Атырау, 16 шілде 17:10
 ашықВ Атырау +29
$ 525.87
€ 614.37
₽ 6.72

SOS: Атырау газ тұзағында қалды

826 рет қаралды
Сурет ChatGPT арқылы жасалған

Атырауда экологиялық жағдай күрт нашарлады. Қала екі жақтан тұзаққа түскендей: бір жағынан — өртеніп жатқан қамыс түтіні, екінші жағынан — күкіртсутек деңгейі тұрақты түрде рұқсат етілген нормадан асып тұр.

Қамыс өртеніп жатыр, бақылау жоқ

— «Ақжайық» табиғи резерватында шыққан өрт — мониторинг пен ескерту жүйесінің қаншалықты әлсіз жұмыс істейтінінің тағы бір дәлелі, — деді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының координаторы Галина Чернова.

Оның айтуынша, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы өртке еш қандай ерте әрекет жасалмаған, кінәлілерді іздеу жүргізілмеген:

— Мониторинг қайда? Неліктен бақылау жоқ? Неліктен ешкім өртеушілерді іздемейді? Бұл — қорғалатын аймақ, алайда іс жүзінде қараусыз қалып отыр.

Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір Еркінқала ауылынан 15 километр жерде өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Өрт 805 гектар аумақта тұйықталғанымен, бірақ оның бір ошағы — 7 гектар — әлі күнге дейін бықсып, ауаны улауда. Жел бағытының әсерімен күйген иіс Атыраудан 100 шақырымнан астам қашықтықтағы Доссор ауылына дейін жетті. Тұрғындар ауылға жақындап келе жатқан түтіннің суреттері мен видеоларын жариялап жатыр.

«Квадрат» булану тоғаны: ондаған жылдар бойы улауда

Галина Чернова атап өткендей, «Квадрат» булану тоғаны да ондаған жылдар бойы қалаға зиян келтіруде.

— Мұнa қала мен өндірістік нысандардан тазаланбаған лас су төгіледі. Оны жабу мәселесі жылдар бойы кейінге қалдырылып келеді. Ал балалар, егде жастағы адамдар және аллергиясы барлар терезесін жауып, үйде отыруға мәжбүр. Иіс пен түтін пәтерлерге тәулік бойы кіріп жатыр.

Жақында Атырауда өткен екінші экологиялық форумда экологтар тағы бір ластану көзі — қоқыс полигоны туралы еске салды. Ол әлі қалпына келтірілмеген. Желдің бағытымен бүкіл қаланы қоқыс газдары, метан және күкiрттi заттар басып жатыр. Ал бұл улы иіс қала тұрғындары күнде сезіп жүрген жағдай, күнделікті көрініске айналған.

Атырау тұрғындары күн сайын әлеуметтік желіде улану қаупі бар ауамен тыныстап жүргендерін айтып, шағымдануда:

"Терезе ашуға қорқамыз. Баланың көзінен жас ағып, үнемі жөтеледі. Үйден шықпаймыз. Бұрын қызымда аллергия болмаған", – дейді тұрғындардың бірі.

"Терезені ашсам, басында таза сияқты көрінді. Бес минут өтпей жатып, үйдің іші түтін иісіне толып кетті. Газ камерасында отырғандаймыз", – деп жазады келесі адам.

"Мониторинг қайда? Неге алдын ала ескерту жоқ? Неге үнсіз? Біз күнде тыныс алу мүмкін емес деп жазып жатырмыз ғой", – дейді тағы бірі.

Атырауда ауаға тараған газдың иісі күн сайын «газ бұлтының астында қалған Нұрсая, Жұмыскер, Авангард, Привокзальный, Зарослый, Балықшы және қаланың орталық аудандарында сезіледі. Тұрғындар қаланың үстін басқан ауаны «уланған күмбезге» теңеп отыр — мұндай жағдайда бірнеше тәулік бойы демалу мүмкін емес.

Түтін тыныс жолына тікелей әсер етуде

Жедел жәрдем деректеріне сүйенсек, түтін халықтың денсаулығына кері әсер етіп жатыр. 13–17 маусым аралығында дәрігерлер түтінге байланысты шақыртулар тіркеген. Диагноздардың ішінде: бронхиалды астма, астмалық статус, қан қысымының көтерілуі, жүкті әйелдердегі жүйке жүйесі бұзылыстары бар. Зардап шеккендер — жастар, қарттар мен денсаулығы әлсіз адамдар. Бұл — тек жедел жәрдем шақырғандар ғана.

— Бұл жай ғана қолайсыздық емес. Бұл — денсаулыққа зиян келтіретін, ұйқысыздыққа, үрейге, бас ауруына әкелетін ауыр жағдай. Қазір мұның бәрі үйреншікті құбылысқа айналды. Бұл — нағыз экоцид, — дейді Галина Чернова.

Қазір Атырауда экологиялық қозғалыс күшейіп келеді. 3 500-ден астам адам өңірде төтенше жағдай режимін енгізуді талап еткен резолюцияға қол қойды.

Құжатта тұрғындар халықты улауды тоқтатуды, ауаның ластану себептерін нақты анықтауды және жылдар бойы жағдайды елемей келген жауапты тұлғаларды жазалауды талап етеді.

Қазақстанда «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» заң, сондай-ақ санитарлық нормалар мен ережелер бар. Олар мемлекет пен бизнесті ауаға таралатын зиянды заттарды бақылауға, шекті мөлшерден асырмауға және санитарлық-қорғау аймақтарын сақтауға міндеттейді.

Елде ауа сапасын бақылауға арналған нақты заңнамалық негіз бар кезде, атыраулықтардың қауіпсіз орта талап етуі — жай наразылық емес, заңмен бекітілген құқық.

Себебі таза ауаға қол жеткізу — өтініш емес, бұл заңмен қорғалатын адам құқығы.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

18 маусым, 17:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.