Атырау, 6 желтоқсан 14:50
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Жеңіс саябағындағы бүлдіршіннің өлімі: сот үкімі шықты

652 рет қаралды

Атырауда Жеңіс саябағында болған қайғылы оқиға бойынша сот ісі аяқталды. 2024 жылдың маусымында Ұлы Отан соғысының бір батырына қойылған бюст жеті жасар қыз, оның інісі мен әкесінің үстіне құлап кеткен еді. Қыз бала қаза тапты, ал әкесі мен ұлы түрлі жарақат алды.

Тергеу барысындаескерткіштерді қала әкімдігінің тапсырысымен мердігер ұйымның орнатқаны анықталды. Сараптама нәтижесі — монтаж кезінде құрылыс талаптары өрескел бұзылғанын көрсетті. Бұл — ескерткіштің құлауына себеп болған.

Айыпталушылар орындығына мердігер фирманың директоры отырды. Ол өз кінәсін мойындамады. Прокурор оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, ал жәбірленуші тарап қатаң жаза талап етті.

Алайда сот айыптауды жеңілдетіп, қылмысты Қылмыстық кодекстің 279-бабы бойынша — «құрылыс нормаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу» деп қайта саралады. Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңілдететін жайттар ретінде айыпталушының кәмелетке толмаған баласының барын, бұрын сотталмағанын және оқиғаның кездейсоқ сипатын ескерген.

Нәтижесінде сот айыпталушыны 3 жылға бас бостандығынан айырды және 3 жыл бойы құрылыс саласында жұмыс істеуге тыйым салды. Алайда рақымшылық актісі негізінде жаза мерзімі 1 жыл 6 айға қысқартылды.

Сондай-ақ сот үкімімен сотталушы әрбір жәбірленушіге 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеуге және емдеу шығындарын өтеуге міндеттелді.

Айгүл МАНСУРОВА

18 шілде, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.