
Атырау облысында олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда өңірде олимпиадалық спорттың 32 түрі бойынша жаттығулар жүргізіліп жатыр. 31 спорт мектебінде 15 мыңға жуық бала спорттың 21 түрімен тұрақты түрде шұғылдануда. Сонымен қатар мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында тағы 19 мың бала тегін спорттық үйірмелерге қатысып жүр.
Кәсіби спортқа баулу бағытында да нақты шаралар қабылданған. Олимпиадалық резерв орталығында 235, ал мамандандырылған спорт мектеп-интернатында 200-ден астам жас спортшы дайындықтан өтуде.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, атыраулық спортшылар халықаралық ареналарда да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Мәселен, дзюдошы Абиба Абужақынова әлем чемпионатында күміс медаль иеленсе, Дарья Чеснокова Азия чемпионатында үш бірдей алтын жүлдені жеңіп алды.
– Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға да үлкен көңіл бөлінуде. 2022 жылдан бері облыста 12 жаңа спорт кешені салынды. Тағы 32 нысанның құрылысына 6,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл – балалар мен жастар үшін бұқаралық спортқа жол ашатын маңызды бастама, – деді Нұрбол Сыдықов.

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына Атырау облысынан екі дзюдошы жолдама алып, олардың бірі – Абиба Абужақынова үздік бестікке енді. Паралимпиада ойындарына да өңірден 16 спортшы қатысып, олардың екеуі қола медаль еншіледі. Әсіресе парадзюдо бағыты бойынша екі спортшы жүлдегер атанды, ал басқа қатысушылар ұлттық құрама сапында өз өнерлерін лайықты деңгейде көрсетті.
Сонымен қатар облыста ұлттық спорт түрлерін ілгерілету мақсатында арнайы клуб құрылып, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап барлық спорт мектептері цифрлық жүйеге көшетін болады.