Атырау, 6 желтоқсан 18:52
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырауда көпбалалы ана сүндетке отырғызу бағасының қымбаттығына шағымданды

516 рет қаралды

Атырау қаласының тұрғыны, алтын алқалы көпбалалы ана әкімдіктің Telegram-арнасында екі егіз ұлын сүндетке отырғызудың тым қымбатқа түсіп жатқанын айтып шағымданды.

Айгүлдің айтуынша, облыстық балалар ауруханасында бір балаға сүндетке отырғызу бағасы – 25 500 теңге. Көпбалалы ана ретінде оған жеңілдікпен 18 000 теңге ұсынылған. Бірақ екі балаға 36 000 теңге төлеуге отбасының жағдайы көтермейді. 

– Үйде тек жолдасым жұмыс істейді. Қазіргі қымбатшылық заманда бұл соманы қалай төлеймін? Одан да тамақ алмаймын ба? Балаларымның денсаулығы үшін алаңдаймын, – дейді ол.

Денсаулық сақтау басқармасының түсіндіруінше, сүндеттеу (циркумцизия) – ата-ананың қалауы бойынша жасалатын жоспарлы процедура. Сондықтан ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енбейді және ақылы түрде жүргізіледі. 

Әкімшіліктің мәліметінше, соңғы уақытта медициналық материалдар мен құралдардың бағасы өсуіне байланысты, баланы сүндеттеу құны да артқан. Мемлекеттік емханалардағы баға жеке клиникаларға қарағанда төмен болғанымен, бәрібір көпбалалы отбасыларға ауыр соғып отыр. 

Денсаулық сақтау саласы мамандарының жауабына сүйенсек, көпбалалы аналар әлеуметтік жағдайына байланысты жеңілдік алу үшін тұрғылықты жердегі әкімдікке қарасты әлеуметтік қорғау бөліміне немесе емхананың әлеуметтік қызметкеріне жүгінуіне болады. Егер балаға сүндеттеуді шұғыл түрде медициналық көрсеткішпен жасау қажет болып, дәрігер жолдама берген жағдайда ғана күндізгі стационарда бұл қызмет тегін көрсетілуі мүмкін. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

15 шілде, 01:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.