
Данияр ҚОЖАХМЕТОВ 22 жаста. Ол қала маңындағы Химпоселок тумасы. Бар-жоғы бір жыл бұрын ғана Данияр қарапайым өмір сүріп жүрген. Ол қаладағы қонақүйде аспаз болып жұмыс істеді, анасымен екеуі ғана тұрды. Оны анасы жалғыз өзі өсіріп, жеткізді. Күндердің күнінде Данияр өмірін өзгертуге бел буды. Содан бері оның өмірінде үлкен бетбұрыс басталған еді.
Бүгінде ол Рио-де-Жанейрода тұрады, экскурсия жүргізіп, португал тілін үйреніп жүр. Ендігі арманы — әлемге әйгілі Le Cordon Bleu аспаздық мектебіне оқуға түсу. Оның өмір жолы – батылдық, қалыпты өмірге жаңаша қарау және бір күтпеген кездесудің бүкіл тағдырды қалай өзгерте алатыны туралы әсерлі оқиға.
— Бастапқыда Еуропаға көшу туралы ойлағанмын, — дейді Данияр. — Бірақ бір күні Бразилия туралы ерекше шабытпен әңгімелеген адамдармен танысып қалдым. Олар туризмдегі мүмкіндіктер мен Рионың ерекше атмосферасы жайлы айтты. Сол сәтте менің ішімде бір ұшқын пайда болғандай болды: жарқын, еркін жерде өмір сүріп, өз ісімді бастау идеясы мені баурап алды. Шешім қабылдау оңай болмады — көп қағазбастылық, бәрі бөтен тілде, бөтен елдің заңы. Ең қиыны — құжаттарды реттеу мен баспана табу болды.
Жақындары мен достары алғашында таңғалды — оларға Бразилия тым алыс, түсініксіз ел болып көрінді. Бірақ кейін қолдау білдірді — себебі Данияр әрдайым қалыптан тыс жолдарды іздейтін. Сөйтіп, Риоға келді. Гид болып жұмыс істейді, сонымен қатар АҚШ пен басқа елдерге виза рәсімдеуге көмектесетін жобасын қатар алып жүр.

— Көшпей тұрып, менде Бразилия жайлы көп стереотиптер болды. Бұл ел тек футбол, карнавал мен қылмыс қана сияқты көрінетін, — дейді Данияр. — Бірақ шын мәнінде, мұнда өте ашық, мейірімді, дәстүрді құрметтейтін және өмірді ерекше жақсы көретін адамдар тұрады екен. Әрине, қиындықтар да бар — мысалы, мұндағы аптап ыстық пен ылғалдылық кейде қатты шаршатады. Әсіресе бастапқы кезде қиын болды: тілді білмеу, қателесіп қалам ба деген қорқыныш. Бірақ мен өзімді сөйлесуге итермеледім, қателессем де сөйлеуге тырыстым. Күн өткен сайын бәрі жеңілдей түсті.
Ол Бразилияда мүлде басқа өмір сүру салтына үйренгенін айтады. Асықпай, әр сәттен ләззат алуды, тоқашпен бір шыны кофе ішіп, себепсіз шүйіркелесуді, күн сайын күннің батқанын тамашалауды үйренген. Атыраудың қарбаласы Химпоселок пен Авангардтың арасында қалып қойғандай.
— Мұнда қазақстандықтар өте аз — Атыраудан келген жерлестерімді әлі кездестірген жоқпын, — дейді Данияр. — Бірақ бұл тіпті жақсы да шығар. Қазақстан туралы жергілікті тұрғындарға айтып беремін, олар әрдайым қызығушылық танытады. Кейде бешбармақты, өзіміздің етті сағынып кетемін — мұнда ет қымбат әрі дәмі де сәл өзгеше.

Даниярдың Риода сүйікті орындары тек әйгілі туристік нысандар — Христос мүсіні мен Селарон баспалдақтары ғана емес. Ол туристер көп келе бермейтін тыныш жағажайларды ерекше бағалайды. Дәл сол жерде, оның айтуынша, қаланың шынайы рухы сезіледі.
— Ештеңеге өкінбеймін. Қателіктердің өзі қажет болды — олар мені мықты қылды, — дейді Данияр. — Қазір Бразилияда қалғым келеді, бұл ел маған шабыт сыйлайды. Бірақ егер тағдыр басқа елге жол ашса — дайынмын. Әлем үлкен, мүмкіндігінше көп нәрсені көргім келеді.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -2