің қызметкерлері өз қорларында сақталған құжаттар негізінде Гурьев қаласында 10 эвакогоспиталь (ЭГ), ал тағы бірі Доссор кентінде орналасқанын анықтады.
Жаралы жауынгерлер келген кезде жергілікті билік оларға орын дайындау үшін оқу орындары мен мәдениет нысандарын, өндірістік және мекемелік ғимараттарды жедел босатып берді:
-
№2967 эвакогоспиталі Пионерлер үйіне, геологиялық барлау кеңсесіне және кәсіби-техникалық училищеге;
-
№2102 және №2103 – Мұнайшылар клубына;
-
№4116 – Мұнайшылар демалыс үйіне;
-
№4038 – Куйбышев атындағы мектеп ғимаратына;
-
№3941 – Балықшыдағы балық консерві комбинатының ғимаратына;
-
№3946 – Балық шаруашылығы техникумына;
-
№1383 – 41-ші және 44-ші мектептерде, сондай-ақ мұнай техникумының ғимаратына орналастырылды.
Жеңіл жарақат алғандар үшін арналған №1077 эвакогоспиталі Доссор кентінде орналасты. Бұдан бөлек, құжаттарда тағы да екі эвакогоспиталь – №3229 және №4469 аталады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл госпитальдарда 9 000-нан астам адам емделген. Алайда, бұл сандардың түпкілікті емес екені үнемі айтылады.
Бес бауырластар зираты
Әрбір жаралы жауынгерді аман алып қалу мүмкін болмады. Қайтыс болғандар қаланың әртүрлі аумақтарына жерленді.

Мысалы, қазіргі таңда Торговая база маңында тұрғын үйлер арасындағы қоршалған шағын бос аумақта әлі күнге дейін: «30-жылдарда ашаршылықтан, репрессиялар мен Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқандарға – мәңгілік құрмет» деген сөздер жазылған құлпытас сақталған. Жергілікті деректерге сүйенсек, бұл жерде шамамен 30-ға жуық жауынгер жерленген болуы мүмкін. Бұрын бұл аумақта ескі мұсылман зираты орналасқан еді, бірақ ол 1950 жылдардан кейін жойылып кетті. Қазір бұл қорым жайлы көп адам біле бермейді және оған жиі күтім жасалмайды.
Тағы бір ескі, жұртта қалған зират бұрынғы «Холодильник» ауылының маңында орналасқан. Кейбір деректерде бұл қорым «Балық консерві комбинатының зираты» деп аталған деген болжам бар. Сонымен қатар, көне көз қариялардың айтуынша, Лесхоз ықшамауданында да зират болған. Ол жерде жергілікті тұрғындармен қатар, соғыста тұтқынға түсіп, кейін қайтыс болған әскери тұтқындар да жерленген екен.
Сол жылдары қайтыс болғандарды, әдетте, үш адамнан бір бауырластар зиратына жерлеген. Қабір үстіне биіктігі бір метрлік ағаш пирамидалар орнатылып, тек жерлеу нөмірі жазылатын болған. Марқұмдардың аты-жөндері көрсетілмеген.
Соғыс жылдарындағы бейіттер Мирный елді мекені мен Перетаска өзенінің арасындағы ескі зиратта да бар. Болжам бойынша, ол жерде 1943–1945 жылдары Гурьев мұнай өңдеу зауыты мен мұнайшылар қалашығының құрылысы кезінде түрлі себептермен қайтыс болған құрылыс колонналарының (еңбек армиясы) жауынгерлері жерленген.
Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО-да еңбекке мобилизациялау және еңбек армиялары болған (Бұл құрылымдарға, әдетте, «саяси тұрақсыз» деп танылған азаматтар да мәжбүрлі түрде тартылған. Құрылыс колонналары Қорғаныс халық комиссариаты мен НКВД арқылы құрылып, өндіріс пен құрылыс саласында түрмедегідей ауыр жағдайда еңбек еткен - авт. ескертпесі).

Ең ірі жерлеу орындарының бірі христиан зиратында орналасқан. Бұл жерде бауырластар зираты едәуір аумақты алып жатыр. Соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықта қала тұрғындары бұл жерге күтім жасап, жыл сайын Жеңіс күні мұнда көп адам қолдарына гүл ұстап келіп, жерленгендердің рухына тағзым ететін.
Алайда уақыт өте келе бұл жерге баратын жол ұмытыла бастады. Себебі бауырластар зираты қала орталығына – бұрынғы «Эмбанефть» (қазіргі «Ембімұнайгаз») скверіне көшірілді. 1971 жылы сол жерде Гурьевтегі алғашқы Мәңгілік алау жағылып, госпитальдарда көз жұмған бірнеше ондаған адамның есімі жазылған мәрмәр тақталар орнатылды.

1975 жылы Мәңгілік алау жаңадан ашылған Жеңіс саябағына көшірілді. Біраз уақыттан кейін билік шешімімен мәрмәр тақталардағы есімдер де скверден христиан зиратындағы сарбаздар жерленген орынға ауыстырылды. Сәл кейін зираттағы ескі төмпешіктер тегістеліп, бауырластар зиратының үстінен жаңа зираттар салына бастаған еді. Мұндай жағдай зират жобасының, нөмірлердің болмауынан және жалпы зиратқа жауапты адамның болмауынан орын алды.
Тақталар асығыстықтан ба, немқұрайлықпен бе – қалай болса солай көшірілді. Соның салдарынан шамамен 20 жауынгердің тегі танылмастай бұрмаланып кеткен, тағы бір сонша есім мүлде жоғалып кеткен. Нәтижесінде тек 65 жауынгердің аты-жөні ғана сақталып қалды.
Іздеу эстафетасы
Госпитальдерде қайтыс болған жауынгерлердің есімдерін қалпына келтіру жұмыстарын алғаш болып 1970 жылдары соғыс ардагері, мұғалім Иван Прикмета бастаған еді. Ол көп жылдар бойы мемлекеттік мұрағаттармен, әскери комиссариаттармен, Қызыл армия сарбаздарының отбасыларымен хат алмасып, үлкен ізденіс жүргізді – әрі бұл жұмыс жеміссіз болған жоқ!
Кейіннен Гурьевке бұрын хабар-ошарсыз кеткен деп есептелген жауынгерлердің ұрпақтары келіп, көздеріне жас алып, Иван Родионовичке алғыстарын білдірді. Өкінішке қарай, Прикметаның баға жетпес жеке мұрағаты қазір жоғалған құндылық саналады…

Оның жұмысын 2000 жылдардың басында тарихшы-өлкетанушы Вячеслав Афанасьев жалғастырып, тағы жүзге жуық адамның есімін анықтады! Бес жыл бойы ол жергілікті шенеуніктердің табалдырығын тоздырып, христиан зиратындағы бауырластар қабіріндегі ескі ескерткішті жаңартып, барлық есімдерді мәңгі есте қалдыруды сұрады. Бірақ бәрі бекер болды.
Ақырында сол кездегі Атырау МӨЗ-інің директоры Талғат Байтазиев үн қатып, жеке қаражатынан көмек көрсетті. 2005 жылғы маусымда қабір басында мәрмәрдан "Естелік қабырғасы» орнатылды. Қазіргі таңда онда 168 адамның есімі жазылған. Вячеслав Константинович олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін деп есептейді, бірақ жасы ұлғайғандықтан бұл жұмысты жалғастыра алмады.
Электрондық дерекқорлар («Мемориал», «Память народа», «Подвиг народа» және т.б.) пайда болғалы бері Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер туралы құжаттық мәліметтердің ауқымды көлемі көпшілікке қолжетімді болды. Бұл — өлкетанушының пікірін растады.
Жуырда этномәдени «Былина» бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев Афанасьев жинаған материалдарға және, ең бастысы, осы дерекқорлардағы ақпараттарға сүйене отырып, ауқымды жұмыс жүргізді. Нәтижесінде ол Гурьевтегі госпитальдарда жарақаттан және дерттен қайтыс болған тағы 64 адамның есімін анықтады.
– Адамдар майданнан алған жарақаттардан ғана емес, түрлі аурулардан да – туберкулез, онкологиялық дерттен, дистрофиядан көз жұмып жатты. Мәселен, Гурьевтегі әскери-жаяу әскер училищесінің бір курсанты өкпе қабынуынан көз жұмған. Тіпті шомылып жүргенде суға батып кеткен жауынгер де болған, – дейді ол. – Тағы бір жаңалық – алғаш анықталған есімдердің 30%-ы майдангерлер емес, НКВД-ның Әуеайлақ құрылысы Бас басқармасына қарасты құрылыс колонналарының жауынгерлері болған. Олар Гурьев мұнай өңдеу зауытының құрылысында еңбек еткен. Бұл адамдар ресми түрде майданға қатыспаса да, іс жүзінде мобилизацияланған еді және олардың жұмыс жағдайы «пионер лагеріне» ұқсамайтын.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Гурьевте жұмыс істеген госпитальдар тізімі де кеңейді. Бұған дейін белгілі болған 11 емдеу мекемесіне қоса, шамамен екі апта бойы №29 нөмірлі далалық-көшпелі госпиталь жұмыс істеген. Сонымен қатар, бір жылдан аз уақыт ішінде Каспий әскери флотының №66 базалық лазареті де орналасқан.
Әрі қарай не болады?
Бұл сұраққа қарапайым жауап өзі-ақ сұранып тұр. Ең аз дегенде – анықталған есімдерді христиан зираты жанындағы ескерткіш қабырғаға қашап жазу қажет. Немесе жоғарыда аталған зираттардың біріне жаңа мемориал орнату керек. Қарапайым шаруа секілді көрінеді. Алайда В. Афанасьевтің бастан өткергенін және жергілікті биліктің тарихқа деген енжар көзқарасын ескерсек, бұл миссия мүлде орындалмас арманға айналуы мүмкін. Соған қарамастан, іздеуші ғалым әкімдіктің де, демеушілердің де назарын аударудан үміт үзбей келеді.
– Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқандарға арналған мемориалдар – ерлік пен жанқиярлықты мәңгі есте қалдырудың маңызды құралы, сондай-ақ мәдени код пен тарихи жадыны сақтау жолы, – дейді А. Кораблев. – Олар халық ерлігін еске салып, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыруға септігін тигізеді. Мысалы, балық консерві зауыты маңындағы зират туралы айтсақ, ондағы бауырлас зираттарда құжаттар бойынша кемінде 70 жауынгер жерленген. Зират бетон қоршаумен қоршалған, бұл оны қазіргі күйінде сақтап қалуға мүмкіндік берді. Міне, Жеңістің мерейтойлық жылында сол жерге мемориал орнатуға болар еді. Жаңартылған Мәңгілік алау орнынан алынған бөлшектер мен биыл қайта жөнделген Жеңіс саябағынан алынған ескі тас төсем қайда кетті? Негізінде, осы элементтерді дәл осы бауырлас зиратқа ескерткіш жасауға пайдаланып, бюджетке артық салмақ түсірмей-ақ қолдануға болар еді.
Немесе Мирный кенті маңындағы зират. АМӨЗ-дің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында мұнайшыларға бұл кәсіпорынды өз еңбегімен, қанымен, өмірімен салған адамдарға құрмет көрсету – парыз екенін еске салатын уақыт жетті.
«Былина» этномәдени бірлестігінің төрағасы Уральск қаласындағы қалалық зираттағы жауынгерлер бейіті жергілікті маңызға ие тарихи ескерткіш мәртебесіне ие екенін және мемлекеттің қорғауында екенін де атап өтті. Ал бізде 9 мамыр қарсаңында христиан зиратындағы бауырлас бейітке бір тиын да бөлінген жоқ. Құдды бір ондай зират мүлде жоқтай. Ширек ғасырдан бері ол тек қоғам белсенділерінің қамқорлығында, олар анда-санда барып, тазалап, сырлап, ретке келтіріп тұрады…
Қаза болғандардың есімдерін анықтау жұмысы әлі де жалғасып жатыр.
Лев ГУЗИКОВ
Автордың, В. Афанасьевтің және «Былина» бірлестігінің мұрағаттарынан алынған суреттер
Жоғалғандар қатарында болуы мүмкін немесе ұрпақтары жерлеу орны туралы бейхабар жауынгерлердің анықталған есімдері:
-
АНФИНОВА Александра Ивановна, 1922 ж. т., Башқұрт АССР-і, Стерлитамак қаласында туған, Стерлитамак қалалық әскери комиссариатынан шақырылған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – Харьков дивизиялық әуе шабуылына қарсы қорғаныс ауданының штабы. 1943 жылдың 22 мамырында бөртпе сүзектен қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев облысы, Новобогат ауылы, зират.
САЛАМАТОВ Константин Николаевич, 1902 ж. т., Киров облысы, Малмык қаласында туған. 1942 жылдың 12 желтоқсанында жарақаттан қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақстан, Гурьев қаласы, орыс зираты.
ПРИСЕКИН Андриан Федорович, 1898 ж. т., Курск облысында туған. Қызметке Курск облысындағы Шебекин әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 166-шы запас полкі. 1943 жылдың 15 тамызында қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, консерв комбинатының зираты.
КОВАЛЕВ Иван Васильевич, 1905 ж. т., Украин КСР, Одесса облысында туған. Қызметке Украин КСР-нің Кировоград облысындағы Знаменск әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Сержант, соңғы қызмет орны – 32-ші ап. 1943 жылдың 16 тамызында қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, консерв комбинатының зираты.
ЮСУПОВ Юнус, 1914 ж. т., Павлодар облысында туған. Павлодар облысының Лебяжі аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 682-ші атқыштар полкі. 1943 жылдың 6 тамызында қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, консерв комбинатының зираты.
КАРАКОТОВ Шамиль Казиевич, 1900 ж. т., Карачаев облысы, Микоянов ауданы, Ново-Карачан ауылында туған (Орджоникидзе өлкесі). Микоянов аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 253-ші атқыштар полкі. Ауру салдарынан 1942 жылдың 20 қыркүйегінде қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, консерв комбинатының зираты.
ВЕСЕЛОВ Павел Иванович, 1918 ж. т., Томск облысы, Асинов ауданы, Ново-Николаевка ауылында туған. Томск аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Техник-интендант, соңғы қызмет орны – 21-танк бригадасы. Ауру салдарынан 1942 жылдың 9 қыркүйегінде қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, консерв комбинатының зираты.
АНЕРБАЕВ, 1896 ж. т., Омбы облысында туған. Омбы облысының Армизон аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 162-ші ішкі әскер батальоны (вбквд). Ауру салдарынан 1942 жылдың 1 қазанында қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- МОРДВИЛКА Владимир Кузьмич, 1918 ж. т., Белорус КСР, Минск облысы, Слуцк ауданында туған. Слуцк аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 699-шы жеке автобронеотряд. Ауру салдарынан 1942 жылдың 30 қыркүйегінде қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- ЛИНЬКОВ Александр Михайлович, 1903 ж. т., Сталинград облысында туған. Сталинград облысы, Подтелков аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Сержант, соңғы қызмет орны – 256-шы атқыштар полкі. Жарақат салдарынан 1942 жылдың 19 қазанында қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- ЛЕЙБОВИЧ Брий Давыдович, 1918 ж. т., Украина КСР, Киев қаласында туған. Киев облысы, Каганович аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. 2-ші дәрежелі техник-интендант, соңғы қызмет орны – 197-ші атқыштар полкі. Жарақат салдарынан 1942 жылғы 22 қазанда қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- ИВАНОВ Семен Васильевич, 1897 ж. т., Татар АССР, Рыбно-Слободск ауданында туған. Сол аудандық әскери комиссариат арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 412-ші атқыштар полкі. Ауру салдарынан 1942 жылғы 20 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- МУРАТБАЕВ Ахатай, 1922 ж. т., Қызылорда облысы, Қазалы ауданында туған. Қызылорда облыстық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 152-ші жеке десанттық-атқыштар батальоны. Жарақат салдарынан 1942 жылғы 20 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- КАСТАУСКИЙ Владимир Леонтьевич, 1902 ж. т., Украина КСР, Винница облысы, Самгородок ауданында туған. Самгородок аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 1095-ші атқыштар полкі. Ауру салдарынан 1942 жылғы 19 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- КУЩЕЕВ Пантелей Антонович, 1901 ж. т., Украина КСР, Харьков облысы, Волчанск ауданында туған. Волчанск аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер. Жарақат салдарынан 1942 жылғы 25 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- ТАЛЫНОВ Федор Иосифович, 1917 ж. т., Новосібір облысы, Каргасок ауданында туған. Каргасок аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 205-ші пулемет ротасы. Ауру салдарынан 1942 жылғы 12 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- БИРБИНИДСКИЙ Тихон Тихонович, 1911 ж. т., Украина КСР, Ворошиловград облысы, Марков ауданында туған. Марков аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 848-ші атқыштар полкі. Ауру салдарынан 1942 жылғы 12 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- ХАНЕЕВ Никита Емельянович, 1901 ж. т., старшина, аурудан 1942 жылғы 24 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- КИРНИЦКИЙ Василий Максимович, 1921 ж. т., қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 7-ші танк бригадасы. Ауру салдарынан 1942 жылғы 26 қыркүйекте қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- БОЧКАРЕВ Федор Филогрейвич, 1906 жылы туған, Қуйбышев облысы, Похвистнево станциясында туған, сержант. Соңғы қызмет орны – 1189-шы атқыштар полкі. 1942 жылғы 26(29) маусымда қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, консерв комбинаты зираты.
- КИСЕЛЕВ Иван Александрович, 1893 жылы туған, Смоленск облысы, Всходский аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Соңғы қызмет орны – 401-ші арнайы бөлік. 1943 жылғы 9 тамызда қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, зират.
- КОТЛЯРОВ Степан Егорович, 1908 жылы туған, Воронеж облысы, Старо-Криушан ауданында туған. Старо-Криушан аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, қызыл әскер. Соңғы қызмет орны – 37-ші бригада. 1942 жылғы 26 маусымда жарақаттан қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- ПАНАХБЕЕВ Иван Константинович, 1901 жылы туған, қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 557 құрылыс колоннасы, НКВД 3 басқармасы, 1944 жылғы 12 шілдеде аурудан қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
- РОДЗЕНОВСКИЙ Василий Федосевич, сержант, соңғы қызмет орны – әскери бөлім 44343, жарақаттан қайтыс болды, 1942 жылғы __ қыркүйекте. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
- ТАХТАРЬ Григорий Федорович, қатардағы жауынгер, жарақаттан қайтыс болды, 1944 жылғы 31 шілдеде. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
- АБРУРАЛОВ Атахан (Абдурашов Атохан, Абдурамов Атахан), 1899 жылы туған, Қырғыз ССР, Ош облысы, Араван ауданы, Араван аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, қызыл әскер, соңғы қызмет орны – 273-ші атқыштар полкі, 1944 жылғы 18 наурызда ЭГ №2967 госпиталінде жарақаттан қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
- ЕРГАЛИЕВ Абаб (Абай?), 1921 жылы туған, Гурьев облысы, Мақат ауданы, Мақат аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, аға сержант, соңғы қызмет орны – 20-шы атқыштар полкі, 1944 жылғы 14 наурызда ЭГ №2967 госпиталінде жарақаттан қайтыс болды. Жерлеу орны: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
- УЗБЕК Семен Григорьевич, 1916 ж. т., қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 405 ск, жарақаттан 13.07.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
-
АЗАМАТ Спиридон Николаевич, 1897 ж. т., қатардағы жауынгер, 1943 ж. жарақаттан қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
АРТЕМЬЕВ Всеволод Михайлович, 1924 ж. т., 03.03.1942 ж. Жданов аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, Гурьев әскери-жаяу әскер училищесінің курсанты, пневмониядан 08.10.1942 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
-
ДЖУРАЕВ Абрасим, 1925 ж. т., Бухара облысы, Яккабаг ауданы, Яккабаг кентінде туған, Өзбек КСР, Яккабаг аудандық әскери комиссариатынан шақырылған, қарапайым жауынгер, соңғы қызмет орны – 208 атқыштар полкі, жарақаттан 05.05.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
-
ПЬЯНИЦА Григорий Алексеевич, 1921 ж. т., Харьков облысы, Купянск ауданында туған, Украин КСР, ефрейтор, жарақаттан қайтыс болды (__ .10.1942 ж.). Қайтыс болған жері: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
-
ЗАБАЛОВ Петр Борисович, 1902 ж. т., қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 4 осо, аурудан 27.05.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Гурьев қаласы, Перетаска қызыләскер зираты.
КУРЯШКИН Иван Трофимович, 1892 ж. т., Смоленск облысы, Знаменка ауданы, қатардағы жауынгер 3 СУ ГУАС НКВД 401СК, аурудан 27.06.1943 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақстан, Гурьев қаласы.
ДЖЕМБАС Георгий Федорович, 1907 ж. т., қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 405 сп 3 құрылыс, НКВД басқармасы, жарақаттан 20.09.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ КСР, Гурьев қаласы.
РЯБКИН Егор Захарович, 1901 ж. т., Курск облысы, Горшеченский ауданы, Знаменка ауылы тумасы, 19.08.1945 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақстан, Гурьев қаласы.
ГУДКОВ Яков Сергеевич, Смоленск облысы, Всходский ауданы, Дракино ауылы тумасы, аурудан 17.11.1943 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақстан, Гурьев қаласы.
- ШАКИРОВ Фатых, 1904 ж. т., Татарстан АССР, Казан ауданы, Кумор ауданы тумасы, қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 7 сму 108 смк, 05.01.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Гурьев қаласы, Перетаска ауылы, зират.
- ТАЛЫПОВ Федор Иосифович, 1918 ж. т., Томск облысы, Каргасок ауданы тумасы, Каргасок РВК шақырған, қатардағы жауынгер, жарақаттан 17.09.1942 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Гурьев қаласы.
- ХАНЕЕВ Никита Емельянович, қатардағы жауынгер, 1942 ж. қаза тапқан. Қайтыс болған жері: Қазақстан, Гурьев қаласы.
- РЫНДИН Петр Кириллович, 1904 ж. т., Курск облысы, Горшеченский ауданы, Новомеловое ауылы тумасы, жарақаттан 12.08.1943 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақстан, Гурьев қаласы.
- ПИКАЛОВ Иван Алексеевич, 1924 ж. т., Оренбург облысы, Совхозно-Саринское ауылдық округі тумасы, жарақаттан 18.07.1943 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақстан, Гурьев қаласы.
- ЛЕОНОВ Николай Агеевич, 1912 ж. т., Краснодар өлкесі тумасы, қатардағы жауынгер, __.10.1941 ж. қаза тапқан. Қайтыс болған жері: Гурьев қаласы.
- ЗИМИН Егор Степанович, 1908 ж. т., Тамбов облысы, 2-я Гавриловка ауылы тумасы, жарақаттан 10.06.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Гурьев қаласы.
- САТАРИХИН Николай Иванович, 1907 ж. т., Саратов облысы, Росляково ауылы тумасы, жарақаттан 26.11.1943 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Гурьев қаласы.
- КАБАТ Игнат Францович, 1902 ж. т., Вологда облысы, Бабаевский ауданы, Новая Старина ауылы тумасы, қатардағы жауынгер, аурудан 25.07.1943 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Гурьев қаласы.
- МАМОНОВ Иван Васильевич, 1897 ж. т., қызыл әскер, э/г 2967 госпиталінде аурудан 24.08.1942 ж. қайтыс болды.
- ЧУЙКОВА Анастасия Фионтовна, қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 138 озадн, аурудан 29.01.1943 ж. қайтыс болды, э/г 4116.
- НАЗАРОВ Николай Иванович, 1919 ж. т., Ленинград тумасы, старшина, соңғы қызмет орны – 2 БРК ВВФл, э/г 4116-де 05.05.1943 ж. қайтыс болды.
- ЕРОЖЕЕВ Ермех (Ермах), 1901 ж. т., қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 866 рабб, э/г 4116-де аурудан 07.10.1942 ж. қайтыс болды.
- ЖУКОВ Филипп Григорьевич, 1909 ж. т., қатардағы жауынгер, соңғы қызмет орны – 680 сп, э/г 1383-де аурудан 02.10.1942 ж. қайтыс болды.
- УМАРОВ Аротан, 1900 ж. т., қатардағы жауынгер, Гурьев облысы Есбол ауданы тумасы, соңғы қызмет орны – 1900 сп, э/г №2967-де аурудан 24.01.1943 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ ССР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- ГРИШУНИН Николай Федорович, М. Черная деревнясы, Краснополян ауданы, Мәскеу облысы тумасы, қызыләскер, аурудан 23.09.1942 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ ССР, Гурьев облысы, Новобогатинское ауылы.
- БАБУШКИН Андрей Степанович, 1902 ж. т., Алейск қаласы, Алтай өлкесі тумасы, Алейск РВК шақырған, қарақызыл жауынгер, соңғы қызмет орны – 299 сп, жарақаттан 11.04.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ ССР, Гурьев қаласы.
- ЛЕВЧЕНКО Александр Васильевич, 1913 ж. т., Черкассы қаласы, Киев облысы, Украина ССР тумасы, кіші әскери техник, соңғы қызмет орны – Қарулы Күштер басқармасы, ұшақ апатынан қаза тапты, 30.11.1942 ж. Қайтыс болған жері: Қазақ ССР, Гурьев қаласы.
- КРОХМАЛЕВ Степан Андреевич, 1900 ж. т., Золочев ауданы, Харьков облысы, Украина ССР тумасы, Золочев РВК шақырылған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – 28 сп, жарақаттан 04.03.1944 ж. қайтыс болды. Қайтыс болған жері: Қазақ ССР, Гурьев қаласы, орыс зираты.
- УСАЧЕВ Иван Максимович, 1896 жылы туған, Сталинград облысы, Камышин ауданы, Камышин әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – 376 атқыштар полкы, 12.10.1942 жылы аурудан қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы.
- БЕРИДЗЕ Леон Дмитриевич, 1910 жылы туған, Грузия ССР, Качечкор ауданы, Курузыл ауылы, Гегечкор әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, 10.10.1942 жылы аурудан қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы.
- БАБОЯН Саркис, 1907 жылы туған, Әзербайжан ССР, Мардакерт әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – 161 атқыштар бригадасы, 08.10.1942 жылы аурудан қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы.
- СЕЗОВ Иван Семенович, 1923 жылы туған, Мәскеу қаласында (Петровка көшесі, 26-үй, 39-пәтер), Мәскеу қаласы Киров әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – 304 арнайы ротасы, 16.10.1942 жылы аурудан қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы.
- ПЕТРОВ Серафим Павлович, 1921 жылы туған, Тамбов әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – 1313 атқыштар полкы, 28.06.1942 жылы уланудан қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы, консерв комбинаты зираты.
- КРАСИКОВ Михаил Васильевич, 1918 жылы туған, Тула облысы Кимовск әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – 1113 атқыштар полкы, 28.06.1942 жылы уланудан қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы, консерв комбинаты зираты.
- ТЮРИН Василий Михайлович, 1912 жылы туған, Куйбышев облысы Мало-Кандалинск әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, соңғы қызмет орны – 385 атқыштар полкы, 29.06.1942 жылы қайтыс болған. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы, консерв комбинаты зираты.
- ПАРШИН Петр Федорович, 1908 жылы туған, Мордовия АССР, Ромодановский ауданы, Первомай ауылдық кеңесі, Ромодановский әскери комиссариаты шақырған, қызыләскер, 20.07.1942 жылы өзенде суға кеткен. Жерлеу орны: Қазақстан ҚССР, Гурьев қаласы.
В Атырау 0 








