Атырау, 22 желтоқсан 21:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Жаужүрек жауынгер Жұмағали Дәулетияров

1 212 рет қаралды

Ұлы Отан соғысы - өткен жиырмасыншы ғасырдағы ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы алапат соғыс. Сол қан майданның бел ортасында жүріп, жеңісті жақындатқан ардагерлердің бірі - жерлесіміз, марқұм Жұмағали ДӘУЛЕТИЯРОВ еді.

Ардагердің өткен өмір жолына шолу жасап көрелік. Жұмағали ағай 1917 жылы Гурьев (Атырау) облысы Қызылқоға ауданы Қаракөл ауылында дүниеге келген. Құм өресінде балалық шағы өтіп, Қаракөл мектебінен дәріс алған алғыр бала оқуын ұштастырып, терең білім алуға ұмтылады. Сөйтіп 1936 жылы Орал қаласындағы мұғалімдік оқу орнына студент болып қабылданып, оны 1938 жылы бітіріп шығады. Сол жылы мамандығы бойынша оқытушы болып жасап жүргенде, қазан айында Армия қатарына шақырылып, 1940 жылы азаматтық борышын өтеп келіп, жұмысына қайта кіріседі. 

Жас жігіт Жұмағали сүйген жары Ақсұлу КАРИНАМЕН 1941 жылдың 6 желтоқсанында отау тігеді. Бұл кезде мамыражай тыныштық бұзылып, екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан болатын. Ал Жұмағали ағаға 1942 жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданының әскери комиссариатынан шақырту келіп, майданға аттанады. Бастапқыда Одессадағы  жаяу әскери училищесіне оқуға түсіп, бітіріп шығады. Ант қабылдап, 1943 жылы Воронеж майданындағы қиян-кескі ұрысқа қатысады.

Бір кезек құжатқа сүйенейік, 1943 жылы 12 шілдеде №6 атқыштар ротасы, 44-ші гвардиялық полкы, 15-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының взвод командирі Жұмағали Дәулетияров ерлігімен көзге түскен еді. Наградалық мадақтауда былай деп көрсетілген: (Наградной лист) «... За время наступательных боев против немецких захватчиков с  7 по 10 июля 1943 года в районе совхоза Батрацкая дача действовал смело и решительно. Особенно проявил мужество и отвагу  тов. Давлетяров 10 июля. Он дважды водил взвод в атаку и дважды выбивал немцев из занимаемых рубежей. Станковый пулемет его взвода шквальным с огнем уничтожал фашистов. Сам товарищ Давлетяров только за 10 июля истребил 17 гитлеровцев, из них 2 заколол штыком и 2 убил гранатой, а всего за 4 дня им уничтожено 33 гитлеровца». 

Осындай батылдығы мен батырлығы  үшін Ж. Дәулетияров «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 

1944-1945 жылдары 4-ші Украина майданында гвардия лейтенанты Ж. Дәулетияров небір жорық жолдарынан өтіп, шайқаста жауынгерлерді жігерлендіріп, ұйымдастыра білген қабілетімен көзге түсіп отырған. Әскери тактикамен дұшпанға соққы берген Кеңес әскерлері  Жеңісті бір табан жақындата түскен еді. Берлинге дейін барған Жұмағали аға екінші топтағы мүгедек болып елге оралады. Бұл кезде соғыс та бітіп, жауынгерлер туған топырақтарына оралып жатқан болатын. Ол елге келісімен өзінің сүйікті ісімен айналысса, жұбайы Ақсұлу да бастауыш кластың мұғалімі қызметін атқарып жүрген. Ерлі-зайыпты қос мұғалім оқушыларды терең біліммен сусындату жолында аянбай еңбек етті.   

- Менің жездем, білімді, өте салиқалы сабырлы, мейірбан, көпшіл, ағайын-туманың ұйытқысы болып отыратын. Жайлы мінезімен көпті баурап алатын жездем өте сауатты еді. Мен ол шаңырақта жатып мектепті бітірдім, сонда қабағын шытқанын көрмеппін, кеңдік, шүкірлік танытып отыратын, - деп еске алады майдангердің балдызы Роза ҚАРАҚЫЗЫ.

Ж. Дәулетияров еңбек жолында ағартушылық жұмыста бірнеше жыл еңбек етіп, жүздеген шәкірттердің баулып шығуына үлес қосты. Ол Қызылқоға ауданындағы Қаракөл, Қарабау, Тасшағыл мектептерінде директор болып қызмет етті. Осындай еңбегінің арқасында 1956 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. 

Сол жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға бастама көтерген Гаганованың ісін құптап, өзі де белсене араласады. 1961-1965 жылдары мал шаруашылығында жауапты қызметтер атқаруы соған дәлел. Бірақ білім саласына қайта оралып, өмірінің соңына дейін адал жұмыс атқарды. Зейнеткерлікке шыққанымен мектептен қол үзген жоқ, өзінің өмірлік тәжірбиесін ұстаздарға үйретуден жалыққан емес. Ол 1976 жылы, ал жұбайы Ақсұлу 2009 жылы өмірден озды. Жұмағали аға отбасында жақсы әке, адал жар болды.  Олардың отбасында 8 ұл-қыз өмірге келді. 

- 1993 жылы қатты су тасқыны болып, Миялыдағы үйіміз түгелімен суға кетті. Жан сауғалап басымыздың аман қалғанына тәуба дестік. Дүние-мүлікті айтпағанда әке-шешеміздің жастық кезеңінен өмірінің соңына дейінгі құжаттар, фотосуреттер сумен шайылып кетті. Ең өкініштісі сол болды. Кейін Ресейдің «іздестіру» сайтына кіріп, әкеміздің соғыста ерлік көрсеткен құжатын сұратқанбыз. Міне, сол қолымызға тиіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды. Өйткені бұл құнды құжаттар ертегіге сенбейтін ұрпағы үшін қажет еді. Аталарының Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігін айғақтайтын құжат қолға тиіп, немере, жиендеріне таратып жатырмыз, - дейді кенже ұлы, Атырау қаласының тұрғыны Бейбіт ЖҰМАҒАЛИЕВ.

Бүгінде Жұмағали Дәулетияровтың ұрпағы өсіп-өніп, аталарының сара жолымен алға басып келеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

9 мамыр, 14:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.