
Кәсіпкердің айтуынша, отбасылық бизнесі көп жылдан бері орналасқан жер телімі «Ақ Жайық» қонақүйі маңындағы жолды кеңейту үшін алынып жатыр екен. Алайда олар шын мәнінде себеп бұл емес деп күмәнданады.
Атырауда мәжбүрлі жер алу мәселесі төңірегінде дау туындауда. Қаланың қажеттілігі үшін алынып жатыр деген желеумен «Атырау гүлдері» атты отбасылық кәсіпорынға тиесілі жер телімі тәркіленбек. Кәсіпорын Абай көшесінде, «Ақ Жайық» қонақүйі маңында орналасқан. Ресми түрде бұл учаске қаланың қажеттілігі үшін алынуда. Алайда дәл осы жерде құны 250 миллион АҚШ долларын құрайтын ауқымды қонақүй-коммерциялық кешен салу жобасы қолға алынған. Аталған жобаны TEXOL компаниялар тобы мен Атырау вагоны зауытының иесі Шота Абхазава жүзеге асырып жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, жобада қонақүй, сауда және ойын-сауық аймағы, апартаменттер, кеңселер мен автотұрақ қарастырылған.
Ал мәжбүрлеп алынып жатқан жер учаскесі қалада көгалдандыру саласында танымал кәсіпкер Георгий Щербаковтың отбасына тиесілі. Ол қайтыс болғаннан кейін бизнесті жұбайы мен балалары жалғастырып келеді. Аталған аумақта гүл павильоны мен кафе жұмыс істейді.
– Былтыр желтоқсанда бізге Шота Абхазава келіп, жерді сатып алуды ұсынды, – дейді Константин Щербаков. – Біз келіскен жоқпыз. Осыдан кейін түрлі қысым басталды: блогерлердің, полиция қызметкерлерінің келуі, бизнесіміздің уақытша жабылуы. Кейін бізге жердің жол құрылысы үшін алынатыны туралы ресми хабарлама келді.
Жол бар – бірақ тағы кеңейтпек пе?
Құжат жүзінде бәрі заңды көрінеді: жер телімі 11 наурыздағы қаулыға сәйкес көше-жол желісін кеңейту үшін алынып жатыр. Алайда отбасының айтуынша, бұл аумақтағы жол 2022 жылы-ақ толық жөнделіп, одан бері ешқандай жаңа жұмыстар жоспарланбаған.
– Ғимарат алдына автотұрақ салуға да рұқсат бермеді. «Қайта жарақтау болады» деді, бірақ біз ешқандай жоба да, схема да көрген жоқпыз. Ал ТКШ басқармасы мұндай жұмыстардан мүлде хабарсыз, – дейді Константин.
Әкімдік жер телімін тәркілеудің ықтимал себептерінің бірі ретінде Жайық өзенінің үстіндегі орталық көпірді алдағы жөндеумен байланыстыруы мүмкін. Бұл көпір бірнеше жылға жабылып, не күрделі жөндеуден өтеді, не толығымен жаңасына ауыстырылуы ықтимал.
— Бәрі мерзім жағынан тым дәл сәйкес келіп тұр. Инвестор келді, жерді сатып алуды ұсынды — біз бас тарттық. Одан кейін — заңды жамылып, қысым көрсетудің стандартты схемасы басталды, — деп есептейді кіші Щербаков.
Жауаптар — әртүрлі
«Ақ Жайық» редакциясының ресми сауалына әкімдік нақты жауап бермей, жер учаскелерін тәркілеу мәселесін талқылау өз құзырларына кірмейтінін айтып, Бас жоспар орталығына жүгінуді ұсынған. Жоба да, себеп те аталған жоқ.
Ал Щербаковтар отбасына жолданған ресми жауапта бұдан әлдеқайда көп мәлімет бар. Онда Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі жер телімдерін тәркілеу ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 11 наурыздағы №616 қаулысымен бекітілген Бас жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Хатта сонымен қатар Жер кодексі, «Мемлекеттік мүлік туралы» заң және басқа да құжаттардың нормалары көрсетілген.
Жауапқа сәйкес, жер телімдерін мәжбүрлеп алу жөніндегі комиссия өз жұмысын 2025 жылғы 17 ақпанда №6 хаттама негізінде бастаған. Әрбір учаскеге қатысты қала әкімінің қаулысы шығарылып, иелеріне заңда қарастырылған өтемақы төленетіні айтылған. Егер келіспеушілік туындаса, әкімшілік тәртіпте шағымдануға мүмкіндік бар.
— Ресми хатта біздің жер учаскеміз мақсатқа сай пайдаланылмай жатыр деп жазылған. Бірақ бұл қалай болғаны? Біз жұмыс істеп отырмыз, қызметкерлер бар, салық төлейміз. Ал біз дұрыс жұмыс істемей отырмыз ба? Бұл заңсыз деп айтып отырған жоқпыз. Бірақ біз жай ғана кедергі келтіріп отырмыз, мұны жақсы білеміз. Бізді «даму» деген желеумен қаланың картасынан жайлап, байқатпай өшіріп жатыр, — дейді Константин Щербаков. — Бірақ бұл бәріне бірдей даму емес.
Ресми ұстаным
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен өткен брифингте «Ақ Жайық» редакциясы "қонақүй маңындағы жер телімдерін тәркілеу Шота Абхазаваның жобасымен байланысты ма?" деп тікелей сұрақ қойған еді. Әкім бұл әрекеттердің белгілі бір инвестордың мүддесіне жұмыс істеп жатыр деуге негіз жоқ екенін айтып, оның пікірінше, мәселе жолды кеңейтуге қатысты екенін жеткізді.
Қаланың картасынан кімнің «өшірілетіні» туралы нақты жауап тамыз айында белгілі болады. Инвестор өкілдерінің айтуынша, сол кезде қонақүй кешенінің сәулеттік жобасының таныстырылымы өтпек. Жобаны итальяндық мамандар әзірлеп жатыр, ал ғимарат Атыраудағы ғана емес, бүкіл Қазақстандағы ең биік нысан болуы мүмкін.
Оған дейін – жоба схемалары да жоқ, ашық талқылау да өткізілмеді. Тек «мемлекеттік қажетілік үшін» деген жалпылама тұжырым ғана бар. Ал шын мәнінде, біреудің тарихы бұл жерден ақырын, бірақ қайтарымсыз өшіріліп жатқандай әсер қалдырады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау -1