Атырау, 16 мамыр 15:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +17
$ 510.58
€ 571.80
₽ 6.34

«Игерілмеген жерлерді қайтарыңдар!»: Индер ауданының тұрғындары билікке талап қойды

Сурет Бейнежазба
779 просмотра

Индер ауданы Аққала ауылының тұрғындары Бағырлай каналы бойындағы игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтаруды сұрайды. Олардың айтуынша, аумақтар жеке кәсіпкерлерге жалға берілгендіктен мал жаю мүмкіндігі шектелген – сымдар мен қоршаулар жайылымдарға еркін жайылуға кедергі келтіруде.

Аққала ауылында жер дауына байланысты аудандық әкімшілік қызметкерлері мен тұрғындар кездесті. Ауыл халқының дені малмен күнелтіп отыр десе болады, соны сатады, өнімдерін пайдаланады. Алайда ауылдан шамамен 8-9 шақырым жердегі Бағырлай каналының бойы оншақты жыл бұрын жеке кәсіпкерлерге беріліп кеткен. Ауыл шаруашылығын дамытамын деген мақсатпен алынған ол жерлерді жеке кәсіпкерлер толыққанды игеріп отыр деуге болмайды. 

Мәселен, 2006 жылы 182 гектар жер Амангелді КЕНЖЕҒАЛИЕВҚА 49 жылға жалға берілген. Биыл жеке кәсіпкер 50 гектарға жоңышқа егуді жоспарлапты. Ал қалған жерлерді бір туысына беріп, ол мал өсіру бағытында қора-жай салуды көздеген. Бірақ оған тұрғындар қарсы.

- Онсыз да Бағырлай бойы каналын иемденіп болды, енді мал өсірмекші, ауылдың өріске шығатын бар малы сол маңнан өтеді, жолдар жабылып жатыр. Жерді игергенімен оны тазаламай шашып тастап кетеді. Жерді алды ма, қадағаласын, ал біздің малымызды қумасын, қоршап алсын. Сол себептен игерілмеген жерлер мемлекет меншігіне кері қайтарылып, ауыл шаруашылығына мақсатты пайдаланамын деушілерге жер каналдың бергі емес, арғы бетінен берілсін,-дейді ауыл тұрғыны Есболат ОМАРОВ.

Жергілікті тұрғындар жылдан-жылға ауыл малының жайылатын жері тарылып баратынын айтады. Бір жағында Батыс Қазақстан облысының жері, екінші жағында тоғай, ол қоршаулы, үшінші жақта Атырау-Орал трассасы, ал Бағырлай каналы тұсын жеке кәсіпкерлер меншіктеп алған. Мал асфалтқа қарай шықса - 10 мың теңге айыппұл бар. Мал өрісі мен суатқа баратын жері жоқ, әрі-бері бар мал қуылып ауылдың ішінде жүреді. 

- Енді не істейміз? Тоғайды неге ашпайды, сексеуіл еккен, одан дым жоқ, арамшөп қаптап кеткен,-дейді күйінген Мәжит КАРИМОВ. 

Дала еңбекккерлері арасында егінді еккенімен орнын тазалап, рекультивизациялау бір жүйеге қойылмаған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали ҚҰСАЙЫНОВ шаруа қожалықтарының бірі он жыл бойы канал бойынан егіс салғанын, бірақ кәсіпкер жерді пайдаланғанымен жер үй салып, әжетхана орны, целлофан қалдықтары, жаңбырлатқыш құбырларын егіс басына тастап кетіп, жерді бүлдіргенін айтты.

- Мұндай жағдайда бірінші жеке кәсіпкерге ескерту береміз, екінші рет орындамаса, он айлық есепен айыппұл төлеттіреміз. Тағы қайталанса полиция араласады, - деп түсіндірді ол.

Жиналғандар Бағырлай каналының бойындағы игерілмеген жерді кері қайтару қажеттігі мәселесін көтерді. Бұл жөнінде аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Адақ ҮСЕНҚЫЗЫ игерілмеген жерді қайтару жөнінде жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Екі сағатқа созылған жиын қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Артур МУРЗИН жуырда аудан мамандары, ауыл белсенділері қатысқан комиссия Бағырлай каналының бойындағы жерлерді тексеретінін жеткізді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 сәуір, 18:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.