
Атырау облысында соңғы үш жылдан бері қарақұрт қаптап, адам мен мал зардап шекті. Мамыр айының басынан бері тоғыз адам ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды, олардың екеуі әлі де дәрігерлердің бақылауында.
Ветеринария мамандарының айтуынша, қарақұрт жер талғамайды, далалықта, қора-қопсы, тіпті ауылдардың ішінде кездеседі. Күннің күрт ысуы олардың көбеюіне жол беріп, белсенділігін арттыруда.
Биылдың өзінде 100-ге жуық малды қарақұрт шағып, оның 6-уы сеспей қатқан.
- Аудан бойынша биылдың өзінде 29 түйені қарақұрт шағып, оның 1-уі өлді. Фуросемид системасын салу арқылы шаруалар малдарын аман сақтап қалуға күш салуда, - дейді Индер ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мамбетқали ҚҰСАЙЫНОВ.
Бұл жағдай жыл сайын қайталануда. Бірақ әзірге қарақұрт Қазақстанда ресми түрде аса қауіпті жәндік ретінде танылмаған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсыныс жолдаған, алайда әзірше жауап жоқ. Қазір ветеринарлар барынша көмек көрсетуде, бірақ өлген мал үшін өтемақы төленбейді. Мысалы, өткен жылы шамамен 90 түйе қырылған.
Медицина қызметкерлері улы жәндік шақса, уақыт оздырмай дереу дәрігерге жүгінген жөн дейді. Қарақұрт шаққанда науқас әлсіреп, қара терге түсіп, демалысы қиындап, жүрегі қысылу белгілері болады.
Министрлік шешімін күткенше, ауыл тұрғындары қолғап киіп, қарсы у іздеп, малына қырағылықпен қарап отыр. Өйткені, биыл жаз тек ыстық қана емес, қауіпті де болғалы тұрған сияқты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -2