Атырау, 8 шілде 15:47
 ашықВ Атырау +27
$ 519.51
€ 611.83
₽ 6.60

Атырауда ауа қайта ластанды: қамыс жанып жатыр

791 рет қаралды

Атырауда тағы да күйік иісі тарады. Бұл биыл бірінші рет орын алып отырған жағдай емес. Тұрғындар есебінен жаңылды, таза ауа қашан болады деп алаңдаулы.

Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қаланы тұмшалаған кезекті түтінге қамыс өрті себеп болған.

«2025 жылғы 13 маусымда сағат 13:50-де Еркінқала ауылынан 15 шақырым жерде "Ақ Жайық" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өртенді», — делінген ресми хабарламада.

Жағдайды бағалау және жедел іс-қимылдарды ұйымдастыру үшін Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, сондай-ақ резерваттың қызметкерлері оқиға орнына шұғыл түрде шықты. 

NASA-ның өрт картасында сағат 15:30-дегі Атыраудағы өрт ошақтары көрсетілген

ТЖД мәліметінше, елді мекендерге қауіп жоқ. Бірақ Атырау тұрғындары қалада кеуденің керіп тыныс алу мүмкін еместігін айтуда. Күйген иіс киімге сіңіп, тамақты қыжылдатып, өкпеге әсер етеді. Адамдар көздері күйдіріп, бастары ауырып, таза ауа жоқтығын айтып шағымдануда.

«Қамыс жаз бойы жана ма? Тыныс алу мүмкін емес. Таза ауамен демалғымыз келеді, әр ай сайын күйген иіспен емес», — деп наразы болуда атыраулықтар әлеуметтік желілерде.

ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл басынан бері өңірде үш үлкен дала өртінің дерегі тіркеліпті.

Сонымен бірге, өрт ошақтарын әуе арқылы барлау және сөндіру үшін ҚР ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ су төгу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағымен ТЖД қызметкерлері ұшып шыққан.

Өртті сөндіруге жалпы есеппен 82 адам және 17 бірлік техника жұмылдырылды.

"Желдің қалаға қарай бағытталуына байланысты қала ішін түтін иісі сезілуде. Қауіпсіздік мақсатында көшеге шығудан уақытша бас тартуды, терезелер мен есіктерді жауып, сондай-ақ балаларды назардан тыс қалдырмауларыңызды сұраймыз", - деп ескертеді ТЖД. 

Айнұр САПАРОВА

13 маусым, 19:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.