
Атырауда «Думан» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында әлеуметтік желілерде «қозғалатын қабырға» түсірілген видео жарияланғаннан кейін жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Видео қала тұрғындарының арасында үлкен талқылау тудырып, құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар көбейді. Осыған байланысты Атырау облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы (МСҚБ) тексеру жүргізіп, оның қорытындысы туралы ресми хабарлама таратты. Тексеру әлеуметтік желіге тараған видео мен қала әкімдігінен келген хат негізінде басталды. Құрылыс нысаны И.Тайманов көшесі, 42-үйде орналасқан.
Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде құрылыс кезінде құрылыс нормаларының бұзылғаны анықталды. Бас мердігер — «СК Барлас Құрылыс» ЖШС-не Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 312-бабы бойынша (шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде - А.С.) айыппұл салынды. Сонымен қатар видеоға түсіп қалған қабырғаны қалпына келтіруді қоса алғанда, барлық заңбұзушылықты жою туралы ұйғарым берілді.
Құрылысқа техникалық қадағалау жүргізген — Engineering Services ЖШС де өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 317-1-бабы бойынша хаттама толтырылды.
Бұған дейін «Ақ Жайық» интернетте тараған «қозғалмалы қабырға» түсірілген видео туралы жазып, құрылыс салушы компанияға ресми сауал жолдаған еді. Оған «Atyrau Grand House» компаниясының бас директоры Юлия Логинова жауап берді. Оның айтуынша, кадрдағы қабырға — тек жобалауды көрсету үшін арнайы салынған уақытша демонстрациялық макеттің бір бөлігі. Ол нақты пайдалануға арналмаған құрылыс деп түсіндірді.
Оның айтуынша, видеоны тек терезе орнату үшін тартылған мердігер — «Olimp-Service» ЖШС қызметкері түсірген. Алайда, оның айтуынша, жобада демонстрациялық блокқа терезе орнату қарастырылмаған.
Сондай-ақ ол бұл макеттің құрылыс нормаларына сай келмейтінін, ол тек маркетингтік мақсатта уақытша салынғанын атап өтті. Ал жарнамалық қызметі аяқталған соң бұл макет бұзылып, оның орнына жобалық құжаттамаға сай толыққанды құрылыс нысаны бой көтереді.
Алайда МСҚБ бұл сол нысан екенін нақтылады. Нысанның құрылтайшысы — «Базис-А» компаниясы.
Сондықтан «демонстрациялық макет» деп көрсетілген құрылым — шын мәнінде құрылыс алаңындағы нақты бөлік болып шықты. Ал оны жай ғана «визуализация» ретінде көрсетуге тырысу — қарапайым халықты алдау.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -3