Атырау, 6 желтоқсан 18:48
 бұлттыВ Атырау -1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атыраулық ұстаз ас қалдығын азыққа айналдыру жолын тапты

Бейнежазба
594 рет қаралды

Атыраудағы "Білім-инновация" лицейінің география пәні мұғалімі Жанар Жақыпова ас қалдығын кәдеге жарату жобасын қолға алған. Оның айтуынша, қоқыстың шамамен 50 пайызы — тамақ қалдығы. Ал бұл қалдықтар шірігенде ауаға токсиндер мен зиянды газдар таратады. Мақсат — экологиялық зиянның алдын алып, фермерлерге көмек көрсету.  

— Қалдық тамақ қоқыс болып шірімей, төрт түлікке азық болса, екі жаққа да тиімді. Біз ас қалдығы мал бағатын фермерлерге және жалпы қажетіне жарататындарға таратамыз. Бұл да қоқысты азайтуға деген тамшыдай болса да үлесіміз, — дейді 27 жастағы мұғалім. 

Тоқ тартылып, тоңазытқыш қойылды

Жоба аясында Жанар тұрып жатқан «K7 Family» тұрғын үй кешенінің ауласына тоңазытқыш орнатып қойған. Игі бастаманы жүзеге асыру үшін мүлік иелерінің бірлестігімен (ОСИ) келісіп, тоқ тартқызған. Қазір бұл тоңазытқышта күн сайын 40-50 келіге дейін ас қалдығы жиналады. Көбіне нан, көкөніс қалдықтары тасталады. Оларды жергілікті фермерлер алып кетіп отырады. 

— Тұрғындарға WhatsAppтағы чат арқылы түсіндіріп жаздым. Тамақты тастау — обал, бөліп салайық деп бәріне ескертіп қойдым. Қазір жақсы нәтиже беріп жатыр: көршілер нанын, қалдығын тоңазытқышқа әкеліп салып кетеді, фермерлер алып кетіп жатыр, — дейді Жанар. 

Ал жақында осы жоба туралы айтқанымда мал ұстайтын бір танысым сол тоңазытқыштан 10 келі ас қалдығын алып, кәдесіне жаратып үлгерді. 

Мейрамханалармен әріптестік 

Бастама тек тұрғын үй ауласымен шектелмейді. Қазір бірнеше мейрамханамен әріптестік орнаған. Олардың қатарында Afsona, Жұпар, Coffee Boom, Coffee River секілді танымал орындар бар. Әр мейрамхана ас қалдығы туралы мәліметті арнайы Telegram-бот арқылы жіберіп отырады. Қалдықтың салмағы мен орналасқан мекенжайы көрсетіледі. Жақын маңдағы фермер ботқа қосылып, өзі алып кетеді. 

— Әрине, кедергі де бар. Көп мейрамхана әкімшілігі мен аспаздары ас қалдығын іріктеуге ерінеді. Ал негізі нанды, картопты, не басқа тамақты бөлек салса, қиын ештеңесі жоқ. Бірақ экологиялық білім жетіспейді, адамдардың жандары ашымайды деген тұжырымға келдім, — дейді ол. 

Мектеп оқушылары да жобаға тартылған. Кәсіптік лицейлер асханасымен де бірлесіп жұмыс жүріп жатыр. Ал кейбір тұрғындар қалдықтарды тыңайтқыш (компост) жасап, құнарлы топырақ алу үшін қолданып та жүр екен. «Бұл әсіресе шөлейтті аймақ үшін өзекті» дейді Жанар. 

Жоба қалай пайда болды?  

Ас қалдығы жобасы АҚШ елшілігінің гранты аясында жүзеге асып отыр. Жобаны қолдауға 2 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Жанардың бастамасы мұнымен шектелмейді. Биыл 9–11 сынып оқушыларымен бірге ауа сапасын жақсартуға арналған «мүк панельдері» жобасымен де жеңіске жетті. Жанар Жақыповның сөзінше, оқушылары республикалық ғылыми конкурсында 1-орын алып, жастар арасында өз ісін ашуға бағытталған  “Тәуелсіздік ұрпақтары” жобасының 1 млн теңге грантын ұтып алды.    

— Біз мүк панельдерін онкология, туберкулез, инфекциялық ауруханаларға апарып, әр кабинетке орнатып жатырмыз. Қазір онкология ауруханасына 35 панель жеткізуге келістік, — дейді Жанар. 

Мүк Қазақстанда өспейтіндіктен, Ресейден арнайы тапсырыспен жәшіктеп алдыртылады. Панельдің артқы қабаты да қолдан жасалады. Жанар жоба тиімділігін дәлелдеу үшін Ұлттық сараптама орталығының мамандарын шақырып, мектептің екі кабинетіндегі ауаны салыстырған. Ол үшін екі бойы бір кабинетке мүк панелін қойған. ГАНК-4 газоанализаторы арқылы жүргізілген зерттеу мүк орнатылған бөлмеде ауа сапасы айтарлықтай жақсарғанын көрсеткен.

 «Атырауды таза қыла аламыз» дегенге сенгім келеді 

Жанар — Оралдағы Махамбет Өтемісұлы атындағы университеттің түлегі. Магистрлік диссертация тақырыбы «Атырау облысының ауа мәселелері» болған. Ғылыми жұмыс барысында жинаған экологиялық білім оны нақты жобаларға жетелеген.

— Өзім төрт пакетті бөлек дайындап, пластикті, қағазды, органикалық қалдықтарды бөліп тастаймын. Үйде де бөлуге болады. Бірақ қоғамда экологиялық мәдениет жетіспейді. Ауаның ластығына шағымдана тұрып, соны жақсартуға атсалыспайтындар көп. Әр адам өзінен бастау керек, — дейді ол. 

Оның сөзінше, бүгінде жобаға 20 шақты фермер тіркелген. Жоба кеңейіп, ас қалдығын сақтауға арналған тоңазытқыш қала бойынша жалғыз тұрғын үй кешенінде емес, тағы бір он шақты нүктеде болса, бастама ауқымды экологиялық қозғалысқа айналары анық.

Айнұр САПАРОВА

11 шілде, 12:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.