Атырау, 5 желтоқсан 07:29
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Атырау облысы делегациясы Қытайдың Ляонин провинциясына барды

457 рет қаралды

Мемлекет басшысының өңірге инвестиция тартып, өндірісті өркендету жолында берілген тапсырманы орындау мақсатында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бастаған делегация  жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасына барды. 

Олардың құрамында өңірдің бизнес қауымдастығы, инвестиция тартуға жауапты мемлекеттік орган өкілдері мен депутаттар бар. Іссапар аясында Атырау облысынан барған делегация Қытайдың төрт провинциясындағы сегіз қалада болып, 15 кәсіпорынның жұмысымен танысады. Сондай-ақ алты инвестормен кездесу жоспарланған.

Сапар басында аймақ басшысы ҚХР Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэймен кездесті.

Кездесуде сөз алған өңір басшысы Серік Шәпкенов Қазақстан мен Қытай арасындағы «Алтын 30 жылдықтың» басталуына орай серіктестіктің өңірлік деңгейде де нығаюына үлес қосуға дайын екенін айтты.

- Жалпы Атырау облысы әлемнің 100-ден аса елімен табысты ынтымақтастық орнатқан. Нәтижесінде өңірде 2 мыңға жуық бірлескен және шетелдік компания құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ішінде Қытай капиталының қатысуымен тіркелген 38 кәсіпорын бар. Олар мұнай-газды өңдеу, құрылыс және қайта өңдеу салаларында инвестициялық тартымдылықты арттырып отыр. «Қаржы құйып, халықты жұмыспен қамтимын, өндірісті дамытамын» деген инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ бар,-деп атап өтті облыс әкімі Серік Шәпкенов.

Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэй де екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайту жұмысына дайын екенін жеткізді.

- Атырау облысы мен Ляонин өлкесінің ұқсастығы көп.  Мұнай-химия, ауыл және балық шаруашылығы саласы бізге ортақ. Қос аймақтың өндірістік потенциалынан бөлек туризм, мәдениет сынды бірқатар бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз,- деді Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синьвэй.

Бұл кездесудің өтуіне Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі қолдау көрсетті. Айта кетейік, Ляонин провинциясы Қытай Халық Республикасының солтүстік-шығысында орналасқан. Оның құрамына 14 қала кіріп, жалпы халық саны 40 миллионнан асады.

Одан кейін аймақ басшысы Қытайдың солтүстік-шығысындағы Ляонин өлкесінің орталығы — Шэньян қаласында өткен “Шанхай ынтымақтастық ұйымы: Халықтар достығы және  Бауырлас қалалар форумына” қатысты. 

Іс-шара барысында Атырау облысы мен Ляонин провинциясы арасында бауырластық қатынастар жөніндегі  хаттамаға қол қойылды. 

Бұл келісім  экономикалық байланысты дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, екі өңірдің кәсіпкерлерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, білім мен ғылым, инфрақұрылым саласында тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.  Осы хаттаманың іске асуын жүйелі түрде үйлестіру үшін алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен мүдделі құрылымдардың қатысуымен өзара жұмыс тобын жасақтау жоспарланып отыр. 

8 шілде, 09:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.