
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ойынында «Атырау» өз алаңында лигаға жаңадан қосылған «Ұлытау» командасынан 0:1 есебімен жеңілді.
Бұл кезекті жеңіліс командадағы дағдарысты одан әрі тереңдетті.
Ойын Қазақстан Премьер-лигасының 12-туры аясында өтті. Бұл жолы да жанкүйерлер күткен нәтиже болмады. Бір ғана гол екінші таймда «Атырау» қорғаушыларының қателігінен кейін соғылды. «Атырау» есепті теңестіруге тырысқанымен, шабуылда нәтижеге жете алмады.
Матчтан кейін бас бапкер Денис Мамонов: «Айтарлықтай ештеңе жоқ — бәрін өздеріңіз көрдіңіздер. Қорғаныста қателестік, шабуылда мүмкіндіктер болды, бірақ жүзеге асыра алмадық. Құрамда шебер ойыншылар жетіспейді», — деді.
Ойыннан кейін клубтың бас директоры Дидар Сыдықбек те қатаң мәлімдеме жасады. «Матчтан соң бәріне: арыздарыңды жазыңдар деп айттым. Одан кейін кім қалатынын, кім кететінін өзім шешемін. Ертең Астанаға барамын — бапкерге қатысты жақсы жаңалық айта аламын деп үміттенемін. Әзірге сәл шыдаңыздар, менің де шыдамым таусылуға жақын. Ең болмаса бір жеңіске жетуіміз керек. Содан кейін жағдайды өзгертіп, Премьер-лигада қалудың жолдарын іздейміз», — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ ол клуб үшін кез келген жолмен бір жеңіске жету өте маңызды екенін атап өтті.
«Егер біреу өтемақы талап етсе, бірінші кезекте аты-жөндерін сіздерге беремін. Трансфер терезесі 24 маусымда ашылады, сол кезде командаға жаңа ойыншылар қосылады», — деді ол.
12 турдан кейін «Атырау» футбол клубы турнир кестесінде соңғы, 14-орында тұр.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +4