
Атырауда облыстық футбол спортының даму мәселелеріне арналған жиын өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, басқосуға футбол үйірмелері бар мектептердің өкілдері, футбол клубтары мен аудандық спорт бөлімдерінің басшылары қатысты.
Жиында облыстағы ірі стадиондардың қазіргі жағдайы, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жолдары, төрешілердің санын арттыру, сондай-ақ футбол клубтарының құрамын жергілікті ойыншылармен толықтыру мәселелері қаралды.
Облыстық футбол федерациясының төте-президенті Эдуард Хисметуллин мен «Атырау» футбол клубының бас менеджері Дидар Сыдықбеков аймақтағы футболдың ахуалы мен түйткілдерін көтерді. Балалар футбол лигасының директоры Ақылбек Мұқанов төрешілік сапасына қатысты баяндама жасап, бұл бағыттағы қиындықтарға тоқталды. Ал төрешілер алқасының басшысы Руслан Сұлтанғалиев өңір төрешілерін даярлау мен жетілдіру жайын қозғады.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов жарыстарды бір жүйеге келтіріп, барлық деңгейде жоспарлы түрде өткізу керектігін айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта облыстық футбол федерациясы мен басқарма бірігіп, қаржыландыру жоспарын жасап, төрешілер мен спорттық нысандарды қамту мәселесін де шешетін болады.
Бүгінде Атырау облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 31 спорт мектебі жұмыс істейді. Оның 23-інде футбол және футзал секциялары бар. Бұл секцияларда 2 мыңнан астам бала жаттығып жүр, оларға 47 жаттықтырушы жетекшілік етеді. Сонымен қатар мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 54 ұйым жұмыс істеп, 5 323 баланың футболмен шұғылдануына жағдай жасалып отыр. Оларға 84 жаттықтырушы тәлім береді.
Жиын қорытындысында аймақтағы футбол инфрақұрылымын нығайту мен жүйелі даму бағытында ұсыныстар қабылданып, нақты шаралар қабылданатыны айтылды.
В Атырау +4