
"Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрт қасақана қойылуы мүмкін. Бейресми деректерге сүйенсек, өрт бір мезетте үш түрлі жерде тұтанған. Оқиға орнынан көлік дөңгелектерінің ізі де табылған.
Қазір бақылау жүйесінің өшірілгені немесе істемей тұрғаны жөніндегі нұсқа тексерілуде — бақылау мұнараларына орнатылған жылу түсіргіш құрылғылар мен камералар өрт ошақтарын не тіркемеген, не болмаса деректер уақытылы берілмеген. Сонымен қатар, ТЖД-ға дабылдың кешігіп түсуі де күмән туғызуда. Полиция бұл факт бойынша тексеріс басталғанын растады.
Осы арада жедел штабтың мәліметінше, «Ақжайық» резерватында жылу түсіргіш құрылғылармен жабдықталған үш мұнара орнатылған. Олар тәулік бойы мониторинг жүргізуге арналған және тіпті болар-болмас түтінді де анықтай алады. Сигнал нақты уақыт режимінде орталық бақылау пунктіне берілуі тиіс.
Бұған дейін хабарланғандай, тек 2024 жылдың өзінде резерваттың күзеті мен өрт қауіпсіздігіне шамамен 530 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа үш тұрақты бақылау мұнарасы, ангарлық типтегі екі өрт сөндіру кешені (ЛПС), қар мен батпаққа арналған көлік, сондай-ақ өрт сөндіруге арналған жабдықтары бар екі тіркеме сатып алынған.
Мониторинг жүйесіндегі ақаудың нақты себебі әзірге белгісіз. Ресми органдар бұл — техникалық ақау ма, әлде әдейі жасалған әрекет пе — деген мәселеге әзірге түсініктеме берген жоқ.
Айнұр САПАРОВА