Атырау, 21 желтоқсан 13:38
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Тәртіптік жаза, жұмыстан босату және қосалқы бөлшектерге жұмсалған миллион: Құрманғазы ауданындағы аудит нәтижелері

1 490 рет қаралды

Атырау облысы әкімі аппараты Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылдық округі әкімдігі мен ауылдағы Фариза Оңғарсынова атындағы мектепте жүргізген ішкі аудит бойынша «АЖ» ресми сауалына жауап берді. 

Аудит ақпанның 10-ы мен 21-і аралығында жүрген. Тексеру кезінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік аудиттік тексеріс ауылдың белсенді азаматы Ақылбек Сәрсембаевтың арызы негізінде жүргізілген.

Ресми сауалымызға бір күн кешіктіріп жауап берген жауапқа облыс әкімі орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ қол қойған.

Оның жауабында Бөкейхан ауылдың округі әкімі аппаратына жүргізілген аудит кезінде қандай заңбұзушылықтар анықталғаны нақты жазылған: 
- Сотпен жүргізушілік құқығынан айырылған қызметкерге бірнеше ай бойы еңбекақы заңсыз төленген, артық төленген қаржы бюджетке өтелді;
- Қызметтік тұрғынжайлар заң талаптарына сай емес адамдарға берілген;
- Мемлекеттік сатып алу заңының талаптары бұзылған.

Тексеру қорытындысымен 412 мың 800 теңге айыппұл салынды.

Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылының әкіміне мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексімен айқындалған талаптарды сақтамағаны үшін Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған

Сондай-ақ негізгі құралдар аудиті кезінде 2023 жылы 1 млн 134 мың 100 теңгеге "Беларусь-82,1" тракторына қосалқы бөлшектер сатып алынғаны анықталды. Осы мәселе бойынша пайда болған сұрақтардың мән-жайын анықтау үшін материал ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы Іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне жолданды.

Ал  ақпанның 11–21-і аралығында Фариза Оңғарсынова атындағы мектепте жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесінде бірнеше қаржылық тәртіп бұзушылық дерегі анықталған. Сондай-ақ, Бисембиевтің жауабында бюджетке келтірілген шығынның өтелгені айтылады. Оған қоса, «мектеп директоры Шынар ИСАТАЕВА педагогикалық әдепті бұзғаны үшін лауазымынан босатылды» деп көрсетеді.

«АЖ» мемлекеттік сатып алу заңының талаптары бұзылған деген дерекке қатысты Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына да ресми сауал жолдады. Сауалдар Бөкейхан ауылы аумағына тиесілі зиратты қоршау жұмыстарына қатысты болатын. Жұмыстарға тапсырыс беруші - Бөкейхан ауылдық округі әкімі аппараты. Орындаушы, яғни мердігер - жеке кәсіпкер «Ахметова Сезім».  Тендер баға ұсыныстарын сұрату тәсілі негізінде өткен. Келісімшарт 2023 жылдың 12 шілдесінде жасалған. Орындалған жұмыс 2023 жылдың 4 қыркүйегінде тапсырылған. Жұмыс құны - 8 млн 674 мың 300 теңге.

Басқарма басшысы Нариман БИҒАЛИ зират қоршау жұмыстарын тексеру кезінде заңбұзушылықтар анықталғанын растап, «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының нормалары сақталмағаны үшін «лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды» деп жазады.

Кейін ұялы телефон арқылы нақтылап, лауазымды тұлға деп отырғаны - Бөкейхан ауылы әкімі Жүсіп ТӨРЕҒАЛИЕВ екенін нақтыладық. Сондай-ақ, басқарма ауылдағы зиратты қоршау және ауылға кіреберістегі кірме арка түріндегі шағын сәулеттік нысанда рұқсат құжаттарсыз салғаны үшін үш хаттама толтырған. Басқарма екі рет 314 мың теңгеден айыппұл салған. Үшінші айыппұл сот шешімі арқылы салынған. 

Ауылдың белсендісі Ақылбек Сәрсембаев бұл тендер бойынша «зиратты қоршау кезінде бюджетке қанша шығын келтірілгенін және нақты қанша материалдың ақшасы жоқ, қанша жұмыс жасалмағаны туралы қаржылай анализ керек» дейді. Ол бастаған бір топ ауыл жанашырлары мемлекеттік аудиттің қорытындысымен келіспейді. Сәрсембаев қаражат тиімсіз пайдаланылды емес, жымқырылды деп санайды.  

Аудит нәтижесінде әкім аппараты көлік жүргізушісі көлікті масаң күйде жүргізсе де жұмыстан шығарылмағаны анықталды. Көлік жүргізушісіне 2023 жылдың 7 тамызында көлікті алкоголдік «жеңіл» дәрежедегі масаң күйінде көлік құралын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылған. Соның негізінде Құрманғазы аудандық соты оны 15 күнге қамаққа алу туралы қаулы шығарып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырған. Бірақ жүргізу куәлігінен айырылғанына қарамастан оған тамыздан желтоқсан айына дейін жалақы төленіп отырған. Жұмыс табеліне 8 сағат соғылып, жалпы сомасы 377 900 теңге бюджет қаражаты заңсыз аударылғаны анықталды. Атырау облысы әкімі аппараты жетекшісі Нұрлыбек ЖЕҢІСБЕКҰЛЫНЫҢ берген жауабында бұл сома жергілікті бюджетке өтелді деп көрсетілген. Төлеген.  

Сондай-ақ, 2023 жылы 1 134 100 теңгеге Беларусь-82,1 тракторын жөндеу мақсатында әкім аппараты мемлекеттік сатып алу арқылы қосалқы бөлшектер сатып алған. Алайда 2024 жылдың жазында трактордың қосалқы бөлшектерін ауыстыру округтен 400 метр жерде орналасқан округ әкімі анасының шаруашылық жерінде жүргізген, алайда жөндеу жұмыстары арнайыландырылған қызмет көрсету станциясында жүзеге асырылуы қажет еді. Сондықтан да тракторға қосалқы бөлшектерді орнатқаны туралы маман қорытындысы жоқ, яғни сатып алынған қосалқы бөлшектердің нақты тракторды жөндеуге жұмсалғаны туралы ешқандай дәлел жоқ. 

Осыдан кейін 2024 жылдың 25 шілдесінде округ әкімінің шешімімен 1 134,1 мың теңгенің құрал-жабдықтарын есептен шығару актісі жасақталған. Осылайша, облыс әкімі аппараты басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлының жауабында көрсетілгендей, Бюджет кодексі мен «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның нормалары бұзылған, мүлік тиімсіз пайдаланылған.

Бұдан бөлек, 2024 жылдың 11 шілдесінде трактор тозығы жету

іне байланысты электрондық аукцион арқылы сатуға қойылған. «Форсе-Трейдинг» ЖШС жеңімпаз деп танылып, келісім-шарт жасақталып,трактор тіркемесімен тапсырылған.

Сәрсембаев "Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптарына сүйеніп, «бұл әрекет мемлекеттік мүлікті уақытынан бұрын және негізсіз есептен шығару болып саналады» дейді.

Ол 2024 жылғы 5 қыркүйекте аудан әкімінің зерделеу комиссиясы тракторға алынған қосалқы бөлшектер сол күйінде арнайы кілт салынған орында сақталғанын айтады. Ал биыл ақпанда жүргізілген аудит бұл қосалқы бөлшектің 2024 жылдың 25 шілдесінде есептен шығарылғанын көрсетеді. Ал одан бұрын 17 шілдеде ол әкім есеп беру жиынында осы мәселені көтерген. Бір аптадан соң есептен шығару жөнінде акт жасалған.

Сондай-ақ округ теңгеріміндегі 6 тұрғын үйдің 4 тұрғын үй - қызметтік баспана. Ал 2 тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп балалы отбасыларға уақытша тұруға арналған. Аудит кезінде аталған үш қызметтік тұрғынжай мақсатына сай пайдаланылмай отырғандығы анықталған. Баспаналар көпбалалы және жалғызбасты аналарға берілген. 

Жергілікті тқрғын Төремұрат: «көпбалалы ана деп көрсеткендердің бірі тіпті ол санатқа да жатпайды. Ауылда көбі біледі бұл туралы» дейді. Аудан әкімдігі "бұл деректі қарап жатырмыз" деп жауап берді.

Бөкейхан ауылдық округі тұрғындары ауа райының қолайсыз мезгілдерінде және аудан әкімінің тұрғындармен кездесулері кезінде округ аумағындағы ескі трансформаторлардың қуаты жеткіліксіз болуына байланысты электр энергиясының жиі ажырауына шағымданған. Осыдан кейін Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Төреғалиевтің бастамасымен 2024 жылы әлеуметтік сала нысандарын күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындау бойынша Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына үш трансформатор сатып алынған. Оның біреуін әкім үйінің қасына орналастырады.

Ақылбек Сәрсембаев «әкім халық ақшасына 450 үйге арналған қуаты 250 кВА болатын 3 трансформатор сатып алды, бірақ олардың біреуі ауылдан 700 метр қашықтықта кеңейту перспективасы жоқ 9 үй орналасқан өз үйінің жанына орнатқан» дейді. Оның сөзінше, ауылда шамадан тыс жүктелген 55 жылдан бері істеп келе жатқан трансформаторлар әрқайсысы 100 үйді электрмен қамтиды. 

- Бір жыл бұрын әкім өз үйіне жаңа электр желісін жүргізді, бірақ қазір оны ажыратып, тіректер бос тұр. Бюджет ақшасы ысырап болады. Ол жерде расширение жоқ, үй салынбайды. Трансофоматор кем дегенде 60 пайыз қуаттылықпен істемесе, минусқа кетеді, шығын ол. Потеря мощности. Оның шығынын әкімдік төлейді. Бұл шығын демей не? - дейді ол. 

Айтпақшы, жаңа трансформаторлар 6 қаңтарда іске қосылған.  

Атырау облысы әкімдігіне жолдаған ресми сауалымызда былтыр сатып алынған үш трансформатордың біреуін ауылдан 700 метр алыс жерден – ауыл әкімі өз үйінің жанынан қондырғаны туралы сұрадық. Әрқайсысы 100 үйді электр энергиясымен қамтитын қуат күші бар бір трансформаторға жақын 9 үй орналасқанын және тұрғындардың «трансформатор толық қуатымен істемегесін, бюджетке шығын келіп жатыр» деген алаңын да жеткіздік.    

Ресми сауалымызға Бисембиев былай деп жауап берген: «Аталған трансформатор «Атырау Жарық» АҚ тарапынан 2024 жылғы 19 шілдеде берілген №27-5013 техникалық шарт негізінде Бөкейхан ауылы, Сәтпаев көшесі №1 үй маңына орнатылған. Қазіргі таңда ол 37 тұрғын үйді, 2 кәсіпкерлік нысанды және көше жарығын электрмен қамтамасыз етіп тұр.

Барлығы 3 трансформаторды орнату жұмыстарына облыстық бюджеттен 16 563 000 теңге бөлінді. Жеткізуші – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, келісімшарт 2024 жылғы 7 маусымда жасалды, қазіргі таңда Бөкейхан ауылында электр энергиясына байланысты мәселе жоқ».

Айнұр САПАРОВА

25 сәуір, 13:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.