
Атыраудағы экологиялық жағдайға байланысты адвокат Нұрлан Жолболов билік өкілдерінің іс-әрекеттерінің тиімділігіне күмән келтірді.
– Атырау тұншығып жатқанда, облыс әкімі Серік Шәпкенов неге әлі күнге дейін қызметінде отыр? Егер жұмысты атқара алмасаңыз — орныңызды босатыңыз, – деп мәлімдеді Жолболов.
Оның айтуынша, түн сайын қаланы күкіртсутек, аммиак, бензол және басқа да зиянды заттардан құралған "улы коктейль" тұмшалап алады. Енді оған жанып жатқан қамыстың иісі қосылып, тұрғындарға ұйқы бермей отыр. Қалаға қосарланған "газ шабуылы" жайлы бұған дейін де жазған болатынбыз.
– Атыраудағы мыңдаған отбасы терезесін жауып отыруға мәжбүр, өйткені бұл "өндіріс өніміні" жұтқысы келмейді. Ал әкім Шәпкенов ғайып болғандай — не естілмейді, не көрінбейді, тіпті көрінбейтін қалпақ киіп алған сияқты. Сіз де бізбен бірге тұншығып жатсыз ба, әлде сізге бәрібір ме? – дейді адвокат.
Осы арада қоғамда "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватындағы қамыстың әдейі өртелгені туралы пікірлер жиілеп келеді.
Нұрлан Жолболов бұл жағдайға байланысты да нақты сұрақ қойды:
– Атырауда қамыс неге жанады? Бәрін аптап ыстық пен желге жабасыздар. Бірақ тұрғындарда мұның әдейі өртелгеніне дәлелдер бар. Ал сіздер барлық шараны алуға міндеттісіздер.
Еске салайық, 13 маусымнан бері Атырау қаласында тұншықтырған күйік иісі мен тұмшалаған түтін байқалып келеді. Сонымен қатар күкіртсутек деңгейінің шекті мөлшерден асуы тіркелген. Тұрғындар өз үйлерінде тұншығып, терезелерін жауып отыруға мәжбүр, ұйқыдан айырылып, балаларының денсаулығына алаңдаулы. Соған қарамастан, облыс пен қала әкімдері тарапынан әлі күнге дейін ешқандай ашық мәлімдеме жасалған жоқ. Осыған байланысты біз баспасөз қызметіне де, eOtinish арқылы да ресми сауал жолдадық.
Біздің сауалымызға жауап ретінде баспасөз қызметі 13 маусымда өрт басталған сәтте-ақ облыс әкімі Серік Шәпкеновтің басшылығымен жедел штаб құрылғанын хабарлады. Өртті сөндіруге 150-ге жуық адам және 40-тан астам техника, соның ішінде МИ-8 тікұшақтары мен тепловизоры бар дрон жұмылдырылған. Алғаш рет бықсып жатқан жасырын ошақтарды анықтау әдістері қолданылып, қорғаныс жолақтары салынған, батпақты жерде тәулік бойы жұмыс жүргізілген.
20 маусымда әкімнің өзі штабтың көшпелі отырысын өткізіп, ошақтар толық жойылғанға дейін жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Сондай-ақ ол өрттің шығу себебінің барлық нұсқасы, соның ішінде қасақана өрт қою нұсқасы да тексеріліп жатқанын айтты: «Егер қасақана өрт қою расталса — кінәлілер жауапқа тартылады».
Әкімдік бұл жағдай Каспийдің тайыздануы, қуаңшылық, қамыс басып кеткен аумақтар секілді жүйелі экологиялық мәселелерді ашық көрсеткенін атап өтті. Әкімнің тапсырмасына сәйкес, келешекте мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін кешенді жоспар әзірленетін болады.
Осы арада "Қазгидромет" мәліметіне сәйкес, 15–16 маусым күндері қаланың бірқатар ауданында күкіртсутек мөлшерінің шекті рұқсат етілген деңгейден асып кеткені тіркелді. Ықтимал ластаушы көздер ретінде Атырау мұнай өңдеу зауыты мен "Сасықсай" булану алаңы аталған. Бұл фактілер бойынша тексерулер басталып, материалдар санитариялық-эпидемиологиялық қызметке жолданды, ағынды сулардың сынамаларының нәтижелері күтілуде.
Әкімдік мәліметінше, шекті мөлшерден асуға жол берген кәсіпорындар (егер бұл фактілер расталса) жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынуы мүмкін.
...Қалада әлі де түтін мен иіс сақталып тұр, ал ауада сенімсіздік лебі сезіледі. Біреулер отставка талап етсе, енді біреулері қамысты сөндіріп жүр, тағы бірілері тергеу жүргізуде. Ал Атырау тұрғындары бәрінен көбірек зардап шегуде.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор