Атырау, 13 желтоқсан 23:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -4
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Кеше ғана тып-тыныш мекен еді...

3 116 просмотра

Бұрын хабарлағанымыздай, осы жылдың сәуір айында Құрманғазы ауданында болған ауыр қылмыс бойынша үкім шығарылды Қиғаштағы қос өлім» және «Қиғаштағы кісі өліміне кінәлі өмір бойы жазасына кесілді» мақалаларын қараңыз).

Енді осы атышулы іс туралы нақтылап әңгімелеуге болады.

 

АУЫЛДА ЕСІК БӘРІНЕ АШЫҚ

3 сәуір күні кешке, шамамен сағат 21 мен 22-лер шамасында бетперде киген және шолақ мылтықпен қаруланған төрт адам еш нәрседен хабары жоқ, бейқам отырған ШАМЕДЕНОВТЕР отбасының үйіне басып кіреді. Үй есігі кілтенбеген-ді, бұл сүттей ұйыған, тыныш Қиғаш ауылы үшін қалыпты жағдай еді, «бәрі таныс, тып-тыныш, кімнен тығыламыз?», - дейді тұрғындар. Сонымен қатар, бауырмал, қонақжай үй иелеріне туыстары, достары, көршілері жай ғана шәй ішуге, әңгімелесуге, кейде көмек сұрай жиі келетін. Ауылда үй иесі әйелдің сауда-саттықпен айналысатынын, ерлі-зайыптылардың ортақ отбасылық бизнесі – азық-түлік дүкені бар екенін бәрі білетін.

- Ол ақ көңіл, ашық адам еді, барлық туыстарына көмектесетін, мектеп пен балабақшаға кейде ақшалай көмек жасаса, кейде азық-түлікпен қамтамасыз ететін, тұрмысы нашарларға қол ұшын беретін, - дейді жақсы таныстары.

Шамеденовтердің екі ересек баласы қалада өз беттерімен өмір сүретін. Шағын кәсіптерінің арқасында балаларына той жасап, ұлына қаладан пәтер сатып алып берген. Балалары мен немерелеріне жақын қалаға көшуді зейнеткерлікке шыққанға дейін ығыстырып қойған. Отағасы «ҚазТрансГаз» АҚ «Ганюшкино» желілік-өндірістік басқармасында оператор болып жұмыс жасап, әйеліне бизнесті жүргізуге көмектесетін.

Қайғылы оқиға қарсаңында ерлі-зайыптылар бірге 50 жылдық мерейтойларын атап өтуге дайындалып жүрген, үйдің қонақжай иесі атаулы күнге бір апта жете алмай қалды...

 

КІСІ ӨЛТІРУ – ҮЙРЕНШІКТІ ЖАҒДАЙ

Қылмысты ұйымдастырушы – Мақат кентінің тұрғыны 1967 ж.т. А. ДЖАШИЕВ бұрын Ресейде кісі өлтіргені, Қазақстанда қарақшылық жасағаны үшін 15 жыл отырған. Оның досы және сыбайласы – құрдасы және ауылдасы А. ИСМАҒҰЛОВ – бұрын бұзақылығы үшін сотталған, бұл жолы жүргізушінің рөлінде болды. Қалған үшеуі – 20-дан асқан жас жігіттер, бәрі де Мақат тұрғындары.

...Жүргізуші көлікте қалды. Қалғандары бетперде және қолғаптарын киіп алып, аулада тұрған джиптің төрт дөңгелегін пышақпен жарып, телефон сымын қиып, ашық тұрған есіктен үйге басып кірді. Олар ерлі-зайыптылардың ұялы телефондарын тартып алып, біреуін өздеріне қалдырып, қалғанын сындырып тастады. Қылмыскерлерде шолақ мылтық болған, баллистикалық сараптама көрсеткендей, ол патрондармен оқталған, алайда олар оны қолданбаған.

Бандиттер өз құрбандарын байлап, ауыз-мұрындарына шүберек тығып, сыртынан скотчпен орап тастаған. Кейіннен сараптама көрсеткендей, олар ерлі-зайыптылардың тірі қалуына еш мүмкіндік қалдырмаған. Дегенмен, сотталушылар сотта оларды өлтіреміз деген ниеттері болмағанын айтты. Алайда сараптама құрбандарға жасалған жарақаттар, сынықтар мен үлкен қан кетуден кейін ерлі-зайыптылар тек үш сағат қана өмір сүре алатынын анықтады. 

 

48 САҒАТҚА СОЗЫЛҒАН ҚУҒЫН

Үйді асты-үстіне шығарып, қылмыскерлер ақша, алтын зергерлік бұйымдарды алады (кейіннен тоналған мүліктің жалпы сомасы шығарылды – 6 млн теңге шамасында). Тергеушілер кейіннен заттық дәлелдемелер мен ұялы телефонды машиналарынан тапты. Алайда ұсталған кезде ақша өздерімен бірге болмады. Қылмыскерлердің айтуынша, барлық ақшаны жергілікті колонияда отырғандардың ұялы телефондарына бірліктер жіберуге жұмсаған.

Бетперде мен қолғаптарды бір дорбаға салып, далалыққа лақтырып кеткен, тергеушілер оны келесі күні тауып алды. Ал тағы бір тәуліктен кейін, 6 сәуірге қараған түні облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары Аян ДҮЙСЕМБАЕВ басқарған жедел топ банды басшысы мен оның жақын көмекшісін – бірін Мақаттан, екіншісін облыс орталығындағы Нұрсая ықшамауданынан ұстады. 

 

ЖАНСЫЗ ТУЫСҚАН

Тергеу барысында қылмыскерлердің бесеу болғаны және барлығы Мақат кентінің тұрғындары екені анықталды. Олардың алыс ауданда тұратын өз құрбандарын, сонымен қатар, үйіне дейін алып баратын жолды бұрын білмегендері анықталды. Тергеушілер жол сілтеуші жансызды іздеп тапты. Ол өлтірілгендердің алыс жақыны екен. Шамеденовтерде ақша барын қылмыскерлерге айтып, жол көрсеткен сол болып шықты. Кейіннен ол тергеушілерге мойындағандай, үйдің мекенжайын қарақшылық шабуыл жасау үшін сұрағанын білген екен. Түнде қылмыскерлерді кері қайтар жолға шығарып тастап тұрып (құрбандардың үйі мен аудан орталығы Ганюшкино селосына дейін тас жол жоқ, сондықтан да түнде адасып кету оңай), бәрі жақсы ма деп сұрақ қояды. Олар басын изеген. Ал таңда қатігездікпен жасалған өлімнен ауыл дүрлікті...

Жансызды ұялы телефоны бойынша тапты, қайғылы оқиғадан жеті күннен кейін ұсталды. Бұл адам мойындап жауап бергеннен 10 күннен кейін уақытша қамау камерасында асылып қалды.

 

БАРЛЫҚ ТҰЛҒАЛАР АНЫҚТАЛДЫ

Сотталушылардың біреуі өткен жылдың желтоқсанында жасалған Мақат пен Доссордағы (екі ауыл арасы 30 шақырымдай) бір күнде тоналған дүкендер ісімен қосымша айыпталды. Үш сотталушының өз адвокаттары, екеуінде мемлекеттік адвокат болды. Бандылардың басшысы сотта өзін белсенді ұстап, күліп, қаза болған ерлі-зайыптылардың туыстарына сұрақ қойып отырды.

Сотталушылардың біреуі өз кінәсін мүлдем мойындамады, бұл бандылардың бірде біреуін танымайтынын, Ганюшкино жаққа бармағанын айтып, жалтарды. Алайда сотта аудан орталығынан шығар жердегі кафелердің бірінде орнатылған бейне бақылау камерасының жазбасы бар еді. Кешке қарай төртеуі (біреуі көлікте қалған) осы кафеге кіріп, бір шөлмек арақ пен самса алған. Бейне жазбада барлығының бет-жүзі анық көрініп тұр.

- Олардың басшылары қазір 46 жаста, оған өмір бойғы жаза талап етсек те, ол бұған дейін 15 жыл отырып шыққан. Мұндай адамды ештеңе түзей алмайды. Сондай-ақ ол амнистияға ұшырап немесе шарты-мерзіменен бұрын бостандыққа шығарылуы мүмкін, - дейді қаза болғандардың туыстары.

Үкім белгілі.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА 

26 тамыз 2013, 14:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.