
90 пайыз ойыншысы атыраулықтардан тұратын Қазақстанның отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы Азия чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді. Финалда Қытай құрамасымен өткен тартысты кездесуде жерлестеріміз 3:2 есебімен жеңіске жетіп, тұңғыш рет Азия чемпионы атанды.
Азия чемпионаты 6–15 маусым аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтті. Екі жылда бір ұйымдастырылатын жарысқа биыл 8 мемлекет қатысты. Қазақстан құрамасы турнирге небары тоғыз ойыншымен барған. Олардың 90 пайызы – Атырау облысынан шыққан спортшылар. Финалда өнер көрсеткен бес ойыншының барлығы да атыраулықтар.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Сауд Арабиясы, Жапония және Австралия командаларын 3:0 есебімен ұтты. Жартылай финалда Таиланд құрамасын дәл осындай есеппен тізе бүктірді. Ал финалда Қытаймен өткен шешуші ойында 3:2 есебімен басым түсіп, чемпион атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша:
- 1 орын – Қазақстан
- 2 орын – Қытай
- 3 орын – Таиланд еншіледі.
Одан бөлек, Қазақстан құрамасынан бірнеше ойыншы жеке марапатқа ие болды: Эрик Каскабаев - үздік доп беруші, Шыңғыс Медеуов - үздік либеро , Алмат Оспанов - үздік блок қоюшы атанды.
Параволейболдан ұлттық құраманың және Атырау облысы командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов бұл жеңісті үлкен мүмкіндіктердің бастауы деп санайды:
– Бұл жеңіс – спортшылар мен бапкерлердің көп жылғы еңбегінің жемісі. Біздің спортшылар енді 2026 жылы өтетін Әлем чемпионатына лицензия алды. Сонымен қатар алда 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиадаға қатысу мүмкіндігі де бар. Жақын арада тағы да бірнеше ірі іріктеу турнирлері күтіп тұр, – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұған дейін 1988–1999 жылдары Азия ойындарында жүлдеге іліккенімен, дәл осы форматтағы Азия чемпионатында алғаш рет чемпион атанып отыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау +4