Атырау, 26 желтоқсан 23:11
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қиғаштағы кісі өліміне кінәлі өмір бойы жазасына кесілді

4 441 просмотра

Атырау облысы Қиғаш ауылындағы 50 жасар ерлі-зайыптыларды өлтіруді ұйымдастырған адамды өмір бойы, ал сыбайластарын ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды.

Бүгін, 23 тамызда Атырау облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта Құрманғазы ауданы Қиғаш ауылында үстіміздегі жылдың сәуірінде болған атышулы ерлі-зайыптыларды өлтіру ісі бойынша Қиғаштағы қос өлім» мақаласын қараңыз) сот үкімдері жарияланды.

Күндізгі сағат 11.00-де бес сотталушыны қолдары кісендеулі күйінде күзетпен сот залына алып келді және үкім айтыларда да қолдарын босатпады. Үш сотталушы өте жас – 20-ға жаңа толған жігіттер. Олар бір-біріне күлімсіреп, қаза болған ерлі-зайыптылардың балалары мен туысқандары отырған залға шімірікпестен қарап қояды.

Судья келместен бұрын осы қылмысты ұйымдастырушысы болып есептелетін 46 жасар сотталушы А. ЖАШИЕВ (бұрын Ресей аумағында кісі өлтіргені үшін және Қазақстанда қарақшылық жасағаны үшін сотталған, бостандыққа былтыр шықты) қолындағы кісен қатты қысылған деп айдауылдарға шағым айтып, жұрт назарын өзіне аудартты. Айдауылдардың бірі кісенді қарап, сәл босатқандай қимыл көрсетті. Жайшиев айдауылдардан әрірек тұрған отырғышқа жайғасты. Алайда күзетшілер бұл әрекеттен күдік алып, кісенді тағы бір рет тексеріп қойды.

Сот залы адамға лық толы. Зардап шегушілер тарапынан қаза болғандардың үлкен ұлы мен қызы, жақын туыстары, достары қатысты. Сотталушылар жағынан кісі көп болмады, олар залдың артқы жағына жайғасты.

Үкімді Атырау облыстық қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Гүлнәр ХАЖЕНОВА оқыды. Үкім оқыларда барлық сотталушылар орнынан тұрды, ал Жайшиевті тұрғызу үшін айдауылдарға күш салуға тура келді.

Істің қысқаша мазмұны мынадай:

2013 жылы 3 сәуірде Құрманғазы ауданы Қиғаш селосында сотталушылар ШАМЕДЕНОВТАР отбасының үйіне автокөлікпен келіп, қарақшылық шабуыл жасайды.

- Үйге кірген сотталушылар қару қолданып, ірі сомада ақша мен алтын бұйымдарды алады, - деп оқыды судья Хаженова. – Содан кейін күш көрсетіп, ерлі-зайыптылардың аузына орамал тығып, тыныс алу жолдарын скотчпен бірнеше рет орап тастайды. Ауа жетпей тұншыққан зардап шегушілер қылмыс орнында көз жұмды.

Сотталушыларға ҚР ҚК-нің 251-бабы 2-тармағы («Заңсыз қару сақтау»), 179-бап 4 «б» тармағы («Қарақшылық»), 96-бап 2-тармағы «а», «ж», «к» тармақшалары («Топпен екі және одан көп адамды өлтіру») бойынша айып тағылды.

Қылмыстың ауырлығын, сондай-ақ Жашиевтың бұрын сотталғанын есепке алып, сот оған қылмысты ұйымдастырушы ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Тұралиевке, Садуақасовқа, Баукешевке жасаған қылмыстарының ауырлығына қарай 23 және 24 жыл, Исмағұловқа 18 жыл бас бостандығынан айыру мерзімін берді. Бес сотталушы да өз жаза мерзімдерін айрықша режімдегі түзету колониясында өткізеді, сондай-ақ олардың мүліктері тәркіленеді.

Қазақ тілінде үкім оқылғаннан кейін Жашиев бұл тілге түсінбейтінін мәлімдеді. Судья оған қатысты үкімді орыс тілінде қайталады. «Өмір бойы бас бостандығынан айыру» сөзінен кейін Жайшиев ызалықпен «Үлкен рахмет» деп қойып қалды.  

Судьялардың айтуынша, сотталушылар қолдарына үкімнің көшірмесін алғанша апелляцияға өтініш бере алады.

Тоналған мүліктердің жалпы сомасы ақшаға шаққанда 6 миллионнан астам теңгені құрады. Зардап шегуші шағымы бойынша сотталғандардан 5 296 250 теңге сомасында материалдық шығын өтелетін болады.

Атырау облысындағы криминалдық оқиғалардың ішінде бұл сот өмір бойы жаза мерзімін белгілеген екінші жағдай. Судьяның айтуынша, бірінші жағдай 2010 жылы болған, ол да кісі өлтірумен байланысты.

Зардап шегуші жақтың адвокаты Саягүл АЙЫПҚЫЗЫ«АЖ»-ға:

- Біз үкіммен келісеміз және апелляцияға өтініш бермейміз, - деп мәлімдеді.

Үкім оқылғаннан кейін зардап шегушілердің жақын туысы Өтеген ҚАПЕТОВ үкімге қатысты өз пікірін білдірді:

- Мен біздің заң өте әлсіз деп есептеймін, алға қарай мұндай сұмдық қайталанбас үшін, бәрін ату керек.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 тамыз 2013, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.