
Екіншідүниежүзілік соғыстың аяқталғанына санаулы күндерден кейін 80 жыл толады. Елі мен жерін қорғауға қатысқан ардагерлердің бірі, марқұм, Атырау қаласының тұрғыны Тілеумұхан ЕРМҰХАНОВ еді.
Тілеумұхан 1924 жылдың 15 ақпанында Атырау (Гурьев) қаласында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған жылы оның жасы небары 17-де еді. С. Орджонокидзе атындағы орта мектепте оқитын ол военкоматқа өзі аяқтай барып, сұранып жүріп майданға аттанады. Жас жауынгер алғаш рет 53-ші гвардиялық дивизияның 157-ші полкінің құрамымен соғыс өртіне кіреді.
- Әкем старшина әскери атағымен Великий Лук жерінде соғысқа қатысады. Бізге сол майдандағы естеліктерімен бөліскен уақытында мыналарды айтып еді: "Қорқуды білмейміз, мүмкін жастық шығар, әйтеуір фашистерді тықсыра қуып, жерімізді азат етуге үлес қосып, ерлік көрсетсек деген ой болды. Майдан даласы дәл кинодағыдай көріністе болды, жарылған бомба, астаң-кестеңі шыққан жер, бораған оқ, қыршынынан қиылған боздақтар... Бәрін бастан кештік". Сталинградты қорғау кезінде әкем сол қолына снаряд жарқыншағы тиіп, ауыр жарақат алған,-дейді ұлы Жандарбек ЕРМҰХАНОВ.
Ауыр жарақаты жанына батса да Тілеумұхан ет қызуымен ППШ автоматын ТТ тапаншасына ауыстырып, басқа жауынгерлермен бірге алға ұмтылады. Бірақ әбден қансыраған жас жігіт кешікпей есінен танып құлайды. Есін госпитальда жиғанда қолы таңулы болған, жан-жағы жаралы жауынгерлер. Денсаулығы жақсарғаннан кейін жас жауынгер әскери құрамаға қайта оралған еді. Тағы да ұрыстарға қатысып, жаудың бетін қайтару үшін жан аямай күрескен Тілеумұхан екінші рет жараланады. Оқ аяғына тиіп, жарақатының ауырлығы соншалық ұзақ емделуге тура келеді. Бұл жолы оған әскери дәрігерлік комиссия гвардия старшинасын демобилизациялап, оған 1-ші топтағы мүгедектік береді. Бірақ Тілеумұхан дәрігерлерлің қорытындысымен келіспей, госпитальдан бірден майданға баруға тырысады. Бірақ станцияда әскери патрулге ұсталып қалып, елге қайтуына тура келеді.
Жас жауынгердің кеудесінде ІІ және ІІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендері бар еді. Бұл 1944 жыл еді. Тілеумұхан Гурьевке келісімен партияның жұмсауымен Байшонастан бір шығып, осылайша мұнай кәсіпшілігінде еңбек ете бастайды. Еңбекқор, ұйымдастушылық қабілеті зор Т. Ермұханов көп кешікпей «Коммунистік еңбек» белгісімен наградталады.
Майдангер Ермұханов өндірістік қызметпен қатар аудандық ДОСААФ-тың нұсқаушысы бола жүріп мұнайшыларға қаруды қолдану және оны ату тәсілдерін үйрететін. Өйткені соғыс әлі біткен жоқ еді, жауынгерлердің фашистерді Германияға қарай тықсыра қуып жатқанын радиодан тыңдап, жігерлене түсетін. Сол жылдары жан жары Ажар Аббазовамен жолығып, отау құрады. Жасынан жалындап тұрған Тілеумұхан шаршауды білмейтін, жасалатын жұмысты кейінге қалдырмай, ортасында жүретін. Осындай қасиеттерге ие ол Байшонас мекенін гүлденуіне бірден-бір үлес қосты. Осындай ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен оған мұнай кәсіпшілігінен кетіп, тұрғын-үй коммунальдық шаруашылықты басқаруға ұсыныс етеді. Мақат ауданының Байшонас мекені құлпырып жүре берді, асфальт салынды, мектеп, аурухана жөнделді, су тапшылығына қарамастан бақтар жасыл желекке толы болды. Ермұханов ауылдың кіре берісіне жеміс ағаштарын егіп, шие, өрік түрі өсіріліп, тіл үйіретін апорт алмасы Бүкілодақтық көрмеде ерекше аталды.
Осыншама еңбек сіңірген Ермұхановтар отбасы да үлкейіп, он бір бала дүниеге келді. Тілеумұхан Ермұханов өзінің туған қаласы Атырауға оралғаннан кейін 1992 жылы өмірден озды. Оның еңбегі сіңіп, тер төккен Байшонасы да бүгінде жоқ, экологиялық зардаптарға байланысты ауылдастары көшкен болатын.
Т. Ермұхановтың ұл-қыздары бір-бір үй болған, одан тараған ұрпақтар немере-жиендер де үйлі-баранды болуда. Бірақ аталарының жолымен келе жатқан ұрпақтары оны ұмытпақ емес, үлгі тұтып, әрдайым еске алып отырады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау 0