Атырау, 8 желтоқсан 03:28
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Атыраудағы DUMAN тұрғын үй кешеніндегі даулы видеоны құрылысшы арандатушылық деп атады

481 рет қаралды

Құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңындағы «қозғалатын қабырғалар» туралы әлеуметтік желілерде тараған видеоға түсініктеме берді.

Интернетте тараған видеода Атыраудағы DUMAN тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқан нысандардың бірі көрсетілген. Құрылыс мердігері – «Atyrau Grand House» ЖШС. Алайда Bazis-A девелоперлік компаниясының сайтында құрылыс салушы ретінде «Строй Комфорт Девелопмент» ЖШС, ал уәкілетті компания – «Atyrau Grand House» ЖШС деп  көрсетілген.

«Ақ Жайық»-тың Bazis-A компаниясына жолдаған сұранысына «Atyrau Grand House» ЖШС бас директоры Юлия  ЛОГИНОВА жауап берді.

Оның айтуынша, видеода қозғалып тұрған қабырға – бұл тек уақытша демонстрациялық макет. Ол болашақ пәтерлердің визуализациясы мен жобаларын көрсету үшін ғана салынған.

«Видеоны түсірген адам – тек осы блоктағы терезе конструкцияларын орнату үшін тартылған «Olimp-Service» ЖШС мердігерлік ұйымының қызметкері. Түсірілім уақытша демонстрациялық құрылымның көрсетілім қабатында жүргізілген. Мұндай тәжірибе құрылыс саласында маркетингтік мақсатта кеңінен қолданылады. Бұл макет пайдалануға арналмаған және тұрақты капиталдық құрылыс бөлігі емес. Ол өз функциясын орындағаннан кейін бөлшектеледі, ал оның орнына мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес толыққанды құрылым салынады», – деп түсіндірді Логинова.

Сонымен қатар, компания бұл учаскеде терезелер орнату жобада қарастырылмағанын атап өтті. Мердігерлік ұйым қызметкерлері макет нормативтік талаптарға сәйкес келмесе де, терезе конструкцияларын өз бетінше орнатқан. Юлия Логинованың айтуынша, видео арандатушылық сипатқа ие және нысандағы нақты жағдай емес.

«Барлық құрылыс жұмыстары мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған жобалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуде. Материалдар міндетті сертификаттаудан және кешенді тексерулерден өтеді, оның ішінде ішкі және сыртқы сапаға бақылау жүршізіледі», — деп сендірді компания.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

26 мамыр, 17:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.