
Атыраудың «Бейбарыс» хоккей клубы өз қорғаушысы Олег Гофманның қайғылы қазасы туралы хабарлады.
Жас спортшы 24 жасында жазатайым оқиға салдарынан өмірден өтті.
Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, трагедия Мәскеуде орын алған – Гофман алтыншы қабаттың балконынан құлап, көз жұмған. Клуб оқиғаның ресми мән-жайын жарияламады.
Олег Гофман соңғы екі маусым бойы «Бейбарыс» сапында ойнады. Клуб оны сенімді қорғаушы және қайсар мінезді жан ретінде еске алады.
Оған Мәскеулік «Динамо» клубы да көңіл айтты. Гофман осы клубтың хоккей мектебінен өткен, жастар командасында 166 матч ойнап, 2021 жылы Харламов Кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ, ол АКМ, красноярлық «Сокол», «Сарыарқа» және «Бейбарыс» командаларында ойнаған.
Олег Гофманмен қоштасу 20 мамырда Мәскеу облысындағы Колычев зиратында өтеді.